БҚО этномәдени бірлестіктері меценаттардың сыйлығымен марапатталды

1 Қараша 2018, 09:23 2584

Батыс Қазақстан облысында туған өлкенің, елдің дамуына үлес қосып, әлеуметтік маңызды қайырымдылық шараларына демеушілік жасап жүрген меценаттарға «Жомарт жүрек» сыйлығы табысталды.

Салтанат  сарайында өткен марапаттау шарасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Форумға облыс әкімдігі, қала және аудан әкімдері, облыстық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты.

«Ақжайық өңірі – ата дәстүрінен айнымаған, салтына берік, ұлттық құндылықтарды қадір тұтатын қасиетті өлке. Ел мүддесін өзінен биік қоятын, атамекеннің абыройын асырып жүрген азаматтар аз емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп атап өтті.

Ел тарихы тұлғалар арқылы жасалынатынын ескерсек, Ақ Жайық өңірінде көптің алғысына бөленіп жүрген жандар жеткілікті», – деді өз сөзінде Алтай Көлгінов.

Қоғамның береке-бірлігіне әрдайым ұйытқы болып, игі бастамаларды іске асырып жүретін Ассамблея ұжымы ағымдағы жылдың сәуір айында Зеленов ауданының шалғай жатқан Өркен ауылына «Достық» саябағын халық игілігіне ұсынды. Саябақ Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында іске асып отыр.

Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы модернизациялау» бағдарламасын іске асыруға, туған өлкеміздің гүлденуіне және өркендеуіне елеулі үлес қосқаны үшін Батыс Қазақстан облысының этномәдени бірлестіктері «Туған өлке» номинациясымен марапатталды.

Биылғы жылы да «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында 134 меценаттың қатысуымен 166 жоба мен түрлі деңгейде шара өткізілді. Оның 138-і ауылдық округте, 20 жоба аудандық деңгейде, 8-і қалада жүзеге асты.

Бөлісу: