18.01.2026
10:09
647
Балалар жеуге тыйым салынған тағамдар: жас ерекшелігіне сай маңызды қағидалар туралы не білеміз

Балалар жеуге тыйым салынған тағамдар: жас ерекшелігіне сай маңызды қағидалар туралы не білеміз

Баланың денсаулығы оның алғашқы жылдарындағы тамақтану әдетімен тікелей байланысты. Көптеген ата-ана «табиғи», «пайдалы» деп ойлаған кейбір тағамдар бала ағзасы үшін қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан белгілі бір жасқа дейін кей өнімдерді тұтынуға қатаң тыйым салынады. Бұл шектеулер – жай ғана сақтық емес, ғылыми және медициналық негізге сүйенген маңызды талаптар.

3 жасына дейін бал мен қант қосылған тағам беруге болмайды

Бал – ересектер үшін пайдалы өнім болғанымен, 3 жасқа дейінгі балалар үшін қауіпті. Оның құрамында Clostridium botulinum бактериясының споралары болуы мүмкін. Бұл споралар бала ағзасында көбейіп, ботулизм атты аса ауыр улануға әкеледі. Ботулизм жүйке жүйесін зақымдап, тыныс алуды қиындатуы мүмкін. Сонымен қатар, қант қосылған тағамдар баланың ас қорыту жүйесін бұзып, ерте жаста семіздік пен тіс ауруларының пайда болуына себеп болады.

6 айға дейін айран мен сүт беруге болмайды

Алты айға дейінгі кезеңде баланың негізгі тағамы – ана сүті немесе арнайы бейімделген қоспалар. Сиыр сүті мен айранның құрамындағы ақуыздар мен минералдар нәрестенің бүйрегіне ауырлық түсіреді. Сонымен қатар, бұл өнімдер темірдің сіңуін төмендетіп, анемия қаупін арттыруы мүмкін.

1 жасына дейін тамаққа тұз қосуға болмайды

Нәрестенің бүйрегі толық қалыптаспағандықтан, тұз ағзаға артық салмақ түсіреді. Ерте жастан тұзды тағамға үйренген бала болашақта жоғары қан қысымы мен жүрек-қан тамыр ауруларына бейім болады. Табиғи өнімдердің өз дәмі бала үшін жеткілікті.

4 жасына дейін жүзім, жаңғақ, попкорн, пісте, қатты кәмпит беруге болмайды

Бұл тағамдар тұншығу қаупін тудырады. Баланың шайнау қабілеті әлі толық дамымағандықтан, ұсақ әрі қатты тағамдар тыныс жолына түсіп кетуі мүмкін. Әсіресе жүзім мен жаңғақ – ең қауіпті өнімдердің қатарында.

7 жасына дейін шикі жұмыртқа, балық және саңырауқұлақ жеуге тыйым салынады

Шикі жұмыртқа сальмонелла бактериясын тасымалдауы мүмкін, ал саңырауқұлақтар – ауыр улануға әкелетін күрделі өнім. Баланың ағзасы мұндай тағамдарды толық қорытып, зиянды заттарды бейтараптандыра алмайды.

16-18 жасына дейін кофе мен энергетикалық сусын ішуге болмайды

Бұл сусындар жүрек соғысын жиілетіп, жүйке жүйесін шамадан тыс қоздырады. Өсу кезеңіндегі жасөспірім үшін кофеин ұйқының бұзылуына, мазасыздыққа, жүрек ритмінің өзгеруіне әкелуі мүмкін.

Баланың жасына сай тамақтану – оның болашақ денсаулығының кепілі. Әрбір тыйымның артында нақты қауіп бар екенін ескеріп, ата-аналар тағам таңдауда саналы әрі жауапты болуы тиіс. Баланың дұрыс тамақтануы – оны аурудан қорғаудың ең тиімді жолы.