Бала асырап алғандарға 1 млн теңгеден беру: Депутаттың бастамасы жетімдерді жұбата алады ма?

18 Мамыр 2023, 16:18 1492

Балалар үйіне ай сайын қомақты қаржы бөлінеді. Олардың санын қысқарту үшін сол қаржыны бала асырап алушыларға беру жайлы Мәжілісте бастама көтерілді. Алайда әлеуметтанушының пікірінше, капиталистік қоғамда бұл бастаманы жүзеге асыру қиынға соғады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 20-ға жуық балалар үйі бар. Еліміз бойынша қазір сәбилер үйінде 707 бүлдіршін тұрып жатыр, ал балалар үйінде 4916 тәрбиеленуші бар. Мәжіліс отырысының бірінде депутат Қарақат Әбден осы мәселені көтеріп, премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке депутаттық сауал жолдаған.

Оның пікірінше, қазіргі кезде де ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалар біздің қоғамның ең бір әлсіз санатына жатады. Кішкентай кезінен өмірдің ащысы мен тұщысын татқан бүлдіршіндер қамқорлыққа, мейірімге мұқтаж.

Жетімнің панасы – ел демекші, біз ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтендіруге, оларды отбасы жағдайында тәрбиелеу мәселесіне көбірек көңіл бөлуіміз қажет. Қанша жерден жетімдер үйінде қолайлы орта жасалса да, отбасы мен үй тәрбиесіне ештеңе жетпейді. Бұл мәселені мен ұзақ уақыттан бері зерттеп жүрмін. Жетімдер үйіндегі балалардың жайы маған жақсы таныс. Отбасы жағдайында тәрбиеленген балалар қоғамға, үлкен өмірге тез бейімделетіні белгілі. Деректерге сүйенсек, балалар үйінен шыққан жандардың тек 10-15 пайызы ғана заман көшіне ілесе алады, ал өмірде өз орнын таба алмай жүрген жетімдер қаншама, - дейді депутат.

Әбден балалар үйінің санын азайтып, біртіндеп жабуға немесе олардың форматын толықтай өзгертуге мүдделі болу керегін айтады.

Оның орнына елімізде бала асырап аламын деушілерге көбірек жағдай жасаған дұрыс деп есептеймін. Бұл мәселе Мәжілісі төрінде бірінші рет айтылып жатқан жоқ. Жалпы балалар үйі жетімдерді әлеуметтендіру бойынша тиімді жұмыс жасай алмай отырғаны жасырын емес. Сондай-ақ көп жағдайда балалар үйінің жетекшілері балаларды асырап алғысы келетіндерге немесе патронаттық отбасыларға беруге ниет білдірмейді. Бас прокуратура мен Бала асырап алу жөніндегі агенттік тарапынан жүргізілген тексерістің нәтижесінде тіпті бала асырап алуға қарсы жасанды кедергілерді ойлап тапқан жетекшілер де анықталды. Өйткені әр балаға мемлекеттен ақша бөлініп отырады және ол аз ақша емес. Мысалы, балалар үйіндегі бір бүлдіршін үшін мемлекеттен айына 1 милллионға жуық қаражат беріледі. Осы қаражатты бала асырап алғысы келетін отбасыларды қолдауға бағыттасақ, бала үшін бұл әлдеқайда пайдалы болары анық, - деді депутат.

Оның айтуынша, балаларды отбасыларға орналастырудың жолдарын дамыту керек.

Қазір жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыға берудің бірнеше формасы бар: бала асырап алу, қамқоршылық, патронаттық тәрбие, патронаттық жанұя. Оның қатарында кәсіби немесе фостерлік отбасыларды құру бастамасы да бар. Бұл жоба да еліміздегі балалар үйінің санын азайтуға бағытталғаны белгілі. Осы орайда пилоттық форматта іске қосылған бұл жобаның қазіргі жағдайы қандай? Арнайы дайындықтан өткен фостерлік отбасылардың саны артты ма? Еліміздегі жетім балаларды орналастыруға шамамен 500 фостерлік отбасы қажет деп көрсетілген. Осы межеге қашан жетеміз? деген сұрақтар туындайды, - дейді Қарақат Әбден.

Әбден атағандай, 2019 жылдан бері айтылып келе жатқан фостерлік отбасы жобасы әлі де толыққанды іске қосылған жоқ. Фостерлік отбасыларда жұмыс істейтін мамандар да тапшы.

Осы жерде нақтылай кетсек, елімізде фостерлік отбасын құру туралы бастаманы Оқу-ағарту министрлігі жүзеге асыру керек болған.

Біз 2022 жылдан бастап балаларды отбасына орналастырудың тағы бір балама түрін енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл кәсіби немесе біз оны фостерлік отбасы деп атаймыз. Қазір біз бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірге осы жұмысты талқылап жатырмыз. Жақын арада оны ұйымдастыра аламыз деп үміттенемін, - деген еді сол кезде министр болып отырған Асхат Аймағамбетов.

Қарақат Әбден де бұл бастаманы іске асыру ұзақ дайындықты қажет ететінін жетізді.

Фостерлік отбасы институтын құру үшін ең алдымен қаржыландыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қажетті отбасыларды табу мен оқыту мәселелерін шешу керек. Десе де, бұл ұзақ процестен балалар зардап шекпеу тиіс. Жалпы, фостерлік отбасылардың пайда болуы – өте жақсы бастама деп ойлаймын, - деді ол.

Депутат осы орайда  балалар үйінің жұмыс бағытын өзгерту керек деп санайды.

Әрине, жетімдерге пана болған балалар үйін мүлдем жауып тастау дұрыс болмас. Себебі, өкінішке қарай, денсаулығында кінәрат бар, ауыр науқастарға шалдыққан балалар бар, оларды ешкім асырап алғысы келмейді. Сондай-ақ, асырап алған балаларды жетімдер үйіне кері қайтаратын жағдайлар да бар, бұл шамамен 18 пайызды құрайды. Бұл да бала үшін ауыр психологиялық соққы. Демек, балалар үйінің жұмыс жүйесін осындай бүлдіршіндерге көмек көрсететін реабилитациялық орталық ретінде қайта қарастырған жөн.Ел болып, қорғансыз жетім сәбилерге көмек қолын созайық. Қоғамнан басқа олардың жанашыры жоқ, - деген еді депутат Қарақат Әбден.

Әлеуметтанушы Эльмира Отар мұндай бастама кері процестерге алып келуі мүмкін екенін айтады.

Кез келген процесті, жаңашылдықты ойластырған кезде екі жағын да ойластыру керек. Бір қарағанда бұл бастама оң іс-әрекет болып көрінеді. Асырып алушылардың санының көбеюіне, жетімдер үйінің жабылуына да алып келуі мүмкін. Бірақ капиталистік, барлығы материалдық құндылыққа, мүлікке негізделген қоғамда оңтайлы емес, гуманистік емес, кереғар әрекеттер кездесуі мүмкін, - деді ол.

Әлеуметтанушының айтуынша, депутаттардың мұндай бастамалары тыңғылықты зерттеліп, сарапталуы керек.

Қарапайым тұрғыдан алсақ, басқа елдердің де тәжірибесін қарау керек. Екінші мәселе – біздің менталитет. Біздің елдегі кейбір заңнама әлі күнге дейін жұмыс істемейді. Себебі көп жағдайда шетелдің тәжірибе арқылы әзірленіп, шикілік басым болып жатады. Сондықтан ол кері әсерін тигізуі әбден мүмкін, - деді Эльмира Отар.

Оның айтуынша, елімізде көпбалалы аналарға үй беру мәселесін де бизнеске айналдырып жібергендер шыққан.

Мұндайды айтпасқа болмайды. Мемлекеттен көмек алатын, мүмкіндігі шектеулі баласы бар азаматтар көмекті алуды басқа мақсатта қолданып, жалған жолмен алып, пайдасын  көру үшін айлаға бару сынды  проблемалар бар. Сондықтан бұл жан-жақты қаралуы керек. Бұл мәселе бойынша көп депутат айтты. Ол қабылданып жатса да, көптеген тетіктер жеке жазылуы керек, - дейді әлеуметтанушы.

Аягөз ҚҰРМАШ
Бөлісу: