Балаларды қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеуіміз керек - балабақша меңгерушісі

26 Тамыз, 18:00 981

Бүгінгі таңда әлемдегі экологиялық жағдай адам көзқарасының өзгеруін және соған қарай әрекет етуді талап етеді. Өсіп келе жатқан жас ұрпақтың, яғни мектеп жасына дейінгі балалардың экологиялық мәдениеті, сана-сезімі қалыптасуы керек. Келешекте әр балада табиғат заңдылықтары бойынша өз түсінігі болғаны дұрыс. Экологиялық тәрбие мен саналы білім беру – қазіргі таңдағы айқын бағыттардың бірі. Осы ретте ҚР Президенті Іс басқармасы медициналық орталығының №2 «Қарлығаш» балабақшасының меңгерушісі Индира Жолданбаевамен сұхбаттасып, маңызды сауалдарға жауап алдық.

Балабақшада экологиялық мәдениет қалыптастыру

Индира Жолданбаеваның сөзінше, экологиялық мәдениетті қалыптастыру балада неғұрлым ертерек басталса, соғұрлым оның болашағы зор болады.

Баланың сәби кезінен экологиялық мәдениет қалыптастыру – осы мәселелердің шешілу жолдарының бірі болып саналады. Мектепке дейінгі ұйымдарда мектеп жасына дейінгі балаларға экологиялық тәрбие берудің басты міндеті – балаларды өзі тұратын мекеннің табиғатының әсемдігін көріп, түсіне білуге, оған табиғатқа қамқорлық пен жанашырлық танытуға үйрету, - деді ол.

Балабақша меңгерушісінің айтуынша, біз балаларды табиғатты пайдаланып қана қоймай, оған қамқор болуға, оны күтіп аялауға баулуымыз қажет. Осы орайда, алдымызға мынадай міндеттер қоямыз:

– өсімдіктерді күтіп-баптау, жануарларға қамқорлық таныту дағдыларын қалыптастыру;

– қоршаған ортадан алған әсерлерін жеткізе білу, эмоциялық көңіл-күйлерін басқара білу дағдыларын жетілдіру.

– қоршаған ортаны құрметтеп, табиғатқа қамқорлық жасай білуді жүйелі түрде жүзеге асыру;

–  бала табиғаттың бір бөлшегі екенін түсіндіру;

– адамның табиғаттағы тіршілік әрекеті және жеке гигиена жайында ақпаратты жас ерекешліктерін ескере отырып, жеткізу.

Балалардың табиғатқа деген қызығушылығын арттыру жолдары

Экологиялық тәрбие беру жұмысын ұйымдастырудың түрлері бар. Оған бақылау, тамашалау, серуендеу жатады. Балабақша педагогтерінің табиғатқа саяхат жасап, серуенде бақылау ұйымдастыруы, балаларды табиғатпен таныстырудың бір жұмысы болып есептеледі.

Табиғатты тамашалау кезінде балалардың таза ауада, көз тартар әдемі гүлдер мен ағаштар арасында болуы көтеріңкі көңіл-күймен катар табиғат сұлулығын сезіне білуіне зор әсер ететіні белгілі. Ал серуен кезінде тәрбиеші балаларды табиғатпен таныстырып, өсімдіктерге су құю, құрғақ жапырақтарды бірге жинау, ағаш түптерін тазалау сияқты тағы да басқа қарапайым еңбек түрлерін ұйымдастыру балалардың еңбекке деген жауапкершілік сезімін дамытып, ынтасын арттырады. Экологиялық тәрбие жұмысын ұйымдастыруда тәрбиенің негізгі салалары болып табылатын адамгершілік, еңбек, құндылық тәрбиелерімен сабақтаса жүргізу басшылыққа алынады, - дейді Индира Жолданбаева.

Фото: ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты «Қарлығаш» балабақшасының қорынан

Сонымен қатар балабақша меңгерушісі балаларға Үлгілік оқу бағдарламасының мазмұнында берілген өлі және тірі табиғатпен таныстырып, табиғат құбылыстары жайында алғашқы түсініктерді қалыптастыру ұсынылатынын айтты. Атап айтқанда, жыл мезгілдерінің ерекшелігіне орай күзгі табиғат құбылысы (жаңбырдың жаууы, адамдардың қысқа дайындық іс-әрекеті, ауладағы жапырақтарды жинау, жылы жаққа ұшатын құстарды бақылау және т.б.). Қыстап қалған құстарға қамқорлық, табиғат бұрышындағы құстар мен өсімдіктерді күту, балыққа жем беру. Ерте көктемде ұшып келетін құстарға үлкендер көмегімен дайындалған ұяларға жем шашу, ауладағы гүл, көкөніс өсімдіктерін өсіруге жәрдем беру. Бүршік жарған ағаш бұтақтарын (бұтақ, бүршік, өсімдік) және тағы да басқаларын мағынасына сай түсіндіру қажет.

Бұл әр баланың танымдық, әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын, ұжымдық бірлігін арттыруда, балалардың ойлау тұтастығын, яғни табиғатты қорғау көзқарасын дамыту үшін, жыл мезгіліне сай мақсат-міндеті айқындалған экологиялық тәрбие жұмысы оқу жылының өн бойында жүргізіліп отырады, - дейді Индира Жолданбаева.

Оның сөзінше, экологиялық тәрбие берудің басты мақсаты бала бойында азаматтың барын, білім, көзқарас пен сенім жүйесін орнықтыру болып табылады. Бұл қоршаған ортамен қарым-қатынаста тәрбиелік, ұқыптылық ережелерін орындау, табиғатты аялап, оған қамқорлық таныту қабілетін дамытуға негізделеді.

Балаларды мектепке дайындауда экологиялық тәрбие жұмысы мынадай міндеттердің негізінде жүзеге асырылады:

- балаларды өсімдіктер мен жануарларды күтіп-баптауға баулу, олардың бойында қабілет пен икемділікті орнықтыру;

- табиғаттың сан алуан сырлары мен байлықтары жөнінде эстетикалық және ұлт жандылық сезімдерін дамыту;

- табиғатта барлық нәрсенің бір-бірімен өзара байланыста болатынын түсіндіру және оған байланысты күнделікті өмірде ескеру қажеттігін үйретіп отыру;

- балабақшада табиғат жөнінде қарапайым білім бере отырып, осының негізінде тірі және өлі табиғаттағы құбылыстар жөнінде жалпылама және нақты түсініктерді меңгерту.

Экологиялық бағыт бойынша қандай жұмыс түрлері жүргізеді

Мектепке дейінгі ұйымдарда педагогтер балалармен жаңа күнтізбе, тамақтану пирамидасы, массажды жолдар, қимылды ойындарға арналған орамалдар, табиғат панносы, көңілді күн, сонымен қатар гүлдер мен көбелектер ойынын тиімді қолдануда. Индира Жолданбаева осының ішінде балалар күнтізбесіне тоқталды.

Оның тиімділігі балалар қазіргі таңда жыл мезгілдерімен ондағы ай аттарын, апта күндерін, ауа-райын еркін белгілеп, жыл мезгілдерінің өзгерістері мен құбылыстарын меңгертуге септігін тигізуде. Жыл бойы балалармен, ата-аналармен бірлесіп «Қоқысты бөлуді үйренеміз», «Терезенің алдыңдағы бақша», «Қараңдаршы, не өседі біздің көңілді бақшада!», «Кораптың екінші өмірі» экологиялық жобалар, «Табиғатты сақтайық!», «Экологиялық десант», ағаш отырғызу акцияларын ұйымдастырамыз, - деді балабақша меңгерушісі.  

Фото: ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты «Қарлығаш» балабақшасының қорынан

Қорытындылай келе, кейіпкеріміз мектеп жасына дейінгі балаларға өз табиғатымызды сақтап, оның әсемдігімен таныстыра отыра, өзіміздің өмір сүруімізге зор әсер ететіндігін, табиғат пен адам тығыз байланыста екендігін, бір-бірінсіз тіршілік болмайтынын, қоршаған ортаға деген қызығушылықтарын арттыруға, қамқор болып, қорғауға тәрбиелеуіміз керек екенін айтты. Сонда ғана табиғаттың ауасы таза, берер құдіреті көп болады.

Табиғат – адам үшін жайлы мекен, барлық игіліктің бастауы. Адамзаттың басты міндеті табиғи қуат көздерін орнымен пайдалану, табиғат әсемдігін сақтау, қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүру, мейірімділік нұрын шашу екенін ұмытпайық! «Адам табиғатқа тәуелді болса, табиғат та оған тәуелді», демекші барша байлықтың анасы – Жер. Жерді күтіп баптай білу, оның қойнауынан қазба байлықтарын игере ала білу, табиғат пен қоршаған ортаны түлетіп гүлдендіре беру өз қолымызда, - деп сөзін аяқтады Индира Жолданбаева.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: