«Бүркітті қазақ аластау ырымына да пайдаланған»

7 Ақпан 2020, 17:45 6879

Ата кәсіпті ардақ тұтқан Арманбек Күнтуған

Қазақтың тектілігін айғақтайтын, рухани құндылықтарымызды ұлықтайтын ұлттық және ат спорты түрлері  бүгінде кең қанат жайып келеді. Солардың ішінде тау түлегін баптап, қыранын қиқулатқан бүркітшілік өнерді айрықша атап өтуге болады. Бекзат өнердің бірі саналатын бұл  қазақтың қанына сіңген ата кәсіп екені рас. Тіпті америкалық режиссерлер бүркітшілікке қатысты деректі фильм түсірген болатын. Бала кезінен осы кәсіптің тізгінін ұстап, бүгінгі күнге дейін айналысып жүргендер саны арамызда  аз емес. Бұған  жыл сайын республикамыздың түкпір-түкпірінде өтетін дәстүрлі турнирлерге жиналған қатысушылардың легі дәлел бола алады. 

 

Жалпы жыл сайын дәстүрге айналған мұндай үрдісті ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын алтын көпір деуге болады. Қаршыға тұқымдасының қырандар туысына жататын бүркіт бірбеткей саналатын құс. Осы қасиетті қанаттыны жұртымыз ерекше қадір тұтады. Тіпті оның сұсынан жын-шайтан қашатындықтан, аластау ырымына пайдалануды әдетке айналдырған. Ерлік пен бостандықтың, мықтылық пен батылдықтың символы атанған осы құсты жанына серік ету әсіресе ер-азаматтарға тән дәстүр. Жанымыздың рухани азығы іспеттес құсбегілік өнерді көзінің қарашығындай сақтап, осы күнге дейін ұлықтап жүрген жандар жеткілікті. Солардың бірі – саятшылықтан ҚР жастар құрама командасының  аға жаттықтырушысы Арманбек Күнтуған. Атадан мирас боп қалған құсбегілік өнер «адамды қайсарлыққа, ептілікке, шыдамдылыққа үйретеді, бұл қасиеттерді кішкентайынан  бойына сіңірген бала батыл әрі ержүрек болып өседі» дейді ол. 

– Саятшылық – атадан балаға беріліп келе жатқан ата кәсібіміз.  Атам мен әкем кезінде құс баптап, бүркіт салып, осы төл өнермен шұғылданған. Бала кезден сол кісілердің үйретуімен бауырларыммен қоса, мен де қолыма құс қондыруды меңгердім. Ата-бабадан бойымызға дарыған  бұл істі ары қарай жалғастыру біздің парызымыз әрі міндетіміз деп есептеймін. Сондықтан құсбегілікті дәріптеу мақсатында осы салада елордалық спорт клубтарының бірінде   жаттықтырушы боп еңбек етіп келе жатырмыз, - дейді саятшылықтан ҚР спорт шебері.

Иә, расымен де осы саланың маңайына топтанғандардың барлығы-дерлік бүркітшілікті атадан, әкеден үйренгендер. Оң-солын таныған сәттен осы өнерге бейімделген Арманбек Күнтуғанның бауырлары да  қазіргі күні бүркітті баптауға балаларын да үйретіп жүргендігін айтады. Диас пен Ерасыл өздерінің өсіріп жүрген қаршығаларын  әкеліп, байрақты додаларға қатыстырып жүреді.


(Суретте: Арманбек Күнтуған, Ерасыл Серікбекұлы, Серікбек Күнтуған)

Бекзат өнердің бағасын арттыратын бұл іспен ағайынды Күнтуғандар 2011 жылдан бастап «Жігер» спорт клубында шұғылданып келеді. Мұндағы мақсаты  - қызығушылық танытқандарды осы салаға бейімдеп, дұрыс бағыт-бағдар беру. Құсбегілік пен саятшылыққа жаны жақын олардың алғашында бас-аяғы 10-12-дей үйренушісі болған. Ал қазір олардың саны 30-дан асыпты. Жыл сайын үйренуге ниет білдірушілер саны өсіп жатқанын айтады.

– Қазіргі кезде біздің үш бүркіт, бір ителгі, және бір қаршығамыз бар. Олармен тек аңшылық уақытында, яғни қыркүйектен ақпан айының соңына дейін айналысамыз. Тек осы кездері ғана жарыстар болады. Соған қатысып тұрамыз. Өйткені бүркіт жаз айларында түлеп, жүндері жарамсыз болатындықтан, аңға салуға болмайтынын білесіздер... Оларды тек үй жағдайында ұстап, бағып, күтеміз. Ал  наурыз айынан бастап қыркүйек айына дейін түлекте отырады. (Түлекте отыру – ескі жүндерді тастап, жаңа жүндерін шығару-авт).  Сондықтан осы айларда бізде жарыстар көп өткізілмейді.

Қыс мезгілінің аяғында бүркіт жұмыртқа басса, балапанды 45 күннен соң  шамамен  жаз айыларында  алады екен.  Ал одан кешіксе, қанаттары қатайып, ұшып кетеді екен. Олар күнделікті әжептәуір күтімді қажет етеді. Осы саланың бас-қасында жүрген Арманбек Күнтуған қарапайым жейтін етін тартып беруден бастап ұшырып тұру сынды өзге де жұмыстармен айналысады.

– Ата-бабаларымыз бүркіттерді 30-40 жыл өмір сүреді деп айтып кеткен. Қазір қолымызда 25 жастағы бүркітіміз бар. Бұл құсты  менің марқұм әкем көзі тірісінде күтіп баптап, бізге қалдырды. Оның есімі - Ақбалақ. Бұл бүркітті аңшылыққа да шығарады әрі  түрлі жарыстарға қатыстырады. Бір айта кетерлігі, оның сұсынан жын-шайтан қашатындықтан, аластау ырымын пайдаланған.
Осы уақытқа дейін саятшы өз құстарын қалалық, республикалық тіпті халықаралық деңгейдегі жарыстар мен чемпионаттарға  қатыстырып, жүлделі орындарды  иеленіп жүр.

– Жарыстарға қатысар алдында күнделікті дайындық одан сайын күшейтіледі. Мәселен, құстарды күн сайын ұшырып тұруымых қажет. Егер күнде бойын, қанатын жазып, ұшырып тұрмаса, маңызды сайыстарда жақсы ұша алмауы әбден мүмкін. Сондықтан әр күн сайын шамамен үш-төрт сағатымызды бүркіттерді таза ауада ұшыруға жұмсаймыз. Нәтижесінде олар шешуші сәттерде жақсы нәтижелер  көрсетеді.

                                

(Фотода: Ерасыл Серікбекұлы)

Жалпы бүркітшілер сайысының өту барысының  ережесі де өзгеше.

– Бұл бірнеше кезеңнен тұрады. Оның алғашқысы бүркітті «қолға шақыру». «Қолға шақыру» кезінде бүркіт ұзақтығы 300 метрден ұшып келіп, иесінің қолына қонуы керек. Оның иесімен арақашықтығы 100-ден 300 метрге дейін болғаны жөн. Бірақ бұл  ауа райына тікелей байланысты екенін айта кеткен жөн. Екінші кезең «еркін ұшыруда» иесі қолынан бүркітті ұшырып жібереді, бірақ ол аспанда қалықтап, еш жерге қонбай, қайтадан иесінің қолына келіп қонуы керек. Үшінші «шырға тарту» деп аталатын кезеңде бүркітті таудың басына немесе биік жерден ұшыру қажет. Мұндағы «шырға» дегеніміз – түлкінің терісі. Былайша айтқанда муляжды атпен сүйрейді. Бұдан кейін іріктеуден өткен бүркітшілер  ақырғы финалда бақ сынап, жарысты қорытындылайды.

Ұлттық спорт түріне кірген құсбегілік өнерді үйрету бойынша арнайы мектептер  қазіргі кезде Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Алматы облыстарында және Тараз, Ақтау қалалары мен өзге өңірлерде  ашылған. Мұнда бұған қызығушылық танытқан көптеген қыз-жігіттерге құсбегілік өнердің қыр-сыры жан-жақты дәріптеліп, оқытылып жатыр. Ал бүркітшілердің негізгі көп бөлігі Алматы облысындағы Нұра ауылында көп шоғырланған" дейді Арманбек Күнтуған.

– Бұл ұлттық спортқа біздің елде жыл өткен  сайын ерекше мән беріліп келеді. Әрі қарқынды түрде дамып жатыр. Оның бір дәлелі өткен жылы көрші Қырғызстан мемлекетінде «Көшпенділер ойыны» атты халықаралық фестиваль болып өтті. Оған әлемнің көптеген елінен кіл мықты құсбегілер жиналып, бақ сынасты. Соған біздің клубтан да жас құсбегілер барып, жүлделі орындарды иеленіп қайтқан болатын.

Олар халықаралық жарыстардан бөлек, өз елімізде өтетін түрлі турнирлерге де үзбей қатысып келеді. Олардың қатарында күз айының соңында өтетін әйгілі бүркітші Мәсіп Батырханұлы атындағы бүркітшілер сайысы, Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы Қоянды елді мекенінде  атақты құсбегі Күнтуған Тоқтыбайұлын еске алуға орай ұйымдастырлатын халықаралық деңгейде өтетін бәсекелер бар. Айтпақшы, бұл бүркітшілер сайысына Моңғолия, Қытай, Қырғызстан сынды басқа да мемлекеттерден келгендер бақ сынап, тартысты қыздыра түседі екен.

Арманбек Күнтуған алдағы уақытта Түркия мемлекетінде өтетін бүркітшілер сайысына баруды жоспарлап отыр.

Ұлттық спорттың осы түрінен елімізді әлемдік ареналарда танытып жүргендер жеткілікті екені көңіл қуантады. Соның арқасында біздің ата кәсіпке және елге деген шетелдіктердің қызығушылықтары артып жатқаны анық.  

(Суреттер Арманбек Күнтуғанның жеке мұрағатынан алынды)

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: