Ғалымдардың зертеуінше, Ұлыбританиядағы әрбір үшінші бала мектептен кейін көшеде ойнамайды, ал әр бесінші бала демалыс күндері де серуенге шықпайды. Мамандар мұның жас ұрпақтың дене және психикалық саулығына алаңдатарлық әсері бар екенін айтады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Смартфондар кінәлі ме?
Көптеген ересектер үшін аулада ойнау, әткеншек тебу немесе көшеде асыр салып жүгірген сәттер – балалық шақтың ажырамас бөлігі. Алайда қазіргі балалардың жағдайы өзгеше.
Wellbeing, Space and Society журналында жарияланған зерттеуде Эксетер университетінің ғалымдары 7-12 жас аралығындағы балалардың 34%-ы мектептен кейін көшеге шықпайтынын, ал 20%-ы демалыс күндері де ойнамайтынын анықтады.
Мамандардың айтуынша, таза ауада жиі серуендейтін балалардың эмоционалдық тұрақтылығы жоғары болады әрі қарым-қатынас жасау қабілеті жақсы дамиды. Достық қарым-қатынас орнату, сезімін білдіру және қиындықтарды еңсеру дағдылары тікелей белсенді серуенмен байланысты. Ал ойын жетіспеушілігі семіздікке, үрейге және күйзеліске әкелуі мүмкін.
Зерттеу неге сүйенді
Бұл тұжырымдар Born in Bradford жобасы аясында жасалды. Жоба 2007 жылдан бастап 13 мың бала мен олардың отбасын бақылайды. Зерттеу Ұлыбританияға қатысты болғанымен, оның қорытындылары басқа елдердегі деректермен сәйкес келеді. Мысалы, АҚШ-та 2023 жылы жүргізілген зерттеу көрсеткендей, мектепке дейінгі жастағы балалардың 40%-ы аптаның жұмыс күндері таза ауада бір сағаттан аз уақыт өткізсе, әр төртінші бала демалыс күндері де бір сағаттан артық ойнамайды. Бұл үрдіс ондаған жыл бойы байқалып келеді.
Балаларға не кедергі?
Ғалымдар бұл мәселеге тек смартфондар, бейнеойындар мен әлеуметтік желілер кінәлі емес екенін айтады. Қала инфрақұрылымы да маңызды рөл атқарады: көшенің қауіпсіздігі, жасыл аймақтардың және қолжетімді ойын алаңдарының болуы. Халықаралық сауалнамаларға сәйкес, сарапшылардың тек 5%-ы ғана өз қаласын тұрғындардың сапалы қоғамдық кеңістікке деген қажеттіліктерін толық қанағаттандырады деп санайды.
Мамандардың айтуынша, балаларға ыңғайлы әрі қауіпсіз саябақтар, аулалар қажет. Әйтпесе, келер ұрпақтың дене белсенділігі төмендеп, физикалық және психикалық саулығы әлсіреуі мүмкін. Бұл тек балаларды экраннан алшақтату мәселесі емес, сонымен бірге оларға шынайы өмірде ойнайтын кеңістік беру қажеттігі.