Балалардың құқығы: қылмыс пен қатыгездік

1 Маусым 2018, 09:08 17346

Жылына қанша бала қатыгездік құрбанына айналады?

Біраз уақыт бұрын ЮНИСЕФ зорлық пен қатыгездіктің құрбаны болған балалар туралы деректер келтірілген «Таныс бейне: балалар мен жеткіншектерге қатысты зорлық» атты есеп мақаласын жариялаған еді.  Зерттеу жұмысына Қазақстан да қатысты. Әлемдік деңгейде ұсынылған  есептегі балаларға қатысты мәліметтер еріксіз үрей туғызады.

Әлем елдерінде

ЮНИСЕФ ұсынған дерекке сенсек, 2 мен 4 жас аралығындағы балалардың төрттен үш бөлігі, яғни 300 миллионға жуық бала – үйде физикалық жазалау немесе психологиялық басқыншылықты бастан өткізеді.

Мысал ретінде 30 ел таңдалса, 1 жастағы он шақты баланың баланың алтауы қалыпты түрде зорлық көріп, бір жастағы сәбилердің ширегі жазаға тартылады, қарапайым тілмен айтқанда он баланың кем дегенде біреуін ұрады.

Бес жасқа дейінгі 4 баланың біреуі (177 млн. бала) анасымен бірге тұратын серіктері тарапынан қатыгездікке тап болады. Бұл жерде қыздар мен ұлдарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық сөз болып отыр.

15-19 жастағы 15 миллионға жуық бойжеткен қыз бала мәжбүрлі жыныстық қатынасқа барады.

Қазақстанда:

Бір жастағы сәбилердің төрттен бірі қатыгез тәрбиенің құрбаны болады. 2 мен 4 жас аралығындағы бүлдіршіндердің 50% тұрмыстық зорлық көрсе, 5 пен 9 жастағылар – 58% отбасылық қатыгездіктен зардап шегеді. Бұл көбінесе ата-ана және қамқоршылық тарапынан болатын зорлық. Сондай-ақ қатыгездіктің ұрпақтан ұрпаққа берілу үрдісі де көрініс тауып отыр.

Қазақстандағы оқушылардың жартысынан көбі (66,2) мектепте қатыгездікке тап болады.

Дереккөз: ЮНИСЕФ-тің «Таныс бейне: балалар мен жеткіншектерге қатысты зорлық» баяндамасынан баспасөз хабарламасы. 

Қазақстандағы балалар арасындағы қылмыс

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті ұсынған мәліметке сенсек, 2011-2016 жылдар аралығында балаларға қатысты қылмыстық көрсеткіш айтарлықтай азайған. Мәселен, 2011 жылдан бері салыстырмалы түрде алсақ қылмыстың саны 70,7%-ға қысқарған. Қылмыстың құрбаны болған балалардың саны 69,7%-ға азайса, 100 мың балаға шаққанда зардап шеккен балалардың саны 5 жылда 3,7 есе түскен.

Бұрынғы социалистік лагерьлері бар елдермен салыстырғанда Қазақстан орташа позиция ұстанады. Қазақстан 2014 жылы 2011 жылмен салыстырғанда 10-орыннан 8-орынға шықты.

Балаларға қатысты қылмыс көрсеткіші

  2011 2012 2013 2014
Армения 36 42 52 42
Әзірбайжан 28 23 22 23
Беларусь 453 344 383 397
Чех Республикасы 246 209 204 187
Венгрия 1 006 935 1 096 752
Казақстан 185 181 180 139
Қырғызстан 62 65 50 43
Латвия 2012 106 142 179
Литва 572 573 565 466
Ресей 341 317 310 310
Тәжікстан 15 17 17 10
Украина 181 133 134 94

Дереккөз: «Қазақстан балалары», ҰЭМ СК, ЮНИСЕФ. БП ҚСАЕК мәліметтерінен алынды.

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ұсынған «2017 жылғы Қазақстан Республикасындағы балалардың жағдайы туралы» баяндамада 2016 жылғы көрсеткіш бойынша балаларға қатысты қылмыс санының ең көбі және жәбір көргендердің ең көбі ОҚО, Алматы, ШҚО, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар облыстарында және Алматы қаласында тіркелген.

Облыстар бойынша 2016 жылы балаларға жасалған қылмыс көрсеткіші

  Балаларға қатысты қылмыстың саны Жәбір көрген балалардың саны
Ақмола 80 85
Ақтөбе 105 108
Алматы 239 257
Атырау 57 58
Шығыс Қазақстан 226 234
Жамбыл 219 222
Батыс Қазақстан 91 99
Қарағанды 272 277
Қостанай 123 131
Қызылорда 51 59
Маңғыстау 84 90
Павлодар 224 228
Солтүстік Қазақстан 53 60
Оңтүстік Қазақстан 387 403
Алматы 228 229
Астана 118 120
Транспортты өңірлер, ГВП, 21-С 48 48
Барлығы 2605 2708

 

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет берген деректерге сенсек, 2017 жылдың 9 айында қылмыстық тексеру органдары кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған 1568 қылмысты тіркеген. Бұл көрсеткіш кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың саны 21,5%-ға төмендегенін көрсетіп отыр. 2017 жылғы 9 ай бойынша ұсынылған мәліметте  қылмыстық құқық бұзушылықтың құрбаны болған балалардың саны 1655 түссе, жәбір көргендердің саны 17,8%-ға қысқарған.

Кәмелетке толмаған балалар арасында құрбан болғандарға қатысты қылмыс түрлерінің ішінде «өлтіру» бабы бойынша 100%-ға, «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша 37,9%-ға, «зорлау» бойынша 33%-ға, «сексуалдық сипаттағы зорлау әрекеттері» бойынша 30,1%-ға өскені тіркелген. «Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу» 38,2%-ға, «16 жасқа толмаған тұлғалармен жыныстық қатынас және басқа да жыныстық сипаттағы іс-әрекеттер» 44,9%-ға, «адам ұрлау» 55,6%- ға азайғаны белгілі болып отыр.

Осы жылдар аралығында Павлодар, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында құқық бұзушылықтардың төмендегені тіркеліпті. Керісінше Қостанай облысында қылмыскерлердің қолынан жәбір көрген балалардың саны 29,4%-ға өскені байқалған.

Суицидтің құрбаны болған балалар

Балалардың құқықтарын қорғау комиететі ұсынған «2016 жылы Қазақстан Республикасында балалардың жағдайы туралы» баяндаманың қорытындысы жеткіншектердің өмірден өз еріктерімен кетуі болып белгілен еді. Соңғы жылдары елімізде балалардың арасында өзіне-өзі қол жұмсау едәуір азайса да, алаңдаушылық тудыратындай жағдай сақталып отыр. Осыған байланысты бұл суицид проблемасы барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың бақылауына алынды.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет жариялаған мәлеметке сүйенсек,  2011-2016 жылдар аралығында барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың тарапынан өткізілген іс-шаралардың арқасында суицид пен  суицидтік әрекетке талпыну жағдайы біршама азайған. 2011 жылмен салыстырғанда суицид саны 31,9%-ға, суицидтік әрекетке талпыну 30,5%-ға азайған.

2016 жылға қорытынды жасайтын болсақ, суицидтік әрекеттің жоғары деңгейі Батыс Қазақстанда мектеп жасындағы балалар мен оқушылар арасында тіркелген. Мәселен, жастар арасындағы 100 мың балаға шаққанда - 11,7 жағдай тіркелсе, Ақтөбеде – 8,3 әрекет, сондай-ақ Солтүстік және Шығыс Қазақстанда байқалады.

Ал, 2017 жылды алар болсақ, 9 айдың ішінде 129 суицид пен 294 суицидке талпыну фактісі тіркелген. 2016 жылғы 9 айдың көрсеткіші 140 суицид фактісі мен 316 суицидке талпыну жағдайы тіркелгенін көрсеткен. Егер 2016 жыл мен 2017 жылды салыстыратын болсақ, суицид фактісі 7,8%-ға, ал суицидке талпыну 6,9%-ға төмендеген.

Суицидтік мінез-құлықтың өңіраралық көрсеткіші Павлодар, Қостанай, Ақмола облыстарында ұлғайған. Ал, суицидке талпыну Батыс Қазақстан, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарында күшейген.

Мамандардың зерттеуінше, суицид жасаушы балалардың құрамында 15-17 жастағы топтар басым түседі. Осы жастағы жеткіншектер арасында 111 суицид фактісі тіркелсе, 63,4% деген сөз. Мамандар ұсынған ресми деректерге назар салсақ, суицидке итермелейтін себептің 4,5% жалғыздық пен шеттетушіліктен болса, 2,2% отбасындағы жанжалдан болатыны белгілі болған. Сондай-ақ психолог мамандар көп жағдайда жақындарын жоғалту, қорқыныш, тұрғын-үй жағдайының қолайсыздығы жасөспірімдерді суицидке итермелейді деген пікірде. Өкінішке қарай суицидке себеп болатын жағдайдың 53% белгісіз күйде қалып отыр.

Ерте жастағы неке

2017 жылы маусым айында жарық көрген Дүниежүзілік банк пен Әйелдердің проблемаларын зерттеу халықаралық қорының (ICRW) мәліметтері бойынша жыл сайын әлемде кемінде 15 миллион баланың некесі тіркеледі. Соңғы 30 жылда көптеген елдерде ерте жастағы некенің саны азая түссе де, әлемнің 25 елінде жағдай сол күйі қалып отыр. Яғни, қыз балалардың кемінде үштен бірі ерте тұрмыс құрып, олардың 20% бірінші баласын 18 жасқа дейін дүниеге әкелетіні байқалған.

2013 жылы Біріккен ұлттар ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесі балалар арасындағы, ерте жастағы неке мен мәжбүрлі некеге қарсы өзінің бірінші қарарын қабылдады. Бұл құжатта ерте жастағы неке адам құқығын бұзу деп танылса, жаһандық дамудың тәртібіне 2015 жылдан кейін осындай практиканы түбегейлі жою енгізілген. 2014 жылы БҰҰ комиссиясы әйелдердің қалауы бойынша арнайы құжат тағайындап, балалар арасындағы некені жою туралы ереже белгілеген.

Қазақстанда қалай?

Қазақстанда некеге тұру үшін міндетті түрде жасыңыз 18-ге толған болуы тиіс. Бұл «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексінің 10-бабында тайға таңба басқандай жазылған. Кодекстің 10-бабының 2-тармағында неке (ерлі-зайыптылық) жасын екі жылдан аспайтын мерзімге төмендету мүмкіндігі қарастырылған. Осылайша, заңнама 16 жасқа толған азаматтардың некеге тұру мүмкіндігіне жол беріп отыр.

Қандай жағдайда некелік жас төмендеуі мүмкін?

Оған екі себеп бар: әйелдің жүктілігі мен ортақ баланың өмірге келуі. Әділет министрлігі ұсынған деректерге сүйенсек, 2017 жылғы 9 айда 786 ерте жастағы неке (16-17 жас) тіркелсе, 2016 жылы 1 140 жұптың некесі тіркеліпті.

 

Қазір кәмелетке толмаған қыздар арасында ресми тіркелмеген некенің өсуі алаңдаушылық туғызады. Яғни жұптар тек мешітке барып, «неке қию» рәсімін ғана жасатумен шектеледі. Өкінішке қарай, мұндай некенің нешеуі келісім бойынша, нешеуі мәжбүрлі түрде болғаны жөнінде нақты статистика жоқ. Біз тек қоғамда кең таралған фактілерге ғана сүйене аламыз. Мамандар поблеманың бар екенін және күн өткен сайын өсіп келе жатқанын, әсіресе қоғамда діншілдік мәселесінің өсуін алға тартады. Мәжбүрлеп некеге тұру, некеге тұру мақсатында адам ұрлау (қыз алып қашу) жасырын сипатта қалып отыр.

Кәмелетке толмаған қыздар арасындағы жүктілік

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тартақан дерекке сүйенсек, әлемде жыл сайын 15 пен 19 жас аралығындағы жасөспірім қыздардың 16 миллионға жуығы ерте жүктілі болып, түсік тастайды.  Ал, жастары 15 жастан кіші 2 миллион қыз ана атанады екен.

Статистика комитеті ұсынған мәліметте Қазақстанда 2016 жылы 5626 жасөспірім қыздың жүкті болғандығын растайтын факті тіркелген. Бұл көрсеткіш 2015 жылы – 5771 болса, 2016 жылы сәл ғана азайғанынын көрсетеді. Әрбір төртінші қыз (24,8%) жүктілігін түсік тастаумен тоқтатқан.

Кәмелетке толмаған қыздар арасындағы жүктіліктің жоғары көрсеткіші  Оңтүстік Қазақстан облысына тән. 2016 жылы 1191 жағдай тіркелсе, 2015 жылмен салыстырғанда 760 фактіге төмендегенін көрсетіп отыр. Ал, керісінше Қызылорда облысында жасөсіпірім қыздар арасындағы жүктілік 7,2 есеге ұлғайған. Өңірлерді салыстырар болсақ, жеткіншек жаста бала туу көрсеткіші Қызылорда тіркелген.

Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс

Құқық қорғау органдары ұсынған ресми деректерге сүйенсек, 2016 жылы кәмелетке толмаған балалар 3 343 рет құқық бұзған. Еліміздегі барлық қылмыс түрлерін алар болсақ, балалар қылмысының үлес салмағы 0,9%-ды құрайды.

Өңірлерді салыстырар болсақ, қылмыстың басым бөлігі 100 мың балаға шаққанда Қостанай облысында көп тіркелген. Мәселен, 100 мың балаға шаққанда 127,6 жағдай, Шығыс Қазақстан облысында 94,9 жағдай, БҚО-да 93,5 жағдай. Қылмыстың аз саны Қызылорда мен Маңғыстау облысында тіркелген. Ал, 2017 жылғы 9 айдағы көрсеткішті алар болсақ, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстың саны 1%-ға төмен, 23 фактіге төмендеген.

Балалардың қауіпсіздігі

Балаларға жүргізілген сауалнаманың нәтижесі балалар құрдастарының тарапынан мектепте (5,2%), көшеде (4,2%) зорлық-зомбылыққа тап болатынын көрсеткен. Балалардың 3,6% үйдегі ересектерден, 3,3% көшедегі бейтаныс ересектерден зорлық-зомбылық көретінін айтқан.

Сауалнама барысында 12 жастан асқан балалардан олар қалыпты жағдай деп нені санайтындығы сұралған. Нәтижесінде жеткіншектердің 21,6% темекі тарту қалыпты жағдай деп санаса, олардың 4,6% шылым шегетінін мойындаған. 14,3% төбелесу қалыпты жағдай деп санаса, 6,8% төбелеске қатысатынын жеткізген. 10,8% бала сыра ішу қалыпты жәйт деп ойласа, 5,9% жеткіншек одан да күштірек ішімдік ішу қалыпты жағдай деп есептейтінін айтқан. Ресми дерек бойынша 3,8%, бала сыра ішсе, масайтқыш ішімдік ішетін балалардың саны 2,7% құраған. Балалардың арасында 4,1% бала құмар ойынын ойнау қалыпты деп есептейді, алайда сол ойынды ойнайтын балалардың үлесі – 3%. Ұрлық жасау, ақша тартып алу қалыпты деп есептейтіндер – 3,7%, 2,8% бала нақты осындай іспен айналысады. 15 жастан асқан балалардың 2,9% ерте жастан жыныстық қатынасқа түсетінін айтса, бұл 5,2% респондент үшін ұят болып саналмайды.

Сауалнаманың қорытындысына мән берсек, ата-аналар жеткіншектер мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында агрессиялық әрекеттер өсіп келеді деген пікірде. Респонденттердің 25,1%-ы жеткіншектер мен жастардың арасында зорлық пен қатыгездік фактілері жиілеп кетті деп көрсеткен.  Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 24,2% балалар кальян мен шылым  шегеді деген пікірді растайды. Ал, атааналардың 19,4% жастар арасында ерте жастан жыныстық қатынасқа барады деген пікірді қуаттаса, респонтенттердің 18% ерте жүктіліктің өсіп келе жатқанын растайды.

Балалардың құқықтарының қорғалуы

Әрбір бала отбасында тұруға және тәрбиеленуге құқылы. Бұл құқық халықаралық және қазақстандық заңнамада белгіленген. Елімізде отбасы мен отбасындағы балаларды қолдау бойынша барынша іс-шаралар жүргізіледі.  Жыл сайын елімізде отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру мақсатында отбасыларға психологиялық және консультативтік көмек көрсету мақсатында сондай-ақ ана мен баланың құқығын қорғау, шаңырақтың шайқалуының алдын-алу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта қоғамдық ұйымдардың рөлі басым деп айтуға толық негіз бар.

Дін және бала

Балалардың құқығын қорғау комитетінің мәліметінше, өкінішке қарай Қазақстанда кәмелетке толмаған жеткіншектер діни секталарға еліктеуден қорғалмаған. Өкінштісі, елімізде дәстүрлі емес діни ағымдарды қолдайтын балаларға талдау жүргізілмейді. Десе де, шынайы өмірдегі мысалдарға сүйенетін болсақ, көп проблема беймәлім сипатта қалып отыр. Тіпті кейбір дәстүрлі емес діни ағымды ұстанатын ата-аналар түрлі сылтаулармен балаларына медициналық вакцинация жасаудан бас тартып жүрген фактілер де кездеседі.

Есесіне медицина қызметкерлері мен мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары дәстүрлі емес діндерді ұстанатын отбасыларда тәрбиеленіп отырған алайда вакцина қабылдамаған балалардың қылмысы жиілеп кеткенін алға тартады.

Тіпті көп жағдайда жасөспірім жастардың арасында заңды неке тұрмай-ақ діни жоралғы бойынша некелерін қиғызып, ерлі-зайыпты атанып жүргендер көп.

Зерттеу жұмысы аясында жүргізілген сауалнама барысында жоғары сыныпта оқитын қыздардың көпшілігі бірінші кезекте неке діни жоралғы бойынша қиылуы тиіс, ал АҚАЖ бөлімінде тіркелу екінші кезекте жүзеге асуы тиіс деген пікірлерін ашық білдірген. Олардың пайымынша, бұл рәсім неке байланысын жалғайды, себебі олардың куәгері Құдай. Мамандардың пікірінше, аталған отбасылардағы мәселе білімсіздікпен байланысты емес. Тұрмыстағы материалдық қиындықтар, жұмыссыздық, баспананың жоқтығы, әлеуметтік қолдау мәселелерін шешуде әділетсіздіктің орын алуымен байланыстырады. Қоғамда белең алған діни секталар жастарға моральдық қолдау танытып қана қоймай, материалдық қолдау да көрсетеді. Мәселен,  олардың оқуын қаржыландырады, оның ішінде шетелде оқуға, бизнес ашуға, қажетті заттарды алуға көмектеседі.

Балаларды консультативті қолдау

Елімізде балалардың құқығын қорғау мақсатында ата-аналар мен балаларға, барлық мүдделі азаматтарға қолжетімді өтініштер механизмі құрылған. Мәселен, өмірдің қиын жағдайларына тап болған балаларға жедел консультативтік, психологиялық қолдау көрсету үшін сенім телефондары жұмыс істейді:

Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің сенім телефоны «74-25-28»;

Жедел қызметтің Бірыңғай байланыс орталығы (Бала құқықтары жөніндегі уәкіл) «111»;

150 нөмірлі ұлттық тегін тәулік бойы жұмыс жасайтын байланыс.

Бұған қоса еліміздегі барлық өңірлерде 200-ден астам сенім телефондары, мемлекеттік органдардың сайттары, басшылардың блоктары жұмыс істейді.  Сонымен қатар барлық білім беру мекемелері мен кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарында, балалар үйлерінде «сенім жәшігі» орнатылған.

Бөлісу: