19.07.2025
18:18
31989
«BaiQymyz» ұлттық фестивалінде 30 тоннаға жуық қымыз ұсынылды

«BaiQymyz» ұлттық фестивалінде 30 тоннаға жуық қымыз ұсынылды

Астанада алғаш рет ұйымдастырылған «BaiQymyz» ұлттық қымыз фестивалінде еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 30 тоннаға жуық қымыз елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды, деп хабарлайды  El.kz интернет порталы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара – тек қымыз мейрамы ғана емес, ұлттық дәстүр мен жылқы мәдениетін дәріптейді.

El.kz/Ахмеди Нарымбай

Астанада өтіп жатқан алғашқы ұлттық қымыз фестивалі «BaiQymyz – бапталған қымыздың» идея авторы, ұйымдастырушысы және демеушісі Жұмажан Қалтаевтың айтуынша, шара аясында Қазақстан бойынша 30 тоннаға жуық қымыз әкелініп, елорда тұрғындары мен қонақтарына ұсынылуда.

El.kz/Ахмеди Нарымбай

Бұл тек фестиваль емес, ұлттық дәстүрімізге, жылқы мен қымызға арналған үлкен мереке. Әрбір қазақтың дастарханында қымыз тұруы тиіс. Қымыз — ұлттың денсаулығ», — деді Қалтаев.

Фестивальге еліміздің барлық өңірінен 50-ден аса қымыз өндіруші қатысуда. Олар өз өнімдерін көпшілікке ұсынып, арнайы дауыс беру арқылы үздік қымыз анықталады. Дауыс беру төрт бағытта өтеді: халықтың онлайн таңдауы, қазылар алқасының бағалауы, өндірушінің презентациясы мен маркетингтік дайындық деңгейі, сондай-ақ зертханалық сараптама.

Жүлде қоры 45 миллион теңгені құрайды. I орын – 20 млн теңге, II орын – млн теңге, III орын – 10 млн теңге. Бұдан бөлек, тағы бірнеше номинация қарастырылған, — деді ұйымдастырушы.

«BaiQymyz» ұлттық қымыз фестиваліне Шұбар ауылынан келген «Батыр қымыз» шаруашылығы да қатысуда. Қатысушылардың бірі Батырбек Қошқарбай бұл шараны ұлттық дәстүрді қолдаудың үлкен алаңы деп есептейді.

El.kz/Ахмеди Нарымбай

Біз фестивальге 350 литр қымыз алып келдік. Бұл — бала кезден көріп өскен, ата-бабамыздан келе жатқан кәсіп. Қымызымызды тобылғымен ыстап, дәстүрлі әдіспен бабымен баптаймыз. Негізі Баянауыл-Ертіс өңіріненбіз, бірақ қазіргі таңда Астана іргесіндегі Шұбар ауылында табиғи өнімдермен айналысамыз, — деді ол.

Қатысушының айтуынша, бұл фестиваль қымыз өндірушілерге тәжірибе алмасуға, өз өнімін танытуға үлкен мүмкіндік беріп отыр.

El.kz/Ахмеди Нарымбай

Бұдан өзге Ұлытау облысы, Жаңаарқа өңірінен келген қымыз өндіруші Айтбай Қасымов 350 литр қымызын әкелген. Оның айтуынша, бұл брендті қымыз еліміздің нарығында 2008 жылдан бері бар.

El.kz/Ахмеди Нарымбай

Қымыз өндірісін 2008 жылы бастадық. Қазір Астана мен Қарағандыға тұрақты түрде жеткізіп отырмыз. Қазақстан бойынша жалпы 15 мың литр қымыз тараттық. Біздің өнім «Жаңаарқа» брендімен Magnum, Smol секілді ірі сауда орындарында сатылады, — деді кәсіпкер.

Қымыздың ерекшелігі – жұмсақ әрі үйлесімді дәмінде. Ашытылуы тым қатты емес, тұтынушыға жеңіл сіңімді. Айтуынша, болашақта осы қымыздан йогурт пен балмұздақ шығару жоспарланған.

El.kz/Ахмеди Нарымбай

Фестивальге арнайы Германиядан келген кәсіпкер Ханс Цольман өзінің отбасылық тарихымен бөлісті. Оның айтуынша, қымыз өндірісін Еуропада алғаш бастаған адам — оның қайын атасы, доктор Рудольф Штольх.

El.kz/Ахмеди Нарымбай

Қайын атам 1959 жылы Қазақстаннан бие сүтін әкеліп, Германияда алғаш болып қымыз өндіру процесін жолға қойған. Қазіргі таңда біздің кәсіпорын 66 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Алдағы уақытта бұл істі одан әрі дамытамыз деп үміттенеміз, — деді Цольман мырза.

Оның айтуынша, Германияда да қымызға сұраныс бар. Әсіресе, денсаулыққа пайдалы өнім ретінде бағаланады. Цольман Қазақстандағы қымыздың дәміне жоғары баға беріп, отандық өнімнің табиғилығы мен сапасы ерекше екенін атап өтті.

El.kz/Ахмеди Нарымбай

Айта кетейік, фестиваль 19-20 шілде күндері Астанадағы «Қазанат» ипподромында өтуде. Қымыздан дәм татудан бөлек, келушілер ұлттық тағамдардан ауыз тиіп, фольклорлық қойылымдарды тамашалап, қолөнер жәрмеңкесіне қатысып, концерттер мен жылқы көрмесін көре алады.

El.kz/Ахмеди Нарымбай

«BaiQymyz» жобасы — қымыз ішу мәдениетін қайта жаңғыртуға, фермерлікті дамытуға және жергілікті брендтерді ілгерілетуге бағытталған.

El.kz/Ахмеди Нарымбай