Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Джонатан Хайдтың әлемдік бестселлері Anxious Generation («Мазасыз ұрпақ») кітабының орыс тіліндегі аудармасы жарық көргенін мәлімдеді. Депутат болашақта кітаптың қазақша нұсқасы да басылып шығатынына үмітті екенін айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Аймағамбетов бұл кітапты екі жыл бұрын түпнұсқада оқып шыққанын, сондай-ақ балалардың психологиясына әсер ететін технологиялық факторлар туралы түрлі зерттеулерді зерделегенін атап өтті. Осы мәліметтерді саралай келе, ол сабақ барысында смартфон қолдануға шектеу енгізу туралы заң жобасына өзгеріс ұсынған.
Депутаттың айтуынша, заңға енгізілген түзетулерден кейін мектептерге оқушылардың ғимаратта болатын барлық уақытында смартфон қолдануға тыйым салу құқығы берілген.
Қазір мектеп директорларын осындай шешім қабылдауға шақырып жатырмыз. NIS (Назарбаев Зияткерлік мектептері) мен БИЛ оқу орындары смартфонды пайдалануға қатысты қатаң ережелер енгізген. Нәтижесі айқын көрініп тұр. Енді басқа мектептер де бұл тәжірибені қабылдайды деп сенеміз, - деді Аймағамбетов.
Депутат смартфонды тек мектепте шектеу жеткіліксіз екенін айтты. Себебі оқушының көп уақыты - үйде.
Ол ата-ана мен мектептің ортақ әрекеті қажет екенін жеткізді:
цифрлық гигиенаға үйрету;
сыни ойлауды дамыту;
ата-аналардың өздері үлгі болуы.
Тек “телефонды таста” деп айқайлау мәселені шешпейді. Баланың уақытын дұрыс ұйымдастыру маңызды, - деді ол.
Аймағамбетовтің айтуынша, Джонатан Хайдт технологияны «қорқынышты құбылыс» ретінде көрсетпейді. Автор қазіргі балалардың неге мазасыз және депрессияға бейім болып бара жатқанын түсінікті тілмен талдап, оларды қалыпты балалық шағына қайта қалай оралуға болатынын ғылыми негізде түсіндіреді.