Әзірбайжан астанасы Бакуде бокстан “Ұлы жібек жолы” халықаралық бәсекесі жалғасуда. Бүгін турнирдің екінші күні. Шаршы алаңға шыққан қазақстандық үш боксшы да жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бокс федерациясының мәліметінше, алаңға алдымен 60 келі салмақ дәрежесіндегі Талғат Сырымбетов шықты. Венгриялық Марк Адольф Балоқпен кездескен отандасымыз қарсыласын еш қиындықсыз жеңіп, үшінші раундта нокдаунға жіберді.
Алаңға екінші боп шыққан 71 келі салмақ дәрежесіндегі Дархан Дүйсебай ширек финалда алаң иесі Наби Искандаровты тізе бүктірді. Алдыңғы қолын алға созып, қарсыласын қасына жақындатпаған солақай боксшымыз төрешілердің бірауызды шешімімен жеңімпаз деп танылды.
86 келі салмақ дәрежесіндегі Бекзат Таңатар аса тартысты өткен жекпе-жекте Өзбекстанның тәжірибелі боксшысы Самандар Джалоловтан жеңісті жұлып алды. Өте қарқынды өткен айқаста екеуі де аянып қалған жоқ. Бірақ жеңіске деген құштарлығы басым болған Қазақстан боксшысы нағыз панчерлік бокс үлгісін көрсетті.