Балаларды кибербуллингтен қалай қорғаймыз

24 Қазан 2022, 01:54 5028

Жалпы адамды ренжітетін, көңіліне қаяу түсіретін сөздерді бетпе-бет айту оңай емес

Қазіргі таңда түрлі цифрлы гаджеттер балаларға ерте жастан қолжетімді болып отыр. Салыстырмалы түрде, олар смартфонның «құлағында» ойнайды. Жаһанды жайлаған пандемияның салдарынан мектептің, басқа да қызмет көрсету орталықтары жұмысының онлайнға ауыстырылуы телефон мен интернетті пайдаланатын балалар санын одан сайын арттыра түсті. Сөйтіп балалар бұрын оффлайнда сөйлесіп, бірге ойнаған болса, кейін мұның бәрі онлайнға көшті. Дегенмен оның қаупі де жоқ емес, балалар интернетте көптеп буллингке ұшырай бастады.

Статистикаға сүйенсек, әлемде 13-15 жас аралығындағы 150 миллионға жуық бала немесе оқушылардың жартысы құрбы-құрдастары тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырағанын хабарлаған. Әрбір он баланың бірі мұндай зорлық-зомбылықты күнделікті немесе апта сайын көретінін айтқан. Ал Қазақстанға келсек, елімізде өткен жылы 2020 жылмен салыстырғанда, кибербуллингке ұшырағандар саны екі есеге артқан. Мәселен, 2020 жылы 70 мыңға жуық факті тіркелсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 140 мыңнан асып жығылған. Содан болар, биыл ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолданыстағы заңнамаға балаларды қорқытудан, оның ішінде әлеуметтік желілерден қорғауға бағытталған заңға түзетулер енгізуге қол қойған болатын. Десе де, бұл тақырып әлі де өзекті. Сондықтан да балаларды әлеуметтік желідегі буллингтен қалай қорғау керек, ата-ана мен ұстаздары нені ескеру керек, кибербуллингке ұшыраған балаларды қалай ажыратамыз деген сауалдарға жауап алу үшін педагог-психолог Райгүл Сайлаубаевамен сұхбаттасуды жөн санадық.

- Жыл өткен сайын интернет пайдаланатын ересектер мен балалар саны артып келеді. Осыған байланысты олардың онлайн кибербуллингке ұшырау қаупі де артып отыр. Жалпы, кибербуллинг дегеніміз не? Оған қандай адамдар, балалар ұшырайды? Осы туралы аз-кем айтып өтсеңіз...

- Қазір әлем өзгеріп жатыр, сондықтан жас жеткіншектерді тәрбилеуде осыған дейін пайдаланылып келген классикалық әдістер жарамайды. Технологияның дамыған заманында жастарды, әсересе балаларды ақпаратпен қамтамасыз ету кезінде сүзгіден өткізу керек. Қазір «кибербуллинг» термині көп қолданылып жүр. Оған тек балалар ғана емес, кез-келген адамның ұшырау қаупі жоғары болып отыр. Оған қысқаша тоқтала кетсек, кибербуллинг дегеніміз – ғаламтор желісінде біреуді қорқыту, кемсіту, ар-намысына тию. Егер ересектердің болсын, баланың болсын әлеуметтік желідегі жеке парақшаларына өзін қорлайтын бейнероликтер, жалған айыптаулар келіп жатса, сонымен бірге оның атынан жалған аккантар құрып, ескі суреттерін салып, ар-намысына тисе, онда бұл – кибербуллингке ұшырағанының белгісі. Сондықтан осындай жайттар орын алған жағдайда, үнсіз қалмай, қорықпай айтып, шешу жолдарын қарастыру қажет.

Жалпы адамды ренжітетін, көңіліне қаяу түсіретін сөздерді бетпе-бет айту оңай емес. Ал керісінше, онлайнда отырып, қалаған дүниеңді айту, ренжіту айтарлықтай қиын жұмыс емес. Ішіндегі барлық жаман нәрсені ақтарып салу оңай. Одан соң ол адамды бетпе-бет көрмегеннен кейін, оның жанынның ауырғанын да көпшілік түсіне бермейді. Өзі ашуланып отырып, оны біреуден алуы мүмкін. Сөйтіп ішкі бір күйзелістерінен арылып, жеңілдеп қалғандай сезінуі мүмкін. Сонымен бірге кибербуллинг қасақана да жасалады. Яғни адамдардың мақсатты түрде бір адамды қаралауы, егер сіз оны бөліссеңіз, сіз де ол адамның кибербуллингке ұшырауына үлес қосқан боласыз. Оның арты жақсы болмайды, ол адамды психологиялық күйзеліске түсіреді. Сондықтан өзі бақытсыз адам, өзінің жан дүниесі тыныш емес адам басқалардың тыныштығын бұзады. Міне, осындай адамдардың буллингке, кибербуллинг жасау ықтималдығы жоғары.

- Интернетте қысым көрген, кибербуллингке ұшыраған балалардың қандай айрықша белгілері болады?

- Қысым көріп, кибербуллингке ұшыраған балалардың мінез-құлқы, іс-әрекеті өзгере бастайды. Мәселен, ашық-жарқын, ақкөңіл, барлық адаммен тіл табыса алатын бала болса, ол тұйықталып, жабылып қалады. Телфонын көрсеткісі келмей, тығып, құпиясөзін өзгертіп, ашылып сөлеспесе, онда алаңдау керек.  Сонымен бірге бала бұрынғысынан көбірек ақша сұрай бастаса да ата-ана оған назар аударып, себебін білуге талпынуы қажет. Бұдан бөлек ылғи күдіктеніп, қорқақсоқтап, бөлмесінен шықпай, тіпті мектепке де барғысы келмеуі мүмкін. Сондықтан ата-ана не мектептегі ұстаздары осындай өзгерістерді байқаған кезде, бірден назар аударып, дереу баламен жұмыс істеуді қолға алуы тиіс. Осылайша, оның себеп-салдарына үңіліп, анықтау керек. 

- Осы тұста ата-аналар қандай дүниелерге баса мән беріп, қандай сақтық шараларын білуі тиіс? Баласының мінезі өзгергенін, телефонын жиі жасыра бастағанын көрген кезде баласымен қалай сөйлесуі керек? Толығырақ айтып өтіңізші...

- Жалпы баланың бойынан бір үрейлену, қорқу секілді іс-әрекеттерді байқасаңыз, оған ұрыса кетпей, керісінше, оны анықтау үшін баламен жақын сөйлесу керек. Себебі бірден дауыс көтеріп, ұрыса жөнелсеңіз, ол жабылып, сізге шын мәнінде болып жатқан жайттар туралы жақ ашпай қалуы мүмкін. Сондықтан онымен сөйлесу барысында да оны қолдайтыныңызды барынша көрсеткен жөн. Сонда бала да сізге сенім артып, ашыла бастайды. Ал бала мәселесін сізге ашық айтқан кезде, оны бас салып, кінәлап, шу шығарудың тіптен қажеті шамалы. Егер ол кибербуллингке ұшарағанын түсінсеңіз, өзіңіз бұл мәселені шешуге көмектесе алмасңыз, міндетті түрде арнайы маманға жүгіну керек.

Сонымен қоса интернетті қоланбас үшін телефонын да бірден тартып алмаған жөн. Мұндай жағдайда бала ата-анысынан көңілі қалып, жабылып қалу ықтималдығы жоғары екенін есте ұстаған абзал. Біріншіден, ол хабарламаны қайдан, кімнен келгенін зерттеп, зерделеп барып, іс-әрекетке көшу керек. Өз ата-анасынан қолдау тапқан бала, барлық проблемасымен оңай бөліседі, оны шешуге бірге атсалысады. Мейірімге неғұрлым көбірек бөленген баланың ата-анасына деген сенімі арта бастайды.

- Қазір балалар үйде қанша уақыт өткізсе, мектепте де сонша уақытын өткізеді. Сондықтан бала тәрбиесіне, олардың қауіпсіздігіне мұғалімдері де жауапты. Сонда ұстаздар нені ескеруі керек? Олар үшін арнайы нұсқаулықтар бар ма? Олар оқушылар арасынан кибербуллингке ұшыраған баланы байқаған кезде қандай шаралар қолдануы тиіс?

- Негізі мектептерде ұстаздарға арналған арнайы нұсқаулықтар бар. Онымен пән мұғалімдері де, сынып жетекшілері де таныс. Оның мазмұнына тоқталатын болсақ, егер мұғалім баланың мінез-құлқындағы бір өзгерісті байқаған болса, онда оқушыны мұқият бақылауға алуы керек. Баланың кибербуллингке, жоғары сынып оқушыларынан әлімжеттік көріп не болмаса бопсалауға ұшырағанын байқаса, дереу мектеп әкімшілігіне және ата-анасына хабарлауы тиіс. Сонымен бірге мектептерде арнайы мамандар да бар, атап айтсақ психолог-педагог мамандар жұмыс істейді. Олар да баламен сөйлесіп, психологиялық қолдау жұмыстарын жүргізуі қажет. Сөйтіп, жағдайдан баланы құтқарудың жолын іздестіреді. Ал егер де жағдай ушығып, мектептегі мамандардың шамасы жетпей жатса, онда кибербуллингке тап болған балалармен жұмыс істейтін арнайы мекемелерге, мамандарға жүгінген дұрыс. Кейбір жағдайда тіпті құқық қорғау мекемелерімен бірлесе отырып, жұмыстану қажет болады. Өйткені бала ересек адам емес, ол болған жағдайды тым жақын қабылдауы да мүмкін, сондықтан оның қауіпсіздігін бірінші орынға қою керек.

Бұдан бөлек айтып өту керек, ата-ана мен мектептегі ұстаздары балаларға интернетті пайдалану нұсқаулықтарын көрсетуі керек. Яғни олардың онда не көріп, не тыңдап отырғанын бақылауда ұстап, қажет болса, бағыт-бағдар берген дұрыс. Мәселен, интернетті пайдалануға белгілі бір уақытқа шектеу қоюға да болады, күніне 30 минут не бір сағат дегендей. Ойындарды да ата-ананың рұқсатымен орнату, сонымен бірге балаларға пайдалы болатын платформалар жөнінде кеңес беру деген секілді қолдау әрекететтеріне қолға алуға мән берген дұрыс. Желіде бейтаныс адамдармен таныспау, олармен байланыспау, кез-келген ойынды көшіріп алмау секілді дүниелерді үнемі айтып, баланы ұшырап қалуы мүмкін қауіптерден алдын ала қорғау керек.

Сондай-ақ өзінің және ата-анасының жеке деректерін, банк картасының нөмірін ешкімге бермеу керек екені де баса айтылуы тиіс. Тек «болмайды» деп қысқа қайырмай, неге болмайтынын, оның себебі мен салдарын түсіндіру қажет. Мекенжайы мен телефон нөмірлерін де ешқайда жарияламау керегін де ескерту керек. Сондай-ақ алдын алу үшін баланың сабақтан кейінгі уақытын бос өткізбеуін қадағалап, оған жоспар жасау керек. Яғни баланың қызығушылығына байланысты үйірмелерге жазып, оны жеке тұлға ретінде дамуына септігін тигізетін қосымша сабақтарға қатысуын ұйымдастырған жөн. Мұның бәрі қарапайым болып көрінуі мүмкін, алайда бұл өте маңызды.

- Балалар мен жасөспірімдердің интернет желісінде аз отыруы үшін, әрі уақытын пайдалы өткізуі үшін қандай кеңес айтар едіңіз? Мәселен, уақытын тиімді пайдалану үшін қандай шаралар қажет?

- Жалпы балаға интернеттен келетін қауіптің барын, оның түрлерін айтып, көрсетіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отыру қажет. Желіде болсын, көшеде не қоғамдық орындарда бейтаныс адамдармен байланыс жасаудың қауіпті екенін жеткізу керек оларға. Тіпті желінің артында досы болып сөйлескен адамның досы болмай шығуы мүмкін екенін де баса айтқан дұрыс. Сонымен бірге баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін соңғы технологияның артықшылықтары мен мүмкіндіктерін пайдаланған жөн. Мәселен, JPS навигаторлары арқылы баланың мектепке қашан жеткенін, қай жерде келе жатқанын, қайда жүргенін біліп отыруға болады. Тіпті қазір баланың интернетте қандай контентті пайдаланатынын қадағалайтын да бағдарламалар енгізіп қоюға болады. Сонымен бірге интернетті, телефонды пайдалану уақытын да белгілеп қоюға мүмкіндік бар. Міне, қазіргі технологияның мүмкіндіктерін осылайша пайдаланып, баланың тек дамуына септігін тигізетін нәрселерді көруге, оқуға, айналысуына жағдай жасау керек. Сонда оның келеңсіз жағдайларға тап болу ықтималдығы азайып, кері әсер беретін дүниелермен айналысуға мүмкіндігі де болмайды. Сондықтан да ата-ана баласының немен айналысып, не істеп жүргеніне қатты назар аударуы тиіс.

- Балаларды интернет арқылы қорқытып, қоқан-лоқы көрсеткені үшін адамды жауапкершілікке тартуға бола ма? Оған қандай жаза қарастырылған?

- Осы кибербуллингпен күресу үшін биыл көктемде мемлекет басшысы арнайы заң қабылдады. Интернет желісінде адамдардың, әсіресе балалардың көптеп кибербуллингке тап болғанын жолдауларында да атап көрсетіп, заңға өзгеріс енгізу керегін, сондай-ақ қорғау шараларын күшейту қажеттігін айтқан болатын. Осыған байланысты «буллинг», «кибербуллинг» ұғымдарына анықтама беріліп, заңға енгізілді. Бұл бастамасы ғана деп ойлаймын. Сонымен қоса балаларға қатысты кибербуллинг жасаған адамдардың жазаланытыны білім, бала құқықтары туралы заңдарда да анық айтылады. Сондықтан да қазіргі таңда балаларды буллингтен, кибербуллингтен қорғау шараларын жүргізу қолға алынып жатыр. Дегенмен, жоғарыда атап өткенімдей, ата мен ұстаз баланы  қадағалауы тиіс.

Сұхбатыңызға рақмет!

Назерке Мұратқызы
Бөлісу: