Бүгін – Мұхтар Әуезовтің туған күні

28 Қыркүйек 2016, 06:07

Көз көрген замандастарының сөзінше, М.Әуезов әрбір жарық көрген жаңа еңбегін көл-көсір тілегін айтып, қолтаңбамен сыйлаған.

Қазақ халқының мәдени, әдеби даму тарихында жазушы, драматург, публицист, зерттеуші, аудармашы, қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің алар орны ерекше. Бүгін жазушының туған күні. Осыған орай el.kz жазушының қолтаңбасын назарларыңызға ұсынып отыр.

«Абай жолы» – қазақ совет әдебиетіндегі тұңғыш роман-эпопея. «Абай жолынсыз» қазақ әдебиетін, халқымыздың рухани-көркемдік әлемін көзге елестету мүмкін емес» деп халық жазушысы Ә.Кекілбаев бағалағандай, тек қазақ халқының ғана емес, көшпелі түркі жұртының өткені туралы ең алғашқы кең ауқымдағы шығарма.

Шығарма әлемнің 30 тіліне аударылып, дүйім дүние оқырманынан жоғары баға алды. Көз көрген замандастарының сөзінше, ойшыл жазушы Мұхтар Әуезов әрбір жарық көрген жаңа еңбегін көл-көсір тілегін айтып, қолтаңбамен сыйлайды екен. 1942 жылы белгілі академик Мұхамеджан Қаратаевқа өз қолымен тарту еткен «Абай жолының» алғашқы бетінде латын қаріпімен былай деп жазылған:

«Әдебиет досы – жолдас Мұхамеджанға! Біздің ЦК мен Совнарком (Халық Комиссарлар Кеңесі) 1939 жылғы қаулысында қазақ тілінде проза жанры даму қажет деп еді. Сол қаулыға жауап есебінде жазылған шығарма осы еді. Оқып, сынап, жолдастық пікір айтқаныңызды күтемін 22/VII-42 ж» деп жазушы қолын қояды.

Бұл құнды жәдігер қазіргі уақытта Астанадағы Ұлттық Академиялық кітапханасың сирек қорында сақтаулы.

Мұхтар Әуезов – ауыз әдебиеті мен классикалық әдебиеттің, батыс пен шығыс көркем сөз мұрасының озық дәстүрін жете меңгерген, әдеби тілді байытуға зор еңбек сіңірген.

Шығармашылық сапары өткен ғасырдың алғашқы жылдарында қазан төңкерісімен тұстас келген суреткер 20 жасында «Еңлік-Кебек» трагедиясын жазғаннан кейін, он шақты жыл ішінде көптеген әңгіме, повесть, пьесаларымен дараланып шыға келді. «Қорғансыздың күні», «Барымта», «Ескілік көлеңкесінде», «Көксерек», «Қыр» әңгімелері, «Жетім», «Қараш-қараш оқиғалары», «Қаралы сұлу», «Қилы заман» секілді прозалық шығармаларымен оқырман назарын бірден өзіне аударды. Прозаның шағын жанрының шебері екендігін көрсететін осы шығармаларында адамның іс-әрекетін әлеуметтік-қоғамдық жағдайлармен астастыра келіп, кейіпкер психологиясының терең иірімдерін, табиғат суретін, халықтың дәстүрлі тіршілігін, тынысын, ұлттық мінез-құлқын мейлінше қанық, толық суреттей білген.


Ая ӨМІРТАЙ

Бөлісу: