БҚО-да ҚХА-ның 25 жылдығына 140 шара жоспарланған

13 Қаңтар 2020, 11:04 2510

Оралда Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған іс-шаралар басталып кетті.


Батыс-Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Егізбаевтың айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай этномәдени бірлестіктердің жұмысы қорытындыланады. ҚХА құрылған уақыттан бері өзінің әлеуетін жүзеге асырып қана қоймай, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді сақтау үшін барлық мүмкіндіктерді жасауда. Осы жылы ҚХА құрылуына бастамашы болған және қоғамдық келісімді сақтауға ерекше үлес қосқан қоғам қайраткерлері марапатталады.


«Жастар жылы аяқталып, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы және басқа да атаулы даталармен тұспа-тұс келген еріктілер жылы басталды. Еріктілердің міндеті бірде-бір соғыс ардагерін назарсыз қалдырмаулары керек. Ол үшін «Әкелер даңқы жолымен» әскери-патриоттық қозғалысты, сондай-ақ әскер қатарына жаңадан келген азаматтарды шығарып салу және әскерден қайтқандарды қарсы алу сияқты игі дәстүрлерді жандандыру қажет», - деп атап өтті Серік Егізбаев.


«Ғылыми зерттеулерге жәрдемдесу қоры» ҚБ директоры Айболат Құрымбаев азаматтық қозғалыстың элементі ретінде еріктілік туралы өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, еріктілерді қолдау орталығы волонтерлік қозғалысқа көп адамдарды белсенді тартуға және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

«Еріктілердің саны жыл сайын артып келе жатқаны қуантады. Өткен жылы бізде 300 волонтер жұмыс істеді. Өркениетті елдердегі волонтерлік тәжірибе көрсеткендей, бұл қозғалысты мемлекеттік қолдау өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде қажетті элемент болып табылады. Сондықтан тек мемлекеттік органдар тарапынан ғана емес, сонымен қатар барлық шаруашылық жүргізуші субъектілер, соның ішінде жеке кәсіпкерлер тарапынан ерекше қолдау қажет», – деп атап өтті А. Құрымбаев.


«Қоғамдық келісім» КММ басшысы Медхат Камбетов өз баяндамасында биылғы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен өтетін 140-тан астам іс-шара өткізу жоспарланғанын атап өтті. Облыста әрбір бағыты бойынша жұмыс топтары құрылды, ҚХА-ның 25 жылдығын мерекелеу аясында тұжырымдама әзірленді. Эстафетаны аудандар бойынша тапсыру кестесі жасалып, оған мектептер, колледждер, жоғары оқу орындары, сондай-ақ мекемелер мен кәсіпорындар тартылады. Барлық аудандар арқылы өтіп, ол 1 наурыз күні Орал қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай аяқталады.

Онда қоғамдық келісім, ақсақалдар, аналар кеңестерінің өкілдері, этномәдени бірлестіктер мен медиаторлар өзекті тақырыптарды талқылайды. Мұндай жұмыс түрі халықты барынша қамтуға және Ассамблея мәртебесін көтеруге мүмкіндік береді, дейді ұйымдастырушылар.


Мектептерде этномәдени бірлестіктердің қатысуымен «Біздің болашағымыз – бірлікте», «Бейбітшілік пен келісім сабақтары» тақырыбында сынып сағаттары, дөңгелек үстелдер, конференциялар, семинарлар өтеді.

Шекара маңы ынтымақтастығы аясында БҚО делегациясы көршілес Орынбор облысына барады. Инвестиция тарту мақсатында бизнес-құрылымдар басшыларымен кездесу ұйымдастыру жоспарлануда.

Бөлісу: