Қазақстанда соңғы он жылда балалар арасындағы даму кешеуілі үш есеге артқан. Денсаулық сақтау министрлігінің 2024 жылғы есебі бойынша, мектепке дейінгі жастағы әрбір бесінші балада сөйлеу немесе моторикалық кешеуіл белгілері бар. Бұл көрсеткіш тек медицина емес, қоғамның коммуникация мәдениетінің де айнасы, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Дефектолог Әйгерім Жанат бұл деректі жай статистика ретінде емес, қоғамға ескерту ретінде қабылдайды:
Даму кешеуілі – отбасылық жылудың азаюының белгісі. Егер үйде эмоция, диалог және шынайы уақыт азайса, бала әлеммен байланысын гаджет арқылы орнатады. Ал гаджет сезім бермейді.
Балалық шақтағы үнсіздік - жай мінез емес
Психологтар «үнсіз бала»феноменін жиі байқап жүр. Бұрын "жақсы бала - тыныш бала" саналса, қазір керісінше: тым тыныш балада эмоционалды немесе сөйлеу тежелісі болуы ықтимал.
Бала сөйлемей, тыңдап қана жүрсе - бұл оның әлеммен арақатынас тәсілі бұзылғанын көрсетеді.
Әйгерімнің айтуынша, ата-аналар кейде осы белгіні байқамай қалады:
"Қарашы, ешкімге кедергі жасамайды, өзімен-өзі ойнайды" дейді. Ал шын мәнінде бала шеттеніп бара жатыр. Онымен сөйлессең, көзіңе қарамайды, эмоция білдірмейді. Бұл - сигнал.
Әйгерімнің сөзінше, ата-аналардың 60 пайызы алғашқы белгілерді байқап, бірақ сенбеуге тырысады.
Көпшілігі "басқалар не дейді" деп ұялады. Ал шындығында, ерте жүгінген сайын нәтиже тез келеді. 2–3 жас аралығында ми ең икемді кезеңде болады. Бұл кезде жасалған әр жаттығу баланың болашақ оқу, сөйлеу, тіпті мінез дағдысына әсер етеді
Ата-аналарға арналған "10 алтын ереже"
Қазір Қазақстанда 250-ден астам түзету кабинеттері бар, бірақ олардың көпшілігі ірі қалаларда орналасқан. Аймақтарда дефектолог тапшылығы сезіледі.
Маманның айтуынша, әр аудан орталығында «ерте көмек қызметі»болуы керек.
Балаға үш жасқа дейін көмек көрсетілсе, оның мектепке бейімделу ықтималдығы 95%. Ал кеш араласқанда бұл көрсеткіш 60%-ға дейін төмендейді.
– Әйгерім ханым, «даму» дегенде нақты нені түсінуіміз керек?
– Даму - бұл баланың өмір бойы жүретін жүйелі процесс. Ол бір ғана саланы емес, тұтас жеті бағытты қамтиды:
Бұл салалардың бірінде кешеуіл болса, қалғанына да әсер етеді. Мысалы, сөйлеу баяуласа - ойлау мен әлеуметтік қатынас тежеледі.
– Ауытқулардың жиі кездесетін себептері қандай?
– Бірінші фактор - перинаталдық қиындықтар. Жүктілік кезінде ананың гипоксиясы, стресс, инфекциялар, босану кезіндегі жарақаттар баланың жүйке жүйесіне әсер етеді.
Екінші фактор - генетикалық және неврологиялық ерекшеліктер. Кей балаларда тұқым қуалайтын тіл және моторика бұзылыстары болады.
Үшінші фактор - әлеуметтік орта. Қазір көптеген ата-ана баламен сапалы сөйлесуге уақыт таппайды. Телефон, теледидар, баланың жалғыз отыруы - бұлардың бәрі даму қарқынын тежейді.
Төртінші фактор - гаджетке тәуелділік. 3 жасқа дейін экран уақыты нөлге тең болуы керек.
Мысалы, күніне екі сағат YouTube көретін балада сөйлеу кешеуілі 1,5 есе жиі кездеседі.
– Ерте байқалатын белгілер бар ма?
– Әрине.
Міне, осы белгілердің біреуі байқалса - бұл «күте тұрайық» емес, «әрекет етейік» деген белгі.
– Кейде ата-аналар баланың кеш сөйлеуін «ерке» болуымен байланыстырады. Бұған не дейсіз?
– Бұл ең кең тараған қате түсінік. Еркелік - эмоциялық құбылыс, ал тіл кешеуілі - нейрофизиологиялық мәселе. Бала еркелікпен емес, қажеттіліктің болмауымен сөйлемейді.
Егер бәрін ата-анасы түсініп, орындап отырса, балаға сөйлеп не керек? Сондықтан балаға таңдау ұсыну керек: «Қызыл доп па, көк доп па?», «Қайсысын аласың?»- осындай диалогтар тілге түрткі болады.
– Баланың дамуында тіл мен моторика неге қатар жүреді?
– Себебі сөйлеу аймағы мен саусақ қозғалысы аймағы мида қатар орналасқан. Саусақпен жұмыс істеген сайын ми сөйлеу жүйесін белсендіреді. Сол үшін біз ұсақ моторикаға ерекше мән береміз: жіп өткізу, пластилин, түйме тағу, сурет салу. Қарапайым қол қозғалысы - күрделі тілдің бастауы.
– Эмоциялық даму ше?
– Бұл да басты фактор. Эмоциялық интеллект дамымаған бала қарым-қатынасты қиын қабылдайды. Эмоцияны атау - баланы сөйлетуге алғашқы қадам. Мысалы, «сен қуанып тұрсың», «ренжідің бе?» деп сезімін атаңыз. Сонда бала ішкі күйін сөзбен жеткізуді үйренеді.
Бала дамуындағы ауытқулардың басты қағидасы – неғұрлым ерте анықтасаң, соғұрлым оңай түзетесің. Себебі 0–6 жас аралығы – баланың миында жаңа нейрондық байланыстар ең қарқынды түзіледі. Бұл кезеңде жасалған әрбір әрекет, әр сөз, әр ойын оның болашақ интеллектуалдық қорының бөлігіне айналады.
– Әйгерім ханым, диагностика қалай жүргізіледі?
– Алдымен біз ата-анамен егжей-тегжейлі сұхбат жүргіземіз. Бала қашан еңбектеді, қашан отырды, қандай сөздерді айтты, қандай аурулармен ауырды - бәрі есепке алынады.
Содан соң бала бақылауға алынады. Арнайы әдістер бар:
Осы мәліметтер арқылы біз баланың даму профилін құрамыз. Бұл карта оның күшті және әлсіз жақтарын анықтайды.
– Көп ата-ана «диагноз қояды» деп қорқады. Бұл дұрыс түсінік пе?
– Бұл - кең тараған қорқыныш. Шын мәнінде дефектолог ешқандай «қатты диагноз»қоймайды. Біз ауруды емес, ерекшелікті көреміз.
Мысалы, "дамуының жеңіл кешеуілі" – бұл түпкілікті үкім емес. Бұл - бағыт, яғни қандай әдіс тиімді екенін көрсететін жол карта.
Баланы «ауытқуы бар» деп емес, «даму бағыты өзгеше» деп қабылдау керек.
– Түзету жұмысы неден басталады?
– Бірінші кезең – баламен эмоционалды байланыс орнату.
Егер ол сенбесе, еш әдіс көмектеспейді. Сондықтан алғашқы сабақтарда біз жай ғана ойнаймыз, күлеміз, байланыс құрамыз.
Екінші кезең – сенсорлық интеграция.
Бұл – баланың есту, көру, сипап сезу жүйелерін үйлестіру. Мысалы, бізге "теңселу", "жүру", "қуыршақты тербету", "жұмсақ шармен массаж" сияқты қарапайым әрекеттер керек.
Үшінші кезең – ұсақ және артикуляциялық моторика.
Саусақ гимнастикасы, үрлеу жаттығулары, түтік арқылы мақта үрлеу – бәрі тіл бұлшықеттерін белсендіреді.
Төртінші кезең – сөйлеу белсенділігін арттыру.
Біз «жабық»балаға алдымен дыбыс айтуды емес, қарым-қатынасқа түсуге үйретеміз: көрсет, таңда, сұра, жауап бер.
– Ал түзету жұмысының ұзақтығы қандай?
– Әр балаға жеке.
Кейбірінде 3 айда айқын нәтиже болса, кейбіріне 1 жыл қажет.
Бірақ орта есеппен, жүйелі сабақтармен 6 айда балада айқын серпін байқалады: көзбен байланыс тұрақтанады, сөз пайда болады, назар ұзарады.
Бірақ ескеретін нәрсе – дефектолог аптасына 2–3 рет қана көреді, ал үйде ата-ананың күнделікті жұмысы шешуші рөл атқарады.
– Мұндай қарапайым әдістердің нәтижесі шынымен бар ма?
– Иә, және бұл ғылыми дәлелденген.
Америкалық нейропсихолог Л. Каплан зерттеуінде: ата-анасы күніне кем дегенде 15 минут шынайы қарым-қатынас орнатқан балалардың сөйлеу деңгейі 4 айда 2 есе артқан.
Біздің тәжірибемізде де солай. Үнемі сөйлесу, ойын арқылы белсендіру - ең күшті терапия.
– Ұсақ моторика туралы айттық. Ал ірі моторика ше?
– Ол да маңызды.
Баланың тепе-теңдігі, дене қимылы, кеңістікті бағдарлауы ойлауға да әсер етеді.
Мысалы, бала жиі құласа немесе жүгіру кезінде қимылы үйлеспесе, бұл мидың үйлестіру аймағының әлсіздігін көрсетеді.
Сондықтан біз жаттығуларды физикалық қозғалыспен байланыстырамыз: секіру, жүру, айналу, тепе-теңдік ойындары.
– «Сөйлемейді, бірақ бәрін түсінеді» жағдайында не істеу керек?
– Бұл – жиі кездесетін көрініс. Бұл кезде баланың рецептивті тілі (түсіну) бар, бірақ экспрессивті тілі (айту) дамымаған.
Мұндайда ең бастысы – қысқа және нақты сөйлеу үлгісі.
Бала «доп»десе, сіз "Қызыл допты бер" деп кеңейтіңіз.
Бірақ күрделі сөйлемдермен емес, қарапайым қайталау мен үлгімен үйретіңіз.
– Гаджеттен толық бас тарту керек пе?
– Иә, 3 жасқа дейін – міндетті түрде.
Ал 3 жастан кейін де күніне 20 минуттан аспауы керек, ол да ересекпен бірге.
Бала не көріп отыр, не естіп отыр - соны талдау маңызды.
«Қарашы, мына бала не істеп жатыр?» деген сұрақ арқылы пассив көруді белсенді қабылдауға айналдырамыз.
– Сізде ерекше есте қалған мысал бар ма?
– Иә, үш жасар ұл бала мүлде сөйлемейтін. Тіпті көзбен байланыс орнатпайтын. Анасы үмітін үзген. Біз 6 ай бойы жұмыс істедік: сенсорлық терапия, қозғалыс, саусақ жаттығулары, ойын арқылы дыбыстар. Бір күні бала "мама" деді.
Ол сәттегі ананың көз жасын ұмытпаймын. Қазір ол балабақшада сөйлеп, тақпақ айтып жүр.
Бұл мысал ата-ана мен маманның бірлескен еңбегінің нәтижесі.
Негізгі терапия – ата-ананың махаббаты, назары және тұрақтылығы.
Көп жағдайда нәтиже кабинетте емес, үйде - ас үй мен ойын бұрышында басталады.
– Әйгерім ханым, ата-ананың рөлі қандай?
– Біз көбіне баланың дамуын маманға тапсырып қоямыз. «Сабаққа барып жүр ғой»деп ойлаймыз. Бірақ даму - тек орталықта емес, күнделікті өмірде қалыптасады.
Мысалы, бала қасық ұстай алмай ма? Демек, оны 10 минутқа үйрету - ата-ананың жұмысы.
Бала сөйлемей ме? Демек, күніне 5–6 рет диалог бастау керек.
Маман бағыт береді, бірақ сол бағытта жүретін – отбасы.
Мен үнемі айтам:
"Баламен жұмыс – бір реттік сеанс емес, өмір салты".
Егер үйде сөйлеу мәдениеті болса, бала табиғи дамиды. Ал егер үйде үнсіздік, эмоция жоқ, ата-ана телефонда отыр – онда ең қымбат сабақ та нәтиже бермейді.
– Ата-аналар жиі жіберетін қателіктер қандай?
– Біріншісі – уақыт жоғалту.
Кей ата-ана «өзі сөйлеп кетеді», «ұл бала кеш бастайды»деп күтеді.
Бірақ 2–3 жылдық кідіріс баланың мектептегі үлгеріміне, өзін-өзі бағалауына әсер етеді.
Екіншісі – гаджетке сену.
Мультфильм тілді дамытпайды. Керісінше, баланы пассив тыңдаушыға айналдырады.
Үшіншісі – басқалармен салыстыру.
"Көрші бала сөйлейді, менікі неге сөйлемейді?" деген ой - ең зияндысы.
Әр баланың даму траекториясы жеке. Біреу ерте жүреді, біреу кеш сөйлейді, бірақ бастысы – жүйелілік пен қолдау.
Төртіншісі – шектен тыс қорғаныш.
Ата-аналар баланы бәрінен сақтаймыз деп, оны тәжірибеден айырады.
Бала құлап көруі, өз бетімен шешім қабылдауы тиіс. Сол кезде ми жауапкершілік пен тәуелсіздік дағдыларын қалыптастырады.
– Ерте араласу жүйесін қалай қалыптастыруға болады?
– Бұл - мемлекет деңгейіндегі маңызды міндет.
Қазір Қазақстанда ППТК (психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері) бар, бірақ бәрі бірдей қолжетімді емес.
Менің ойымша, әр емханада ерте скрининг бұрышы болуы керек.
6 ай, 1 жас, 2 жас, 3 жас кезеңінде педиатр тек салмақ пен бойды емес, даму көрсеткіштерін де бағалауы тиіс.
Мысалы:
Осындай қарапайым скринингтің өзі көптеген кешігу жағдайын алдын алады.
– Ал балабақша мен дефектологтың байланысы қандай болу керек?
– Міндетті түрде үйлесімді болуы керек.
Балабақша – баланың әлеуметтену мектебі. Егер тәрбиеші дефектологтың ұсыныстарын ескермесе, жұмыс баяу жүреді.
Мысалы, біз баланың назары қысқа екенін анықтасақ, тәрбиешіге «тапсырма ұзақтығын 3 минуттан асырмаңыз»деп жазбаша ұсыным береміз.
Бұл қарапайым, бірақ нәтиже береді.
Тағы бір маңызды нәрсе – визуал қолдау.
Топта суретті күн тәртібі, пиктограммалар, заттардың суретті белгілері болу керек.
Кей балалар үшін визуал ақпарат вербалдыдан тиімді.
– Билингвизм (қазақ-орыс тілді орта) дамуға әсер ете ме?
– Дұрыс ұйымдастырылса, жоқ. Керісінше, екі тілді балада когнитивтік икемділік жоғары.
Мәселе – тілдердің араласуында.
Егер ата-аналар «қазір тамақ ішем, потом пойдем гулять»деп сөйлесе, бала екі тілді де шала меңгереді.
Сондықтан әр тілге өз кеңістігін жасаңыз. Мысалы, әке – тек қазақша, ана – тек орысша сөйлесін.
– Ерекше балаларға қоғамның көзқарасы туралы не айтасыз?
– Бұл сұрақ мені қатты толғандырады.
Соңғы жылдары қоғам шынымен өзгеріп келеді: инклюзивті білім беру туралы жиі айтылып, ашық сөйлесе бастадық.
Бірақ әлі де стереотип көп. Кей ата-ана «басқалар не дейді»деп маманға баруға ұялады.
Мен әрқашан айтам:
"Маманға бару – әлсіздік емес, жауапкершілік"
Бала дамуындағы ауытқуды жасырған сайын, түзету қиындайды.
Қоғамның да, мектептің де, БАҚ-тың да міндеті – осы мәдениетті қалыптастыру.
– Ерекше балаларды қоғамға бейімдеу кезінде неге басымдық беру керек?
– Біріншіден, қабылдау мәдениеті.
Бала ерекше болса да, ол ең алдымен бала. Оған аяушылық емес, тең қарым-қатынас керек.
Екіншіден, инфрақұрылым мен педагогика.
Балабақшада сенсорлық бөлме, бейімделген ойындар, арнайы педагог болу керек.
Үшіншіден, ата-аналарға психологиялық қолдау.
Ерекше баланың ата-анасы жалғыздық сезімін жиі бастан кешіреді.
Олар үшін орта, кеңес клубтары, қолдау топтары қажет.
– Ерте диагностика қоғамның дамуына қалай әсер етеді?
– Бұл тек медицина мәселесі емес, экономикалық та фактор.
Ерте анықталған және түзетілген бала – ертең өнімді, білімді азамат.
ДДСҰ дерегінше, бір баланың даму кешеуілін ерте түзету мемлекетке 7 есе аз шығын әкеледі, ал ескерілмеген жағдай 10 есе көп әлеуметтік салдар тудырады.
Демек, ерте араласу - инвестиция.
– Сіздің ойыңызша, «жақсы ата-ана»деген кім?
– Жақсы ата-ана – мінсіз емес, қатысушы ата-ана.
Бала не сезінеді, неге қызығады, неден қорқады – соған назар аударып, онымен бірге үйренетін адам.
Қателессе де, мойындап, түзететін адам.
Баланың дамуындағы ең басты ресурс – эмоционалдық қауіпсіздік.
– Сіздің кәсіби тәжірибеңізден түйген өмірлік қағидаңыз бар ма?
– Иә, мен үнемі айтам:
«Балаға смартфон емес, қарым-қатынас керек. Диагноз емес, бағыт керек. Уақыт емес, тұрақтылық керек.»
Бала сөйлейді, егер оны тыңдайтын адам болса.
Бала дамиды, егер оны түсінетін орта болса.
Бала өзгереді, егер оған сенетін жүрек болса.
Әйгерімнің айтуынша, даму ауытқуы бар балалардың көпшілігі ерте араласқанда қатарластарына толық қосылады.
Бірақ бұл тек маманның еңбегі емес, ата-ананың психологиялық тұрақтылығының жемісі.
Қазір көптеген ата-ана әлеуметтік желідегі «идеал балалармен»салыстырып, өз баласының дамуынан қорқады.
– «Ал шындықта әр бала өз уақытымен дамиды. Ең бастысы – сүйіспеншілік пен жүйелілік», – дейді маман.
Бала өмірге келген сәттен бастап оның миында күніне миллиондаған жаңа нейрондық байланыстар түзіледі. Осы байланыстар арқылы ол көреді, сезеді, тыңдайды, үйренеді.
Бірақ бұл процесс табиғи жүре салмайды. Оны қоршаған орта, эмоция, тіл, қозғалыс, ұйқы, тіпті ананың дауысы бағыттап отырады.
Оның айтуынша, бала дамуы - дайын бағдарлама емес. Әр тәжірибе, әр сөз, әр жанасу оның жүйке жүйесінде жаңа із қалдырады. Сол себепті баланың дамуы сыртқы әсерге өте тәуелді.
Бала дамуы - жай биологиялық процесс емес, ұлттың интеллектуалдық болашағының көрсеткіші.
Ерте анықтау, уақытында түзету, ата-ананың белсенді рөлі – бұлар тек жеке отбасының мәселесі емес, ұлттық даму стратегиясының бөлігі болуы тиіс.
Бүгін баласына назар аударған ата-ана - ертең елдің сапалы адами капиталын қалыптастырады.
Сондықтан баланың дамуын бақылау - махаббаттың ең биік формасы.
Ерте диагностикалау мен түзету мәдениеті әлемнің дамыған елдерінде мемлекет деңгейінде қалыптасқан. Мысалы, Финляндияда баланың даму скринингі туған сәттен басталады. Әр бала 3 ай сайын арнайы «Neuvola» орталығына барып, логопед пен дефектолог тексерісінен өтеді. Ата-анаға үй жағдайында қолдануға арналған әдістемелік нұсқаулық беріледі: сөйлеу жаттығулары, ойын түрлері, сенсорлық тәжірибелер. Нәтижесінде Финляндияда даму кешеуілі бар балалардың үлесі бар болғаны 4,8% құрайды.
Жапонияда «Erabu»бағдарламасы бар - ол 0–6 жас аралығындағы баланың когнитивтік және моторикалық дамуын ай сайын бағалайды. Ата-аналар мобильді қосымша арқылы «Red Flag» белгілерін бақылай алады. Егер бала көрсеткіштен қалып қойса, қосымша автоматты түрде дефектолог пен психологқа жазылуға мүмкіндік береді. Сол себепті Жапонияда сөйлеу кешеуілі мектепке дейінгі жаста 2,1% деңгейінде ғана тіркеледі.
АҚШ-тағы тәжірибе де қызық. «Early Start Denver Model» атты бағдарлама арқылы ата-аналар баламен үйде өздері жұмыс істейді. Маман аптасына бір рет келіп, тек бағыт береді. Бұл жүйе 15 жылда 100 мыңнан астам баланы мектепке толық бейімдеуге көмектескен. Зерттеу нәтижесі бойынша, 2 жасында араласу басталған бала 6 жасында қатарластарынан еш айырмашылығы болмайды.
Әйгерім Жанаттың пікірінше, осындай халықаралық үлгілер Қазақстан үшін де қолжетімді.
Бізге дайын модель көшіріп алу емес, өз шындығымызға бейімдеу қажет. Ауылдық жерлерде дефектолог аз, бірақ мектеп пен емханадағы мейірбикелерді ерте скринингке үйретуге болады. Әр ауылда кем дегенде бір «ерте көмек нүктесі» болса, бұл мыңдаған баланың тағдырын өзгертеді.
Мысалы, 2023 жылы Балалар жылы аясында «Smart Bala» пилоттық жобасы іске қосылды.
Жобаға қатысқан 50 баланың 38-і сөйлеу белсенділігін 3 ай ішінде екі есеге арттырған.
Осы сияқты бастамалар аймақтарда кеңейтілсе, Қазақстан алдағы бес жылда даму кешеуілі бар балалар үлесін 20%-дан 10%-ға дейін төмендете алады.