Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) Өзбекстан азаматтары үшін жүргізуші куәліктерін тану тәртібін айтарлықтай жеңілдетті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Енді өзбекстандықтар әмірліктер аумағында көлік құралын басқару үшін халықаралық жүргізуші куәлігін рәсімдемей-ақ, өз еліндегі ұлттық куәлікті пайдалана алады. Бұл туралы БАӘ Ішкі істер министрлігі ресми мәлімдеді.
Министрліктің шешіміне сәйкес, Өзбекстан жүргізуші куәлігі жарамды елдер тізіміне енгізілді. Осылайша, туристік визамен келген азаматтар өздерінің ұлттық куәлігін көрсетіп-ақ, автокөлік немесе мотоцикл жүргізе алады. Қосымша рұқсатнама, тест немесе құжат талап етілмейді.
Ал БАӘ-ге уақытша немесе тұрақты негізде көшуді жоспарлаған азаматтар жүргізуші куәлігін жергілікті куәлікке ауыстыру мүмкіндігіне ие. Бұл үшін:
Өзбекстан куәлігінің нотариалды аудармасын ұсыну;
Медициналық тексеруден өту (көру қабілетін тексеру міндетті);
600 дирхам көлемінде мемлекеттік төлем жасау қажет.
Жүргізуші куәлігін ауыстыру рәсімі толықтай онлайн форматта жүзеге асырылады. Қажетті құжаттарды жүктеп, анкетаны толтырғаннан кейін пайдаланушы жаңа куәлікті электронды түрде немесе курьер арқылы ала алады.