Балаңыз қандай балабақшаға барады?

3 Тамыз 2022, 11:24 6012

Елорданың өзінде 60 мыңнан астам баланы құрайтын 432 мектепке дейінгі ұйым бар

Елімізде жыл сайын халық саны артып келеді. Қазақстанда мектеп жасына дейінгі 3 миллионға жуық бала бар. Ал, балаларға арналған мемлекеттік балабақшалар жетіспейді. Ата-аналар балаларын мемлекеттік балабақшаларға электронды кезекке тіркеп, кезегі жетпей жатқан кездері де аз емес. Сондықтан олар көбінесе балаларын жеке-меншік балабақшаларға беруді жөн санайды. Балалардың балабақшадан орын таппай, сандалып жүруінің тағы бір себебі ауылдан, елді-мекеннен қалаға қоныс аударып жатқандардың да саны жыл сайын көбейіп келеді.


Ата-аналарға балаларын мемлекеттік немесе жеке меншік балабақшаға берген қолайлы ма?

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің хабарлауынша, қазіргі уақытта мектепке дейінгі ұйымға жолдама алу үшін кезекке тұру процесі автоматтандырылған. Ата-анаға өз бетінше кезекке тұруға, бос орын болған жағдайда мектепке дейінгі ұйымды таңдауға, жолдама алуға мүмкіндік берілген. Ата-ананың мемлекеттік немесе жекеменшік балабақшаны, шағын орталықты таңдауы өз еркінде. Қазіргі таңда елімізде 300 мыңнан астам бала кезекте тұр. Болашақта бұл көрсеткішті қысқартып, жергілікті атқарушы органдар ата-аналардың балабақшаларға сұраныстарын қанағаттандыру үшін мектепке дейінгі ұйымдардың санын арттыру жұмысын жүзеге асырып жатыр.

Дегенмен ата-аналар балаларын мемлекетік балабақшаларға беруді жөн деп санайды. Себебі, жеке меншік балабақшалардың ақысы көбісінің қалтасын көтере бермейді. Мемлекеттік балабақшалардың ақысы 16 000 – 18 000 теңге болса, жеке меншік бақшалардың ақысы бала басына 25 000 – 70 000 теңгені құрайды. Сондықтан ата-аналарға балаларын жеке балабақшаларға берген тиімді.

Елорданың өзінде 60 мыңнан астам баланы құрайтын 432 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның ішінде 99 мемлекеттік, 330 жеке меншік, 3 ведомстволық ұйым бар.   

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, екі баланың анасы Айжан Баймұраттың айтуынша, мемлекеттік балабақшалардың өзінде балаларға арналған орын саны жеткілікті емес. Топтағы балалар саны тым көп. Сондықтан балалары тәрбиешінің қарауынсыз қалуы мүмкін деп қорқады.

«Менің 3 және 4 жасар баламның екеуі де мемлекеттік балабақшаға барады. Бірі кіші топта, екіншісі үлкен топта оқиды. Кіші топтағы балалар саны, үлкен топтағы балалардан аз болу керек. Себебі, кіші топтағы балалардың жасы кіші, оларға көбірек көңіл бөлініп, әр қайсысын жіті бақылау маңызды. Ал, топтағы көп балалардың ішінде 1-2 маман қалайша барша балаға бірдей көңіл бөліп үлгереді. Сондықтан балабақша бала саны белгіленген межеден аспау керек деп есептеймін», – дейді ата-ана.

Балабақшалардағы балалар санына қатысты мемлекеттік ұйымда жұмыс істейтін маман жауап берді.

«Мемлекеттік балабақшаларда ереже бойынша 2-3 жас балалар жататын кіші топта 25 бала, 3-6 жасты құрайтын үлкен топта 30 балаға дейін орналасады. Әр топта жеке тәрбиеші мен күтуші жұмыс істейді. Дегенмен, топтағы балалардың бірі ауырып жатса, бірі басқа өлкелерде қыдырып жүреді. Ал кейбіреулері басқа себептерге байланысты келе алмай қалады. Сол себепті де балалар толық келмейді. Сондықтан бала саны мұнда маңызды емес», – дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы №75 «Балалық шақ» балабақшасының меңгерушісі Айман Нұрсейітова.

Дегенмен, бұл мәселе тек қана мемлекеттік ұйымдарда емес, жеке меншік балабақшаларда да байқалады. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі мен олардың жағдайын мамандар басты назарда ұстауы қажет.

Мемлекеттік және жеке меншік балабақшалардың айырмашылығы қандай?

Жеке меншік балабақшалардың ақысы балаларға ұсынылатын жағдайға байланысты белгіленеді. Соған орай, ақысы да әр түрлі. Мемлекеттік балабақшалар сағат 08:00-ден бастап, 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал, жеке меншік балабақшалар сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл көптеген ата-аналар үшін тиімді уақыт кестесі. Себебі, ата-аналар кешкі сағат 18:00 мен 19:00-де жұмыстан шығатын болғандықтан балаларын бақшадан осы уақытта алып кетуге ыңғайлы. Сондықтан ата-аналар уақыт тиімділігіне қарай балаларын жеке балабақшаларға да беріп жатады.

Жеке меншік балабақшалардың арасында мемлекеттік балабақшаларда қарастырылмаған жағдай жасалған. Мысалы, бассейн, спорттық секциялар, би үйірмесі, сурет салу үйірмесі және тіл үйрену сабақтары мен тігін үйірмесі. Сонымен қатар, басқа да үйірмелерге қатысу мүмкіндіктері бар. Тіпті, кейбір мемлекеттік балабақшаларда қарастырылмаған 5 мерзімді тамақтандыру мәзірі де ұсынылады.

Елорда тұрғыны, екі баланың анасы Әсел Жанатбектің айтуынша, жеке меншік балабақшалардың барлығын бірдей нашар немесе өте жақсы деп айтуға болмайды.

«Балама балабақша іздеген кезде ең бірінші оның үйімізге жақын жерде болғанын қалаймыз. Сондықтан балабақшаның балама қандай жағдай жасайтынына аса мән бермедік. Ең бастысы тәрбиеші ұнаса және үйімізге жақын болса болғаны деп жүре береміз. Дегенмен, жеке меншік балабақшалардың ішінде бала үшін керектінін барлығы табылатындары да бар. Бірақ, олардың ақысы да соған лайық тұратын болғандықтан, мен үшін ақысы арзан бақшаларға беремін», – дейді ата-ана.

Балабақшада жұмыс істейтін мамандардың жалақысы қанша?

Қазіргі уақытта еліміз бойынша балабақшада 100 мыңға жуық маман жұмыс істейді. 2020 жылдан бастап педагогтердің еңбекақысы 25% - ға артты. Сонымен қатар, тәрбиешілердің педагогикалық шеберлігі үшін лауазымдық жалақыға 30-50% үстемақы қосылған. 20 жылдан артық еңбек өтілі бар мамандардың жалақысы 200 мың теңгеден асады.

Миражан Махан
Бөлісу: