Бағдат Мусин мен Юрий Борисов Байқоңыр ғарыш кешенін дамыту мәселесін талқылады

10 Тамыз 2022, 14:46 1162

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мен «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Юрий Борисов Байқоңыр ғарыш айлағында кездесті, – деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді.

ҚР ЦДИАӨМ басшысы Роскосмостың жаңа басшысын осы қызметке тағайындалуымен және бортында 17 ғарыш құрылғысы бар «Союз-2.1б» зымыранының сәтті ұшырылуымен құттықтады.

Кездесу барысында тараптар «Бәйтерек» жобасын жүзеге асыру мәселесін талқылап, алғашқы ұшырылым сынағының мерзімін 2024 жылға жылжыту қажеттігін атап өтті.

Тараптар Союз-5 зымыран-тасығышы мен жерүсті кешенін жасау жұмыстарының кестесін өзара сәйкестендірді.

Ғарыш саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту мақсатында нормативтік-құқықтық базаларды дамыту мәселесі қарастырылды.

Сондай-ақ Бағдат Мусин Роскосмос басшысымен Байқоңыр ғарыш айлағында туризмді дамыту туралы сөйлесіп, туристерді кешенге өткізу тәртібін онлайн жүйе арқылы жеңілдетуді ұсынды.

«Цифрлық форматта онлайн кіру жүйесін қолдану арқылы «Байқоңыр» кешеніндегі туризмді дамытуға болады», - деді Бағдат Мусин.

Кездесуге ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі Қайрат Нұртай да қатысты.

Бөлісу: