Түркістан епархиясының 150 жылдығына орай шығарылған «Естелік және мерейтойлық даталар» сериясынан 4 (төрт) пошта маркасы айналымға енгізілді. Пошта маркаларында Успенск кафедралды соборы, Христостың туу құрметіне арналған собор, Әулие Александр Невскийдің құрметіне арналған храм, Вознесенск кафедралды соборы бейнеленген. Бұл туралы «Қазпошта» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды El.kz
Пошта маркаларына арнайы белгі соғу рәсімі Қазақстан Православие шіркеуінің мәдени-рухани орталығында, оның басшысы – Астана және Қазақстан митрополиті Александр, «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Серік Саудабаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, БАҚ және қоғам өкілдерінің қатысуымен өтті.
«Бұл маркалар бұған дейін шығарылған маркалардың топтамасына керемет қосымша болмақ. 2003 жылы Алматы қаласының орталық мешіті мен Вознесенск кафедралды соборы ғимараты бейнеленген «Ислам діні және әлемнің басқа діндері» сериясы шығарылған еді. Сондай-ақ 2006 жылы Алматы қаласындағы Пресвятая Троицаның Рим-Католиктік приходына және «Хабад Любавич» Синагогасына арналған маркалар топтамасы шығарылды. «Қазпошта» АҚ-да түрлі конфессияны танытатын 18 000 мыңға жуық адам еңбек етеді. Біздің қызметкерлеріміз Қазпоштаның негізгі құндылығы, сол себепті әрқайсысының діни сенім бостандығы құқығын құрметтейміз. Алдағы уақытта да компания дін және конфессияаралық диалог тақырыбына арналған маркаларды шығаруға дайын», - деді құттықтау сөзінде «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Серік Саудабаев.
«Мерейтой қарсаңында арнайы біздің өтінішіміз бойынша Митрополиттік округтің қайырымдылық қаражатына «Қазпошта» АҚ еліміздің рухани және мәдени көрікті жерлері, республиканың сәулеті – әдемі, көркем орындалған храмдар бейнеленген төрт марка шығарды. Маркаларда бейнеленген Вознесенск және Христостың туу құрметіне арналған екі собор Қазақстанның жүз жалпыұлттық қасиетті объектілерінің тізіміне енгізілген», - деді Астана және Қазақстан митрополиті Александр.
Рәсімге қатысушылар әлемнің 49 елінен делегаттар келеді деп күтілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі қарсаңында маркаларды шығару және арнайы белгі соғу рәсімін өткізудің символдық мәнін атап өтті.