Кезінде Елбасыға құрмет көрсету керек болды. Сол кездегі тарихи қажеттіліктен, ел қамынан, мемлекет тағдырынан туған бір шара болды. Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл осындай пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz.
Депутаттың айтуынша, уақыт өте келе Нұр-Сұлтан атауы әлеуметтік желіде, БАҚ-та болсын пікір туғызатын тақырыпқа айналған.
«Біршама азаматтар бұл туралы пікір білдіріп, бас қаланың қайтадан Астана болатынына өздерінің қуаныш-алғыстарын жеткізіп жатыр. Депутаттардың қала атын қайтару туралы бастамасы халықтың талап-тілегіне негізделіп отыр. Өңірлерді аралаумен өткенді саралай келе, халықтың пікірі Әділетті Қазақстанмен санасуға алып келді», - дейді.
Астананың атын қайтару Елбасының еңбегін жоққа шығару деген сөз емес. Жаңа Қазақстанда бүкіл қазақтың баспаналы болуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына, ұсыныстардың орындалуына атсалысу қажет екенін айтты.
Бұдан бөлек, мәжіліс депутаты Президенттік өкілеттігінің қысқаруы жайында ой пікірімен бөлісті.
«Өркениетті елдерде мемлекеттік лауазымдарға қоятын өз талаптары бар. Сол сияқты Президентті біз мемлекет басшысы, мемлекеттегі саясаттың негізгі бағыттарын шешетін ең жоғарғы лауазымды тұлға, халықаралық қатынастарда ел атынан қызмет ететін биліктің барлық тұрғысынан үйлесімді жұмыс істеуі мен қамтамасыз ететін заңды күші бар жарлықтар шығаратын лауазымды тұлға ретінде білеміз. Сондықтан да 10 жылдан 7 жылға қысқаруын қолдап отырмыз. Мүмкіндік беру керек», - дейді.
Сондай-ақ ол қазіргі таңдағы көптеген әлемдік жағдайда, қиын-қыстау шақтарда, өркениетті елдердің бөліске түсіп жатқан кезінде елдің ынтымағы маңызды екеніне тоқталды.
«Қандай президент сайланса да, әріқарай қолдап бірге жетістіктерге жету керекпіз. Көптеген айтылған пікірлер, Жолдау, реформалар нәтижесі іс жүзінде көрінуі үшін осындай ұстанымдарды қолданып отырмыз деді», деді Мәжіліс депутаты.