Бағдат Мусин Sergek Group компаниялар тобының кеңсесіне барды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Sergek Group компаниялар тобының кеңсесіне бардым. Олар қоғамдық және жол қауіпсіздік бағытында интеллектуалды жобаларды әзірлеумен айналысады.
Компанияның негізін қалаушылар Қайрат пен Әсет Ахметовтер аз уақыт ішінде талантты команда жасақтап, көптеген жаңаша идеяларды бірлесіп жүзеге асырып келеді.
Көптеген адамдар «Сергекті» – жол қауіпсіздігін бақылауға арналған көше қиылыстарына орнатылған бақылау камералары деп таниды. Шын мәнінде, бұл камералардың артында көптеген мамандардың еңселі еңбегі жатыр. Компания Smart City саласында да көптеген қызықты IT-өнімдерді іске асыруда.
Мәселен, «Sergek Qorgau» полиция қызметкерлеріне арналған мобильді қосымшасы. Қосымшаға патрульдер арнайы планшетпен кіріп, кез-келген уақытта жүргізушілер мен көлік құралдарына қатысты мәліметтерді арнайы дерекқордан қарай алады. Бүгінгі таңда компания өнімдерінің пайда болуымен автокөліктерді ұрлау фактілері және жол ережесін бұзушылардың саны айтарлықтай азайды деп айтуға болады.
Сондай-ақ, компания мамандары көшедегі көлік ағынын ыңғайлы және тиімді талдауға ықпал ететін «Sergek ITS» интеллектуалды көлік жүйесін әзірлеген.
Олар қоршаған ортаны қорғауға да өз үлестерін қосуда. Мұндағы IT- мамандардың MEP4 эко датчиктерін ойлап тапқандығы осының айғағы. Датчиктер дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына сай келеді және оның қызметі ауа сапасын тексеруге арналған. Құрылғылар аппараттық-бағдарламалық кешендерді, цифрлық көлік моделін, Big data-ны қолдану арқылы қоршаған ортаның ластануы туралы толыққанды ақпарат ұсынады. Бүгінде олар Алматы мен Астанада пилоттық режимде қолданылуда.
Sergek Group компаниялар тобында 100 инженер жұмыс істейді. Компанияда барлығы 1000-ға жуық адам еңбектенуде, ал кеңселері Астана, Алматы, Өскемен, Атырау, Семей, Түркістан, Тараз және Ақтауда орналасқан.
Қазіргі уақытта мамандар Қазақстандық IT-өнімдерді экспортқа шығару бойынша жұмыс жүргізуде. Қазірдің өзінде Өзбекстанның Наманган қаласында өз жобаларын іске қосты, алдағы уақытта Моңғолия, Филиппин елдерінде пилоттық жобаларын бастауды жоспарлауда.
Компанияның ішкі нарықта ғана емес, әлемдік аренада да болашағы зор екеніне сенемін! Олардың істеріне жаңа жетістіктер тілеймін!" деп жазды Б.Мусин.