«Лаборатория Касперского» «ЖИ өмірде және жұмыста» атты зерттеу жүргізіп, балалардың жасанды интеллектті қолдану үрдісі мен ата-аналардың оған деген көзқарасын талдаған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Зерттеу дерегіне сүйенсек, мектеп жасындағы балалары бар отбасылардың 64 пайызы өз балаларының нейрожелілерді пайдаланатынына сенімді. Бұл үрдіске ата-аналардың басым бөлігі оң көзқарас танытады: 67 пайызы жасанды интеллектпен жұмыс істеуді болашақта аса маңызды дағды деп санайды. Ал шамамен үштен бірі бейтарап ұстанымда, олар ЖИ-ді қазіргі өмірдің ажырамас бөлігі ретінде қабылдайды.
Зерттеу барысында балалардың нейрожелілерді әртүрлі мақсатта қолданатыны анықталған. Ең алдымен, көңіл көтеру үшін (74%) және ақпарат іздеуде (73%) жиі пайдаланады. Сонымен қатар чат-боттар оқу процесінде (62%) және қарым-қатынас жасау үшін (46%) де кеңінен қолданылып жүр.
Сарапшылардың айтуынша, ересектер жасанды интеллектті енді тек ойын-сауық құралы ретінде емес, білім алудың тиімді элементі ретінде қабылдай бастады.
Мамандардың пікірінше, оқушылар цифрлық технологияларды тез меңгереді. Дегенмен жасанды интеллектті саналы әрі қауіпсіз пайдалану мәдениетін қалыптастырудың маңызы ерекше. Бұл бағытта ата-ана мен білім беру мекемелерінің рөлі шешуші болып қала береді.