«Балалар мектепте қатқан нан мен көгерген йогурт жеген». Министр жағдайды бақылауға алатынын айтты

2 Қараша 2023, 16:44 1347

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептегі ыстық тамақтың сапасына қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды  El.kz  ақпарат агенттігі. 

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте БАҚ өкілі министрге «Бұған дейін БАҚ-та мектеп оқушыларына ең арзан сапасыз тамақ беріледі деген ақпарат тараған еді. Азық-түлік шығынын зерттеу нәтижесінде мектептердегі тамақтың орташа құны бар-жоғы  579 теңге деген ақпарат шықты. Осы қаншалықты рас? Сонымен қатар, осыған дейін жеке меншік мектептерде оқушыларға қатқан нан, көгерген йогурт берілген деп ата-аналары шу шығарған болатын. Жеке меншік мектептердегі асханалар бақылауға алынады ма?» деп сұрақ қойды.

Министр әр өңірде ыстық тамаққа бөлінетін қаржы көлемі әр түрлі екенін атап өтті.

Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, бұрындары мектеп асханаларына бөлінетін қаржының көлемі 200 теңгеден аспайтын. Бүгінде ең жоғары бөлініп отырған қаржы Алматы қаласында 850 теңге, Ақмола облысында 700 теңге бөліп отыр. Бір реттік ыстық тамаққа бөлінген қаржының ең төменгі шегі Қарағанды облысында – 480 теңге. Қалған өңірлерде орта есеппен 579 теңгені құрайды, - деді оқу-ағарту министрі.

Ғани Бейсембаевтың сөзінше, сарапшылардың есептеуі бойынша баланы бір реттік ыстық тамақпен қамтуға бұл қаржының жеткілікті.

Жеке меншік мектеп болсын, мемлекеттік мектеп болсын барлық мектептерде ыстық тамақ сапалы дайындалып, балаларға берілуі керек. Бірақ бір өкініштісі біз жүргізіп жүрген мониторингке қатысты көп шағымның негізінде елімізде зерттеу жүргіздік. Осы іспен айналысып жүрген кәсіпкерлердің көбісі  тиісті заңда көрсетілген талаптарды толыққанды орындамайтынын анықтадық. Оған қатысты тиісті органдарға шара қабылдау жөнінде жолдама бердік. Сондықтан бұған тек бизнес деп қарамай баланың ыстық тамағын тиісті сапада беруін сұрап отырмын, - деді ведомство басшысы.

Денсаулық сақтау министрлігі де, Оқу-ағарту министрлігі де ыстық тамақты сапалы ұйымдастыруға қатысты заңнамалық актілер қабылдады. Талап қатаңдатылды. Бірақ министрдің айтуынша жергілікті жерлерде оның орындалуында үлкен сұрақ бар. Сондықтан бұл мәселені бақылауда ұстайтынын атап өтті.

Миражан Махан
Бөлісу: