05.09.2025
13:35
937
Балаға балабақшаға баруды қалай қызықты етуге болады?

Балаға балабақшаға баруды қалай қызықты етуге болады?

Мектепке дейінгі кезең – баланың дамуы үшін ең маңызды уақыт. Бұл шақта бала ойлау, сөйлеу, есте сақтау, қиял, қимыл-қозғалыс сияқты қабілеттерін дамытады, алғаш рет әлеуметтік қарым-қатынастың қыр-сырын үйренеді. Балабақша осы үдерістің негізгі алаңы болып табылады. ҚР ПІБ Медициналық орталығы «Қарлығаш» балабақшасының дефектологы Ақерке Шымыралиқызы бұл тақырыпқа терең тоқталып, ата-ана мен маманның бірлескен еңбегінің маңызын атап өтті.

Балабақша – тәрбие мен дамудың бастау көзі

Қоғамда көпшілік ата-ана балабақшаны тек балаға қарау орны деп түсінеді. Алайда маман балабақша ерте әлеуметтенудің маңызды алаңы екенін айтады.

Балабақша – бұл тәрбиелеу, үйрету, әлеуметтендіру ортасы. Мұнда бала қарым-қатынас жасауға, ережелерді сақтауға, танымдық әрекетке, шығармашылыққа, өзін-өзі күтуге, жауапкершілікке үйренеді. Сонымен қатар, бұл – мамандарға әр баланың ерекшелігін дер кезінде байқап, оған көмек көрсету мүмкіндігі, – дейді дефектолог.

Яғни, балабақша баланың тамақтануы мен ұйқысын қадағалаумен ғана шектелмейді. Ол тұлғаның негізін қалыптастыратын алғашқы әлеуметтік мектеп болып саналады.

Баланың өмірінде мектепке дейінгі шақ – өте маңызды кезең. Ақерке Шымыралиқызының сөзінше, дәл осы уақытта ми қарқынды дамиды, сөйлеу тілі қалыптасады, есте сақтау, ойлау, қиял және зейіні күшейеді.

Мектепке дейінгі шақ – баланың дамуы кезеңі. Дәл осы шақта қаланған іргетас оның болашақтағы оқуына, мінез-құлқына әсер етеді, – деп атап өтті маман.

Бұл кезеңде ата-ана мен педагогтың бірлескен жұмысы баланың алдағы өміріне тікелей ықпал ететіні анық.

«Бәріне тең мүмкіндік беру керек»

Қазіргі қоғамда инклюзия мәселесі жиі қозғалады. Бұл бағытта да мамандардың көзқарасы айқын.

Сурет: «Қарлығаш» балабақшасы

Инклюзия – бәріне тең мүмкіндік беру. Ерекше қажеттілігі бар балаларды бөлу емес, қатардағы құрдастарымен бірге тәрбиелеу мен оқыту маңызды. Мамандар әр баланың жеке ерекшеліктерін ескеріп, дамуына жағдай жасайды, – дейді дефектолог.

Бұл тұрғыда дефектологтар ерекше білім беруді қажет ететін балалармен түзету және дамыту жұмыстарын жүргізеді. Әдіс-тәсілдер арқылы сөйлеу тілін, қимыл-қозғалыс дағдыларын, ойлау, есте сақтау, зейін сияқты қабілеттерін дамытады.

Мамандардың бірлескен еңбегі

Балабақшадағы педагогтар мен медицина қызметкерлері бір жүйеде жұмыс істейді. Дәрігерлер балалардың денсаулығын бақыласа, педагогтар мен дефектологтар білім беру мен даму үдерісіне жауапты.

Бізде «педагогтар бөлек, дәрігерлер бөлек» деген жүйе жоқ. Барлық маман – бір бірлестік. Бірлесіп жұмыс істегенде, балаға жан-жақты көмек көрсетіледі, – дейді маман.

Бұл жүйе ата-аналардың тарапынан да оң бағасын алып отыр. Олар өз баласының дамуын тек тәрбиешілермен ғана емес, дәрігерлермен бірге бақылап, кеңес алуға мүмкіндік алады.

Ата-ананың қолдауы

Баласын алғаш рет балабақшаға бергелі отырған ата-аналар үшін бейімделу кезеңі ең қиын сәттердің бірі болып саналады. Дефектолог бұл ретте ата-аналарға бірқатар кеңес ұсынды.

Ең әуелі, қорықпау керек. Бұл – бала үшін жаңа әлем, ол оған біртіндеп бейімделеді. Балаға балабақшада ойын мен достар күтіп тұрғанын айтып, жақсы көңіл күй қалыптастыру қажет. Сондай-ақ өздігінен тамақтанып, киініп, жуына білуге үйрету – сенімін арттырады. Ең бастысы – ата-ана педагогтармен әріптестікке дайын болуы тиіс, – дейді ол.

Баланың дамуына қосатын ата-ананың үлесі ерекше. Дефектологтың айтуынша, мамандардың еңбегі ата-ана қолдауынсыз толық болмайды.

Үйде дағдыларды бекітіп, әрбір кішкентай жетістікке қуану – баланың сенімін арттырады. Ата-ана баламен үйде тұрақты жұмыс жасауы және балабақша мамандарымен байланыста болуы түзету жұмысының нәтижелігін арттырады, – дейді Ақерке Шымыралиқызы.

Сондықтан ата-ана тек бақылаушы емес, толыққанды серіктес ретінде де қабылдануы қажет.

Балабақша – баланың тұлға болып қалыптасу жолындағы алғашқы баспалдақ. Мұнда оның сенімі, дербестігі, қоғамға бейімделу қабілеті дамиды.

Бұл – өмір жолының бастауы. Мұнда тұлғаның негізі қаланады, өзіне сенімділік пен қоғамға алғашқы қадамдар жасалады. «Қарлығашта» біз әр баланың осы кезеңді қуанышпе өткеруін мақсат етеміз.  Бала – тек отбасының ғана емес, тұтас қоғамның болашағы, – деп сөзін түйіндеді Ақерке Шымыралиқызы.

Айта кетейік, бұған дейін баланың сабақ оқуға ынтасын қалай арттыруға болатыны жайлы жазған едік.