Кез келген ата-ана үшін баладан асқан бақыт та, байлық та жоқ шығар. Оларға балаларының амандығы мен қауіпсіздігі әрдайым бірінші орында. Өкінішке қарай, кейде балалар ата-анасының назарынан тыс қалып, келеңсіз жағдайларға тап болып жатады. Әсіресе, бүлдіршіндер терезеден құлап, суға батып кетті деген секілді жайсыз хабарларды естігенде жүрегің ауырады. Мұндай жағдайлар орын алмас үшін үнемі балалардың қауіпсіздігін алдын ала қамтамасыз ету қажет.
Елімізде жыл басынан бері 14 бала терезеден құлап кеткен. Бұл туралы деректі Бала құқықтарын қорғау комитетінің басшысы Насымжан Оспанова мәлім еткен болатын.
Біз сізден терезеге арнайы бұғаттағыш орнатуды сұраймыз. Қарапайым ережелерді орындау баланың терезеден түсуінің алдын алуға, оның денсаулығы мен өмірін сақтауға көмектеседі. Үйіңіздің терезелері сенімді жабылғанына және баланың қолы жетпейтініне көз жеткізіңіз. Сондай-ақ, балаңызды ешқашан қараусыз қалдырмаңыз. Бір сәттік немқұрайлық үлкен қасіретке айналуы мүмкін. Балаларымыздың қуанышты күлкісі мен алаңсыз балалық шағы үшін аса мұқият және қырағы болуымыз керек. Ата-аналар, балаларыңызға қамқор болыңыздар! Әр бала бақытты және қауіпсіз балалық шаққа лайық екенін есте ұстаған жөн, - деп Насымжан Оспанова ата-аналарға ескерту жасады.
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды алдын алу бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Сәбит Борашев та бүгінде Атырау облысында балалардың терезеден құлауы жиілеп кеткенін айтты.
Қазіргі уақытта терезеден құлаған балалардың саны 7-ге жетті. Оның ішінде біреуі мерт болды. Бұған көбіне ата-аналардың немқұрайлығы, балаларын қараусыз қалдыруы және пластикалық терезелердің оңай ашылуы себеп болады, - деді азаматтық қорғау майоры.
Сәбит Мырзабайұлының айтуынша, балалардың қауіпсіздігіне алдымен ата-ана жауапты.
Терезені ашпас бұрын балалардың қашық жерде жүргеніне көз жеткізіп алған жөн. Кейде үй иелері бөлмені желдету үшін терезені толығымен ашады ғой, бұл дұрыс емес. Терезелерге сенімді арнайы бекіткіштер орнату қажет. Көпқабатты үйлерде балаларға балконға шығуға рұқсат етпеген абзал, - деді бөлім бастығы.
Ата-аналар қазіргі заманғы терезелердің балалардың өздері ашып алуына ыңғайлы екенін есте сақтауы тиіс. Сондықтан олар балалардың терезеден немесе балконнан құлау қаупін азайту үшін белгілі бір ережелерді ұстануы қажет.
Атай айтқанда:
- Үйде кішкентай бала болса, терезені ашық қалдырмау;
- Терезенің қорғанышы болмаса москит торларын пайдаланбау;
- Баланы, әсіресе, терезелер мен шыны есіктердің жанында қараусыз қалдырмау;
- Баланың терезе алдына шықпауы үшін терезенің жанына жиһаз қоймау;
- Балаларға терезенің жанындағы жиһазға немесе басқа төсекке секіріп ойнауына жол бермеу;
- Балаларға қауіпсіздік сабақтарын үйрету маңызды. Үлкен балаларды кішілерге қарауға үйрету;
- Балалар бөлмесінің терезелеріне керек-жарақтарды мұқият таңдау. Атап айтқанда, күннен қорғау құралдары – жалюздер мен рулонды перделер жарқырайтын баулар мен тізбектерсіз болуы қажет;
Балалардың үйдегі қауіпсіздігіне бірінші кезекте ата-аналар жауап беретінін естен шығармау керек.
Бүгінде су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігі орталық мемлекеттік органдармен және жергілікті әкімдіктермен бірлесіп кешенді дайындық және алдын алу жұмыстарын ұйымдастырып, жүзеге асырып жатыр.
Министрліктің хабарлауынша, ауқымды үгіт-насихат жұмыстары ұйымдастырылып, осы мақсаттарға тартылған құтқару бөлімшелері қосымша қажетті құралдармен жабдықталған.
Шомылу маусымының басталуына дейін және кезеңінде өткізілген іс-шаралармен 9 миллионға жуық адам, оның ішінде 1,8 миллионға жуық бала қамтылды. Сонымен бірге оқыту кезеңінде 54 837 балаға жүзу дағдылары үйретілді, бұл жұмыс жалғасын табуда, - делінген Төтенше жағдайлар министрлігі ұсынған ақпаратта.
Жыл басынан бастап 68 424 рейд пен патрульдеу жүргізді. Оның барысында 265 адам, олардың ішінде 67 бала құтқарылды.
Жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шараларға қарамастан биылғы жылдың басынан бері 142 адам, оның ішінде 43 бала суға батып қайтыс болған.
Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, майор Дүйсен Оразгелдінің сөзінше, балалардың суға батуына себеп болатын ол – ата-ананың баласын қараусыз қалдыруы. Сол себепті ол бір мезет болсын балаларды назардан тыс қалдыруға болмайтынын атап өтті.
«Өрт пен су – тілсіз жау» демекші, сақтық ережесін қатаң сақтану керек. Суға түсуге тыйым салынған жерлерге баруға болмайды. Балаларды тек өздеріне арналған арнайы орындарда, белгілі бір тереңдікте ғана шомылдыру қажет. Сонда ғана біз қайғылы оқиғаның алдын аламыз, - дейді басқарма бастығы.
Дүйсен Оразгелді шомылу барысында суға батып бара жатқан баланы көргенде оған алғашқы көмек көрсету керек дейді.
Cуға батып бара жатқан баланы байқаған жағдайда оны шығарып алу үшін барынша әрекет ету керек. 112-ге хабарласап, құтқарушылар келгенше айналадан көмек сұрау қажет. Баланы судан шығарған соң міндетті түрде алғашқы медициналық көмек көрсеткен дұрыс, - деді майор.
Балалардың судағы қауіпсіздігін қалай сақтау керек?
- Тамақтанғаннан кейін 1,5 сағат уақыт өткен соң барып қана шомылуға болады;
- Егер судың температурасы +16 °С төмен болса, суға түсуге болмайды, өйткені судың суықтығынан аяқ-қолдың тырысуы немесе естен айырылу жағдайлары болуы мүмкін;
- Су температурасы +17 °С-ден +19 °С-ге дейін және ауаның температурасы +25 °С болған жағдайда, суда 10-15 минуттан артық шомылуға болмайды;
- Суға тек қана шомылуға арналған қауіпсіз, арнайы жабдықталған жерлерде түсу қажет. Егер сіз жабайы табиғи жерлерде шомылу туралы шешім қабылдасаңыз, суы таза, тереңдігі 2 м аспайтын, судың түбі қиыршық тасты немесе құмды жерді және ағысы жай 0,5 м/с жоғары емес орынды таңдағаныңыз дұрыс (тексеру үшін суға жаңқа немесе таяқ тастаңыз). Әрқашан су түбін тексеру керек және шомылып жатқан балаларды қадағалау қажет. Балалардың тек су жағасында шомылғаны абзал;
- Егер сіз мас күйде болсаңыз, балаларды суға жібермеңіз, олар қараусыз қалдырудың арты қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы әбден мүмкін.
Негізгі ережелер:
- Белгі қойылған жерден асып жүзуге рұқсат етілмейді, ол болмаған жағдайда жағадан алыс жүзбеу керек;
- Кемеге жақын жүзуге болмайды;
- Таяз жерге немесе белгісіз тереңдікке секіруге болмайды;
- Қайық, айлақ, көпір үстінен және арналмаған жерлерден секіруге болмайды;
- Күнге қыздырынғаннан кейін немесе ұзақ жүгірістен соң суға секіруге болмайды, өйткені естен айырылып қалу немесе жүректің тоқтап қалуы мүмкін. Алдымен сумен шайынып алу керек;
- Дауыл немесе толқын болған жағдайда шомылуға болмайды;
- Қарсыласыңды суда ұстап тұру ойынымен ойнауға болмайды, себебі ол адам тұншығып және есін жоғалтуы әбден мүмкін.
Балалардың өміріне қауіп төндіретін фактордың бірі – өрт. Өкінішке қарай, Төтенше жағдайлар министрлігі мен оның аумақтық бөлімшелері өрттердің алдын алу мақсатында өткізіп жатқан профилактикалық шараларына қарамастан, жыл басынан бері елімізде өрт кезінде 182 адам, оның ішінде 19 бала қайтыс болып, 175 адам жарақат алды.
2024 жылдың 7 айында республика аумағында 5 671 өрт орын алды. Өрт кезінде 623 адам, оның ішінде 203 бала құтқарылды. 2926 адам эвакуацияланды, - делінген Төтенше жағдайлар министрлігі ұсынған ақпаратта.
Ата-аналарға балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мүмкіндігінше төтенше жағдайларда өзін қалай ұстау керектігі туралы жиі сөйлесіп, өрт және басқа тұтанғыш заттармен ойнаудың ықтимал салдары мен қаупін түсіндіруі керек.
Балаларға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтану шарттары:
- Балаларға өрт кезінде жасырынып қалуға болмайды, бұл өте қауіпті;
- Балаларға сіріңкемен ойнауға, электр құрылғыларын қосуға болмайды;
- Өрт кезінде дереу бөлмеден шығу керек, және басқа да өзінен кіші балаларға көмектесу қажет;
- Өрт болған жағдайда «101» және «112» нөміріне телефон шалу керек. Балалар өрт сөндірушілерді шақыра отырып, оларға нақты түрде аудан немесе елді мекенің, көшенің, үй нөмірін, қабатын, подъезді, пәтерді және өрт қай жерден шыққанын айтып, сонымен қатар кім телефон соғып тұрғанын хабарлауы тиіс.
Астана қаласы әкімдігі №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының балалар травматолог-ортопед дәрігері Мұхтар Ахмурзаев бірінші кезекте баланың денсаулығына ерекше көңіл бөлу керек деп есептейді.
Бұрынғы кезде табиғи тағамдар көп болды. Қазір экология бар, фастфуд тағамдары, газдалған сусындар денсаулыққа, әсіресе сүйектің беріктігін әлсіретуге әсерін тигізбей қоймайды. Сол себепті де болар кейде балалар ауыр жарақат алып жатады, - дейді балалар травматолог-ортопед дәрігері.
Мұхтар Жексенбайұлының сөзінше, баланың денсаулығына ауыр зақым келсе, уақыт жоғалтпастан, бірден жедел жәрдемге хабарласып, алғашқы медициналық көмек көрсету керек.
Қазіргі таңда балалар арасында таралған жарақаттың түрі көп. Әсіресе, кәмелет жасына толмаған балалар мопедтен құлап, жарақат алып жатады. Негізінен мопед айдауға тек 16 жасқа толған жасөспірімдерге рұқсат етіледі, алайда ауруханамызға 16 жасқа жетпеген балалар көптеп келеді. Одан кейін емделушілердің арасында жол апатына тап болған балалар да жетерлік. Олар көбіне жол ережесеін сақтамай, ата-анасының бақылауынан шығып кеткендіктен апатқа ұшырап жатады, - деді Мұхтар Ақмырзаев.
Сонымен қатар балалар травматолог-ортопед дәрігері биік қабаттан құлаған балалардың саны өте көп дейді.
Өкінішке қарай, күніне жоқ дегенде екі-үш бала биіктен құлап, ауруханаға түседі. Біз үнемі ата-аналарға ескерту айтып жүреміз. Негізі терезелерге орнататын москит торы өте қауіпті. Балалар сол тор арқылы абайсызда терезеден құлайды. Сондықтан москит торы қандай да бір қауіп-қатерден сақтап қалады деп ойламаңыздар, - деді Мұхтар Жексенбайұлы.
Оның айтуынша, терезеден құлаған балалар ауруханаға көбіне ауыр жағдайда түседі. Ол балалар жан сақтау бөліміне жатқызылып, күрделі оталардан өтеді.
Балалар алатын ең ауыр жарақаттың бір түрі ол басынан алған жарақаты дер едім. Себебі оның соңы мүгедікке дейін жеткізуі мүмкін. Одан кейін ішкі ағзалардың жарақаттанып, бауыр-бүйрегі жарылып, күрделі оталардан өту балаларға ауыр тиеді. Қол-аяғы қатты зақымданған кезде амалсыздан ампутация жасалатын жағдайлар да кездеседі, - дейді Мұхтар Ақмырзаев.
Дәрігер жоғарыда аталған жағдайларға тап болмас үшін балалардың қауіпсіздігі туралы профилактикалық шаралар жиі өткізілуі тиіс деген ойда.
Балалардың қауіпсіздігін сақтау тікелей әке-шешенің мойнында. Қазіргі дамыған заманда бәрінің қолында телефоны бар. Ата-ана қандай да бір секундқа смартфонға қараймын деп, баласының жарақат алуына себепші болып жатады. Сондықтан баласын далаға серуендеуге алып шыққан адамның назары тек баласында болуы қажет. Кейде балалардың ата-анасымен сөйлесіп, бір ұрысып алғың келеді. Ұрыссаң, ренжиді. Сол себепті балабақшада болсын, мектепте болсын арнайы әке-шешелерге профилактикалық шаралар өткізілуі тиіс деп есептеймін, - деді Мұхтар Жексенбайұлы.