Бұл сапар Қазақстан-Қытай іскерлік ынтымақтастығын жаңа белеске шығарады - елші

14 Қыркүйек 2022, 01:40 842

Соңғы 30 жылда Қытай-Қазақстан байланыстары екі елдің халықтарына пайда әкеліп қана қоймай, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа маңызды үлес қосты.

Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты сауда 20%-ға артып, 17,7 млрд долларға жетті. Бұл туралы Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо мәлімдеді, деп хабарлайды EL.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин 14 қыркүйекте Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Елші атап өткендей, алдағы сапар Қытай мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр.

Бұл Төраға Си Цзиньпиннің COVID-19 басталғалы алғашқы шетелдік сапары. Сапар Қытай мен Қазақстан қатынастарының 30-мерейтойын атап өтеді. 1992 жылы Қытай мен Қазақстан дипломатиялық қатынастар орнату туралы коммюникеге қол қойды. Соңғы 30 жылда Қытай-Қазақстан байланыстары екі елдің халықтарына пайда әкеліп қана қоймай, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа маңызды үлес қосып, көрші елдер арасындағы тату көршілік достықтың үлгісі болды, заманауи қарқынды дамуға қол жеткізді, - деді Чжан Сяо.

Елші қазіргі әлемнің қарқынды өзгерістердің жаңа кезеңіне аяқ басқанын атап өтті. Оның айтуынша, сапар барысында екі елдің көшбасшылары Қытай мен Қазақстан қатынастарының даму перспективаларын талқылайды, іс-қимыл жоспарын бірлесіп әзірлейді және екіжақты қатынастардың тұрақты және ұзақмерзімді ілгерілеуіне және олардың жаңа деңгейге көшуіне ықпал етпек.

Бұл сапар Қытай мен Қазақстанның саяси өзара сенімінің жаңа іргетасын қалайды. 30 жыл бұрын дипломатиялық қарым-қатынас орнаған сәттен бастап, екі ел бір-бірін сенімді достар және бауырлар сияқты жақын көршілер ретінде қарастырып, қос тараптың негізгі мүдделерін қозғайтын мәселелерде қолдау көрсетті, - деп атап өтті Қытай елшісі.

Қазіргі уақытта Қытай «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бойынша 149 елмен және 32 халықаралық ұйыммен ынтымақтастық туралы 200-ден астам құжатқа қол қойды. Биылғы мамыр айындағы жағдай бойынша бұл бағыттар бойындағы елдермен тауар саудасының жалпы көлемі шамамен 11,8 трлн АҚШ долларына жетті. Тікелей инвестициялар 140 млрд АҚШ долларынан асады.

Бұл сапар Қазақстан мен Қытайдың іскерлік ынтымақтастығын жаңа белеске шығарады. Қытай мен Қазақстан экономикалық тұрғыда бір-бірін толықтырады және ынтымақтастық үшін зор әлеуеті бар. 1992 жылдан 2021 жылға дейін Қытай-Қазақстан саудасы 368 млн АҚШ долларынан 25,25 млрд АҚШ долларына дейін 70 есеге жуық өсті, - деді елші.

Бұған дейін Ақорда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 14 қыркүйек күні елімізге Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік сапармен келетінін хабарлаған еді.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Қазақстан мен Қытай басшылары қазақ-қытай стратегиялық серіктестігін жан-жақты нығайтудың перспективаларын талқылайды. Келіссөздерден кейін бірқатар екіжақты құжатқа қол қою жоспарланып отыр.

EL.KZ
Бөлісу: