Бала 18 жасқа толғанға дейін жинақталған Ұлттық қордағы қаражат 10 жыл бойы сақталады

26 Қазан 2023, 12:34 1249

2023 жылғы 1 қазандағы ресми дерек бойынша, елдегі 18 жасқа дейінгі жалпы бала саны 7 миллионды құрады. Бұл туралы қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған жолдауында «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске асыруды ұсынды. Бұл жоба өскелең ұрпақтың ересек өмірге нақты жолдама алуына бағытталған алғашқы қадам болды.

Парламент қабылдаған заңға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызын 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балаларға тең бөлу көзделген. Ұлттық қор қаражатын білім алуға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған нақты екі мақсатта пайдалану ұсынылады, - деп атап өтті вице-министр.

Дәурен Темірбековтің сөзінше, бала 18 жасқа толған кезде жинақталған қаражат баланың айрықша меншігі болады. Уәкілетті операторларға өтініш бергеннен және шотты ашқаннан кейін жинақталған қаражат көрсетілген шотқа аударылады.

Бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталатын құқық беріледі. Шоттағы қаражат 10 жыл ішінде талап етілмеген жағдайда, сол адамның зейнетақы шотына аудару мүмкіндігі бар, - деді ол.

Бала Қазақстан Республикасы азаматтығын жоғалтқан кезде төлемдерге талап қою құқығы да жойылады.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: