БҰҰ стипендиаттары Қазақстанға сапармен келеді

12 Қыркүйек 2022, 17:05 944

Сапарды ҚР Сыртқы істер министрлігі, Энергетика министрлігі және Ұлттық ядролық орталығы бірлесіп ұйымдастырады

Біріккен Ұлттар ұйымының (БҰҰ) қарусыздану саласындағы стипендиаттары Қазақстанға сапармен келеді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды El.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Осы жылдың 24-28 қыркүйегі аралығында қарусыздану саласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы бағдарламасының стипендиаттары Қазақстан Республикасына сапарлайды. Бұл бағдарлама жыл сайын БҰҰ Қарусыздану мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен әлемнің 25 елінен келген жас дипломаттар үшін өткізіледі. Олар өздерінің кәсіби мансабын одан әрі қарусыздану тақырыбымен байланыстырады деп күтілуде», - деді СІМ өкілі ведомствоның апта сайын өтетін брифингі барысында.

Оның атап өтуінше, бағдарлама жұмыс істеген жылдар ішінде Ұйымның стипендиаттары Қазақстанға 2013, 2015 және 2019 жылдары келген.

«Сапарды ҚР Сыртқы істер министрлігі, Энергетика министрлігі және Ұлттық ядролық орталығы бірлесіп ұйымдастырады. Оның аясында стипендиаттар Курчатов қаласына, бұрынғы Семей сынақ полигонының аумағына барады. Сондай-ақ Ұлттық ядролық орталықтың қызметімен танысады», - деді Айбек Смадияров.

Бөлісу: