17.07.2025
20:13
19471
«BaiQymyz» фестивалінің сыйақы қоры анықталды

«BaiQymyz» фестивалінің сыйақы қоры анықталды

Астанадағы «Қазанат» атшабарында 19-20 шілде күндері қазақ халқының дәстүрлі сусыны – қымызға арналған ауқымды «BaiQymyz – Бапталған қымыз» гастрофестивалі өтеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, іс-шараға еліміздің барлық өңірінен 50-ден астам қымыз өндіруші қатысады деп күтіліп отыр. Қонақтар саны 60 мың адамға дейін жетуі мүмкін.

Фестивальге байланысты 19-20 шілде күндері №18, 37 және 303 бағытындағы автобус қозғалысына уақытша өзгерістер енгізіледі. Осыған орай, қала тұрғындары мен қонақтарына жол жүру бағытын алдын ала жоспарлау ұсынылады.

Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық тағам мәдениетін қайта жаңғырту, атап айтқанда, қымыз өндірісін ілгерілету және бұл дәстүрді халықаралық деңгейде таныстыру. Фестиваль аясында ең үздік қымыз өндірушіні анықтайтын байқау өткізіледі, - делінген мәліметте.

Жеңімпаздар мынадай жүлде қорымен марапатталады:

  • І орын – 20 млн теңге;
    • ІІ орын – 15 млн теңге;
    • ІІІ орын – 10 млн теңге.
    Жалпы жүлде қоры – 45 миллион теңге.

Фестиваль қазақтың ұлттық сусынын – қымызды денсаулық пен қонақжайлылықтың символы ретінде дәріптеуге, сонымен қатар еліміздегі агротуризм мен жылқы шаруашылығын дамытуға серпін беруге бағытталған.