20.02.2026
11:00
2127
Балабақшада балалар арасындағы дау қалай шешіледі? Маман түсіндірді

Балабақшада балалар арасындағы дау қалай шешіледі? Маман түсіндірді

Балабақшадағы дау ата-ананы жиі алаңдатады. Бірі ойыншыққа таласады, бірі сөзге келіп қалады. Бірақ осындай қарапайым жағдайда үлкен тәрбие жатыр. Бала дәл осы кезде қарым-қатынасты, сыйласу мен әділдікті үйренеді. Осы бағыттағы жұмыс балабақшада қалай жүретінін  ПІБ МО «Қарлығаш» балабақшасының меңгерушісі Жанар Дюсенова айтып берді.

Жанар Дюсенова топтағы балалардың жиі ренжісіп, дауласуын қалыпты жағдай деп санайды. Оның айтуынша, бұл – тәртіпсіздік емес, баланың қоғамда өмір сүруді үйренетін кезеңі. Сондықтан ересектер әр жанжалға бірден араласып, баланың орнына шешім шығармағаны жөн.

Егер үлкендер әрдайым баланың орнына жанжалға араласып, шешіп беретін болса, бала әділ болуды да, өзгенің пікірін ескеруді де үйренбейді. Сондықтан мұндай сәттерден қашпай, балаларға оны дұрыс өткеруге көмектесу керек. Олар бірге сөйлесіп, бір-бірін тыңдап, ақырында өзара келісіп, ортақ шешімге келуді үйренуі тиіс, – деді ол.

Оқи отырыңыз:

Педагогтің ойынша, басты мақсат – тек айтқанды орындайтын, «ыңғайлы» бала өсіру емес, кез келген жағдайда өзін ұстай алатын тұлға қалыптастыру.

«Ыңғайлы» балаларды тәрбиелеуге ұмтылмаған дұрыс. Себебі біз болашақ саналы, өзі үшін шешім қабылдай алатын азаматтарды тәрбиелейміз, – деді балабақша меңгерушісі.  

Жанар Дюсенова балабақшадағы даудың себебі көбіне баланың жас ерекшелігіне байланысты екенін атап өтті.

Фото: «Қарлығаш» балабақшасы

2-3 жастағы балалар көбіне ойыншыққа немесе құрастырғышының бұзылғанына бола ренжиді. Бұл кезде меншіктік сезім енді қалыптасып жатады, сондықтан оның затына біреу тиісе қалса, бұл жағдайды өте ауыр қабылдайды. Олар эмоциясын сөзбен жеткізе алмайды, сондықтан жылап, итеріп немесе тәрбиешіге шағымдану арқылы әрекет етеді, – деді балабақша меңгерушісі.  

Ал 4-5 жаста балалардың қарым-қатынасы күрделене түседі, ойынның өзі даудың негізгі себебіне айналады.

Бұл жаста кіммен ойнайтыны, қандай ереже болатыны, кім қандай рөл алатыны маңызды бола бастайды. Кейбір балалар көшбасшы болғысы келеді, ережені өзі қойып, ойынды басқаруға тырысады. Сол кезде өзара бәсекелестік пайда болады, – деді Жанар Дюсенова.

Меңгеруші мұндай кезде тәрбиеші әрдайым араласа бермейтінін айтады.

Педагог көбіне бақылаушы позициясын ұстайды, балаларға өзара келісіп үйренуге мүмкіндік береді. Қажет болғанда ғана ақырын бағыттайды. Шешім табудың жолын ұсынады, ережені еске салады, ұялшақ баланы қолдайды немесе рөлдерді бөлісуге көмектеседі. Осылайша балалардың дербестігі, жауапкершілігі және бірге әрекет ету дағдылары дамиды, – деді ол. 

Жанар Дюсенованың айтуынша, кейбір балалар шынымен де жанжалға жиірек араласады. Бұл олардың тәрбиесінен емес, көбіне мінез ерекшелігіне байланысты.

Барлық бала – әртүрлі. Кейбірін түсіну оңай, ал кейбіріне өз ойын не сезімін жеткізу қиынға соғады, – деді ол.

Топта тез ашуланатын, өзгеге тиісіп кететін балалар да болады, үнемі шағым айтып жүретіндері де кездеседі. Ал кейбірі керісінше, тұйық, көп сөйлемейді, сондықтан олардың не қалайтынын құрдастары да, ересектер де бірден түсіне бермейді. Ойынның тәртібін тек өзі біледі деп ойлайтындар да, бәрі бірден болғанын қалайтын шыдамсыз балалар да бар. Бірі шешім қабылдауға қорқып ұзақ ойланса, енді бірі ренішін іште сақтап, кейін барып білдіреді.

Осы мінез ерекшеліктерінің бәрі баланың топтағы мінез-құлқын қалыптастырады. Көбіне жанжал осыдан туады. Балалар бірге ойнағысы келеді, бірақ әлі бір-бірімен толық келісуді білмейді. Дау арқылы олар топтағы өз орнын қорғауды үйренеді, – деді балабақша меңгерушісі. 

Жанар Дюсенова жанжалды жай ғана тоқтату емес, оны дұрыс шешуді үйрету маңызды екенін айтты. Сол үшін балабақшада түрлі әдіс қолданылады.

Мысалы, «Шешімін тап» деген ойын бар. Күнделікті өмірдегі жағдайды алып қарайық. Біреу ойыншықты бөлісе алмады немесе ойын кезінде дау шықты. Мұндай кезде ересектер балаларды сөйлесуге бағыттауы керек. Сұрақ қойып, ережені еске салады, ал балалар тығырыққа тірелсе, бірнеше жол ұсынады, – деді ол.

Алдымен топта қарапайым ережелерді бірге келісіп алады. Бір-бірін итермейді, төбелеспейді, сөзбен ренжітпейді, ал біреудің ойыншығын алғысы келсе міндетті түрде рұқсат сұрайды. Кейін нақты немесе ойдан шығарылған жағдайларды талдап, әр баланың не сезінгені, қалай татуласуға болатынын бірге қарастырады. Мұнда әңгіме белгілі бір балаға бағытталмай, жалпы жағдай ретінде айтылады.

Ересектердің міндеті – балаларға қарым-қатынастың басқа жолы бар екенін көрсету. Олар өз ойын айтып, өзгені тыңдай білуді үйренуі керек, – деді Жанар Дюсенова.

Ойындар, ертегілер мен мультфильмдер де жиі қолданылады. Келісімге келген балалар міндетті түрде мақтау естиді. Топта жылы сөз айтуға ерекше мән беріледі, балалар бір-біріне алғыс айтып, жақсы істі байқап үйренеді.

Балалар сөйлесу арқылы келісіп, кешірім сұрауды үйренеді. Кейде өздері де жақсы шешім табады, кезекпен ойнауды ұсынады, ережені бірге құрады немесе ешкім шет қалмас үшін жаңа ойын ойлап табады, – деді балабақша меңгерушісі.

Тәрбиеші тек бағыт береді, ал балалар бір-бірін тыңдап, ортақ шешімге келуге дағдыланады.

Біздің ең басты мақсат дауды әрдайым ересектер шешпей, балалардың өзара келісіп шеше алатынын көрсету. Бұл жауапкершілік пен құрметті қалыптастырып, «Адал азамат» бағдарламасындағы дағдыларды дамытады, –  деді ол.

Балабақша меңгерушісінің сөзінше, көп жағдайда балалар бір-бірін әдейі ренжітпейді, тек ойын сөзбен жеткізе алмағандықтан ашуланады. Не болғанын түсіндіре алмаса, ішіндегі ашуы жиналып, айқайға, жылауға немесе әрекетке айналады.

Фото: «Қарлығаш» балабақшасы

Көбіне жанжалға өзіне сенімсіз, әлсіздеу немесе қарым-қатынаста қиналатын балалар жиі араласады. Бірі өзін қорғау үшін қатты реакция білдіреді, енді бірі керісінше тұйықталып қалады.

Ересек адам балаға не сезіп тұрғанын түсінуге көмектеседі. Мысалы, «ойыншығыңды алып қойғаны үшін ашуланып тұрсың», «сені ойынға қоспағаны үшін ренжідің» деп айтып береді. Уақыт өте келе бала да осы сөздерді өзі қолдана бастайды, сөйтіп ашуын іс-әрекетпен емес, сөзбен жеткізуді үйренеді, – деді Жанар Дюсенова.

Жанар Дюсенова балалардың сезімін түсінуіне ең көп көмектесетін тәсілдердің бірі – адамгершілікке баулитын ертегілерді бірге оқу екенін айтады.

Кейіпкерлердің әрекеті арқылы бала жанашырлықты түсінеді, ашудың соңы неге әкелетінін көреді және жанжалды бейбіт жолмен шешуге болатынын ұғады. Кітапты оқығаннан кейін бірге талқылаймыз, кейіпкер неге ашуланды, не сезінді, басқаша не істеуге болар еді деп сөйлесеміз, – деді балабақша меңгерушісі. 

Осындай әңгімелер балалардың эмоциясын сөзбен жеткізуіне көмектесіп, сөздік қорын байытады және достарымен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретеді.

Эмоциясын түсінген бала өз әрекетіне де жауапкершілікпен қарай бастайды, – деді ол. 

Жанар Дюсенованың айтуынша, балабақшада, ең бастысы, балаларға шынайы сүйіспеншілікпен, құрметпен қарау керек. Бала махаббатты, қауіпсіздікті сезінгенде ғана дұрыс дамиды. 

Балалар ересектердің қарым-қатынасын бірден сезеді. Сондықтан қамқорлық пен жылы орта қалыптастыру өте маңызды, – деді ол.

Тәрбие күн сайын жүргізілуі керек. Барлық тәрбиеші бір талаппен жұмыс істесе, бала ненің дұрыс, ненің дұрыс емес екенін оңай түсінеді.

Балалар сөзден гөрі ересектердің іс-әрекетіне қарап үйренеді. Үлкендер бір-біріне құрметпен сөйлессе, келісімге келсе, жауапкершілік алса, бала да соны қайталайды.

Ата-анамен дұрыс қарым-қатынас орнату та маңызды. Үй мен балабақшада бірдей тәрбие берілсе, бала өзін сенімді сезініп, ортаға тез бейімделеді, – деді Жанар Дюсенова.

Балабақша меңгерушісінің сөзінше, балабақша тек балаға қарайтын орын емес, болашақ қоғамның негізі қаланатын жер.

Балалар дауды сабырмен шешуді үйренсе, ертең жақсы адам болып өседі. Әділ қоғам құру балалардан басталады, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін ғалымдар аутизмнің неліктен пайда болғанын анықтағаны жайлы жазған едік.