Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Білім күнімен құттықтады, деп хабарлайды EL.KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құрметті оқушылар, студенттер, ұстаздар, оқытушылар және ата-аналар! Қымбатты менің әріптестерім! Баршаңызды 2022-2023 оқу жылының басталуымен құттықтаймын! Жаңа оқу жылы мектеп табалдырығын енді аттағалы тұрған 1 сынып оқушылары мен жоғары оқу орындарына арман қуып келген 1 курс студенттері үшін сәтті өтсін! - дейді министр өз құттықтауында.
Ол студенттердің болашағынан көп үміт күтетінін айтты.
Сіздерді жарқын болашақ, биік белестер күтіп тұр. Сабақтарыңызды жақсы оқып, ғылым, спорт жәнешығармашылық салаларында мол табыстарға кенеле беріңіздер. Айта кетейін, Ғылым және жоғары білім министрлігінің жаңа оқужылына жоспары көп. Оларды жүзеге асыру жұмыстары басталып кетті. Естеріңізге сала кетсем, бүгіннен бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысы 20%-ға, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15%-ға өседі. Біздің ұжым сапалы білім мен дұрыс кәсіби бағдар үшін аянбай еңбек етуге дайын. Оқуда озат, еңбекте адал болыңыздар. Биік шыңдарды бірге бағындырайық! - деді министр.