3 Қыркүйек 2018, 10:25
Қазақтың оң жамбасына қонған өнердің бірі – күрес. Кәдімгі балуандар күресі. Сірә, халқымыздың бағына туған Қажымұқан бабамыздың хас шеберлігі мен батырлығына тәнті болмаған қазақ баласы жоқ шығар. Сол күш атасы салып береген сара жолды бүгінде талай өрен абыроймен жалғастырып жүр.
Бұрынғы Көкшетау облысының Қызылту ауданындағы Саға ауылында дүниеге келген Малғаждар Омаров табиғатынан елгезек, шапшаң болып өсті. Ұялы кеңшарындағы мектептің табалдырығын аттасымен күрес үйірмесіне жазылады. Күнұзақ боз кілемде жаттығудан жалықпайтын жасөспірімге бапкердің де ықыласы ерекше болды. Бірнеше ай үздіксіз жаттығып, күрестің қыр-сырын едәуір меңгеріп қалған баланы жаттықтырушысы алғашқы рет аудандық жарысқа алып барғанда Малғаждар да бапкерін жерге қаратқан жоқ. Жүздеген бала белдескен жарыста үшінші орынға қол жеткізді. Одан кейін де жасөспірімдер арасындағы облыстық және республикалық жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көріне бастады. Мектепті бітіретін әр түлек өзіне ең жақын мамандықты таңдайтыны белгілі. Осы ретте Малғаждар Омаров өз келешегін спортқа арнайтынын алдын ала межелеп қойған болатын. Содан қолына орта білімі туралы аттестатын алысымен Алматыға бір-ақ тартты. Қазақ Мемлекеттік дене тәрбиесі және спорт институтына құжаттарын тапсырған ол емтихандардың бәрін жақсы тапсырып, бала кезінен армандаған мақсатына қол жеткізді.
Малғаждар оқу мен спортты қатар алып жүрді. Оқудан тыс уақыттарында күрес залынан шықпайтын талапты жастың еңбекқорлығын шынайы бағалаған бапкерлері де оған күрес тәсілдерін үйретуден еш аянып қалған жоқ. Бір айтарлығы Малғаждар күрестің бірнеше түрімен қатар айналысты. Соның ішінде самбо күресіне ерекше көңіл бөлді. Алматыға келген бетте алғаш қатысқан жарысы да самбо күресінен «Динамо» қоғамының облыстық біріншілігі болды. Алған сәттен алғашқы қос қарсыласын алып ұрған Малғаждар финалдық белдесуге бір-ақ шықты. Шешуші жекпе-жегінде де ширақтық танытып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Бұдан кейін де М. Омаров Шымкент қаласында өткен Бүкіл Қазақстандық универсиадаға қатысып, студенттер арасындағы еліміздің чемпионы атағын қанжығасына байлады.
1970 жылы Семейде қазақша күрестен өткен Қазақстан спартакиадасына барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, жеңіс биігінен көрінген ол самбо мен қазақша күрестен бірнеше республикалық жарыстарда топ жарып, Қазақстан құрамасына қабылданады.
Бұл 1971 жыл болатын. Грузияның Гори қаласында өтетін КСРО біріншілігіне Малғаждар өте жан-жақты дайындалды. Бұрынғы Кеңес Одағының барлық республикаларынан ең мықты самбошылар сынға түскен байрақты бәсекеде жүлдегер атанған балуандарға спорт шебері атағы қоса берілетіні алдын ала белгілі еді. Ал, КСРО-ның спорт шебері атағын алу Малғаждардың бала кезінен алдына қойған мақсаты болатын. Сондықтан осы мүмкіндікті қолдан жіберіп алмау ол үшін тіптен қажет еді. Сол кездегі бапкері, бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, профессор Асқар Рахымұлы шәкіртіне бұл жарыстың аса маңыздылығын қайта-қайта түсіндіріп, намысына қамшы салып, жігерін жана берді. Сәтін салғанда Малғаждар алғашқы белдесулерін жақсы өткізіп, жартылай финалға дейін жетті. Сөйтіп қола жүлдеге қол жеткізіп, КСРО-ның спорт шебері атағына ие болды.
Малғаждар Омаров өзімен бірге жаттығып, талай жарыстарда бір-біріне демеу болған жолдастарын әрқашанда мақтанышпен еске алады. Боз кілемде бірге белдескен Марат Жахитов бүгінде Қазақ күресінен Қазақстанның мемлекеттік жаттықтырушысы, КСРО-ның еңбек сіңірген бапкері болса, Керей Қойшыбеков Қазақ самбошыларын әлемге танытып жүрген майталман маман, әрі самбодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері. КСРО-ның спорт шебері Мәжит Есенбаев бүгінде мемлекет қайраткері. Астанадағы «Балалар мен жасөспірімдер» спорт мектебінің директоры, доцент, Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Жомарт Сабыржанов пен КСРО спартакиадасының жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Александр Пушницамен де әлі күнге араласып-құраласып тұрады. Боз кілемнің осыншама биіктерін бағындырған спорт саңылағы өзі секілді өр ұлдарды тәрбиелеуді де қаперінен еш шығарған емес. Институтты бітірген соң Малғаждар Омаров Алматыда қалып «Буревестник» республикалық қоғамында бапкерлік жұмысқа кірісті. Кейін жас маман көп ұзамай туған еліне оралды. Көкшетауға келіп «Балалар мен жасөспірімдер» спорт мектебінде 15 жылға жуық табан аудармай еңбек етті. Күрес десе ішкен асын жерге қойған Малғаждар ағамыз қазір де қарап отырған жоқ. Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы Талшық кентінде аудандық «Балалар мен жасөспірімдер» спорт мектебінде оқытушы-бапкер болып қызмет етеді.
Малғаждар ағаның ұзақ жылдар бойы төккен тері еш өтеусіз кеткен жоқ. 1977-жылдан бастап қазақша күрестен он алты спорт шеберін тәрбиеледі. Атап айтқанда Мұрат және Марат Шәмшінұровтар, Ертемір Нысанов, Сартай Нұрғалиев, Әубәкір Бектеміров, Серік Неғматуллин, Бауыржан Есенбаев, Мұратбек Шахманов, Тілеген Ахметов Мұрсал Сатанов, Болат Баймағанбетов, Сағынтай Елубаев, Бауыржан Жакетов секілді шәкірттері Қазақстан біріншілігінде сондай-ақ, талай додалы жарыстарда топ жарып өз бапкерлерінің мерейін өсіріп, еңбегін ақтады. Осы жылдардағы атқарған спорттық көрсеткіші үшін М.Омаров Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағына ие болды. Малғаждар ағаның қазіргі жас шәкірттері Қ. Манарбек, Р. Мират, Ә. Әлібек, М. Рауан, С. Қымбат, Ө.Айдана секілді ұл-қыздары облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы болып үлгірді. Шәкірт тәрбиелеуге сіңірген ерен еңбегі үшін М. Омаров ҚР Туризм және спорт министрінің бұйрығымен «Қазақстан Республикасына дене тәрбиесі және спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» құрметті атағымен марапатталды. Жыл сайын көктем айында Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданының әкімшілігі қазақша күрестен республикалық жарыс өткізуді дәстүрлі салтқа айналдырған. Биылғы жарыс асқаралы 60 жасқа толып отырған белгілі балуан, спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Малғаждар Омаровтың құрметіне арналып өткізілмек. Демек, бұл жарыс бақытын боз кілемнен тапқан табиғатынан таза, үлкенге ізетті кішіге ілтипатты ардақты ағаның мерейін тағы бір биікке көтеретін жарыс болмақ. Алпыстың асқарына шығып отырған ұлы даланың оғылан ұлына ұзақ ғұмыр, төккен терінің жемісін көре беруіне шын жүрегімнен тілектестік білдіремін.