Бүгiн, 09:35
Бибісара кейсі: қазақ тілі қоғамдық бағалаудың жаңа өлшеміне айналдыАзия кинофестивалінде үш бірдей жүлде алған «Әбіл» отанына оралды. Францияның ыстық қошеметіне бөленген туынды бірнеше күннен бері кинотеатрларда көрсетіліп жатыр. Фильм колхоз-совхоз тарап, мал-мүлік бөліске түскен тоқсаныншы жылдардағы халық өмірі жайлы. El.kz интернет порталы «Әбіл» жайлы киносыншылардың пікірін білді.
«Әбіл» – режиссер Елзат Ескендірдің дебюттік толықметражды туындысы. Олай дейтін себебіміз режиссер бұған дейін «Өліара» атты қысқаметр түсірген еді. Ол да Оңтүстік Кореяда өткен Пусан халықаралық кинофестивалінің сыйлығын жеңіп алған болатын. Ендеше Елзат Ескендірдің қолтаңбасы коммерциялық киноның заңдылығынан гөрі авторлық киноға жақын. Ол көрерменді оқиға қарқынымен емес, атмосферамен жетелейді. Ұзақ пландар, табиғи дыбыс, үнсіздік пен символдарға сүйенетін визуалдық тіл арқылы кейіпкердің ішкі күйін жеткізуге басымдық береді.
Үнсіздік күйзелістің көркем бейнесіне айналған
Сондықтан оның дебюттік «Әбіл» фильмі де көпшілікке арналған жеңіл туындыдан гөрі, халықаралық фестиваль аудиториясының талғамына сай авторлық кино ретінде ерекшеленді. Фильм артхаус жанрына жақын. Оператордың жұмысы алғашқы кадрдан-ақ назар аудартады. Тап бір қолына камера алып, жүгіріп жүргендей. Көрерменді тоқсаныншы жылдарға топ еткізеді. Осылайша сол дәуірдің көңіл күйі қолдан жасалған декорациямен емес, кадрдың тынысы арқылы беріледі.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы геосаяси күйреу мен жекешелендіру кезеңінің ауыр салдары бұл картинада ресми дерек немесе тарихи хроника ретінде емес, қарапайым ауыл адамының өмірі арқылы ашылады. Экраннан біз бір ғана Әбілді көргенімізбен, оның үнсіз мұңының ар жағынан бүтін бір халықтың тағдырын танимыз, – дейді киносыншы Дана Әмірбекова.
Оның айтуынша, фильмнің ең үлкен жетістігі тарихи кезеңді бағалауға ұмтылуында емес, сол кезеңнің адам санасында қалдырған жарасын дәл сезіндіре алуында. Тоқырау жылдары адамдардан тек малын немесе кәсібін ғана тартып алған жоқ. Олардың ертеңге деген сенімін шайқалтты. Әбілдің бойындағы үнсіздік осы күйзелістің ең дәл көркем бейнесіне айналған. Оның жан дүниесіндегі арпалыс бір ғана кейіпкердің емес, қоғамдағы мыңдаған адамның ішкі күйімен үндеседі. Сондықтан фильм көрерменге дайын жауап ұсынбайды. Керісінше, «адам қандай ауыр жағдайда да өз қадірін сақтап қала ала ма?» деген сауалды әркімнің өзіне қайтарады.
Ерлан Төлеутай «Әбілдің» образын аша алды ма?
Кино прокатқа шыққаннан бері көрерменнің пікірі екіге бөлінді. Бір «Әбілді» шынайы туынды десе, енді бірі «қазақ өмірі тым жұпыны көрсетілген» деп сын айтуда. Біз бұл сұрақты кинотанушы Еңлік Егеубаеваға қойдық.
Ол дәуірді, ауылды, шопандар өмірін көрмегенім үшін былай болды, мынандай болды деп айта алмаймын. Бірақ осы бір Сәбеттік комплекстен айырылу керек секілді. Совет өкіметі тамаша еді, өркендеп жатыр деген иллюзияны әу баста Мәжіт Бегалин бастаған топ, кейін Серік Апрымов «Қиян» фильмі арқылы бұл иллюзияның тас-талқанын шығарды. Ауылдың бай, кедей көрсетілуі көрерменге еш әсер етпеуі керек. Әрине, егер тарихи фильм түсіріп жатқанда белгілі бір жердің орналасу тәртібі, салт-дәстүрдің дұрыс сақталмауы, сөз саптауында қателік болса, міндетті түрде мамандар тарапынан талқыға салынғаны дұрыс. Ал бүгін бір туынды Бәйтерек, Көктөбе мен Бурабайды емес, қарапайым қала мен ауыл өмірін көрсетсе ешкім оған дауласпауы керек. Себебі, әркімнің өсіп-өнген ортасы, көрген өмір салты мүлде басқа. «Әбілге» келетін болсақ, фильм асыра сілтеуден ада тұр деп есептеймін, – дейді кинотанушы.
Еңлік Егеубаеваның пікірінше, Әбіл – шопандардың ғана емес, сол кездегі жалпы халықтың жиынтық образы. Себебі жекешелендіру кезеңінде тек қана колхоздағы малдар емес, ірі-ірі дүниенің барлығы жеке адамдарға өтті де, Қазақстанда байлар мен кедейлер арасы айтарлықтай ұлғайды, кейін монополия орнады. Ол жерде қолында бардан Әбіл секілді шопандар ғана емес, әр саладағы адал, бір жағынан капиталистік өмірді қабылдай алмағандар айырылды. Әбілдің бірбеткей болмысы өзіне айналып тиді. Әбіл білгенінше адал, дұрыс өмір сүрді. Бірақ жаңа өмірге икемделе алмады.
Көпшілік талқылап жатқан тағы бір мәселе – Ерлан Төлеутайдың рөлі. Себебі көрермен оны осы уақытқа дейін дәстүрлі әнші, өнертанушы ретінде танып келді. Сондықтан Әбілдің образын кәсіби актер емес, дәл Ерлан Төлеутайдың сомдауы қызу пікірталас тудырды. Бірі бұл шешімді батыл эксперимент десе, енді бірі басты рөлді актер ойнауы керек еді деген пікірде.
Мен үшін «Әбілдің» ең әсерлі қыры Ерлан Төлеутайдың актерлік жұмысы болды. Ол кейіпкердің мінезін сөзбен де, әсіре қимылмен де ашуға тырыспайды. Керісінше, ішкі күйзелісті барынша ұстамды қалыпта жеткізеді. Жанарындағы мұң, үнсіз отырған сәттері, ауырлаған жүрісі мен болмашы қимылдарының өзінен өмірдің салмағы сезіліп тұрады,– дейді киносыншы Дана Әмірбекова.
Оның айтуынша, Ерлан Төлеутайдың ойынында жасандылық жоқ, сондықтан экрандағы Әбіл бір мезетте кино кейіпкерінен гөрі өзің танитын қарапайым адамға айналады. Көрермен де оның қайғысын сырттай бақыламайды, іштей бірге өткереді.
Меніңше, дәл осы табиғилық Ерлан Төлеутайдың актерлік шеберлігінің ең үлкен ерекшелігі, – дейді киносыншы.
Бұл пікірді Еңлік Егеубаева да растады.
Фильмде режиссердің актермен жұмысын атап өту керек шығар, себебі, толықтай актерлік құрам тамаша ойнаған, – дейді ол.
Бірі адал жолды, екіншісі бұрыс жолды таңдаған
Шынымен де, Әбіл өмірдің өзінен алынған кейіпкер дерсіз. Жаттанды сөз жоқ. Бар ғұмырын алдындағы малына арнаған шопанның өкініші бар. «Егер мен де оқығанда, бұлардан артық болмасам кем болмайтын едім ғой» деген орындалмаған арман бар. Колхоздың қойын бағамын деп, балаларына уақыт бөле алмаған әкенің тағдыры бар.
Әбіл мен ұлы Тәкенге қарап сол замандағы екі ұрпақты көресің. Бірі адал жолмен, адамшылыққа сенетін Әбілдің қатары, екіншісі нарықтың өзгергенін түсінетін, алайда бұл жолда бұрыс табыс көзін таңдаған Тәкеннің замандастары. Әке мен бала қақтығысынан гөрі ұрпақтар арасындағы келіспеушілік деуге болатын шығар. Әбіл Тәкенді оқытқанда бір маман иесі болып, адал жолмен ақша табады деп сенді. Бұл ренішін фильмде де бірнеше рет айтады. Ал Тәкеннің арман-мақсаты мүлде басқа еді, – дейді Еңлік Егеубаева.
Кинодағы тағы бір назар аудартқан тұс – балалардың ойыны. Әбілдің отбасында Тәкеннен бөлек тағы төрт бала бар. Бірі – мал бағуға көмектесіп жүрген бозбала ұлы. Екіншісі – анасына қолғабыс болатын қызы. Ал кенжелері – екі кішкентай ұл. Экранда олар Әбілді «әке» деп атамайды. Соған қарамастан, балалардың ойынында еш жасандылық жоқ. Керісінше, әр қимылы мен көзқарасы арқылы отбасының ішкі ахуалын сөзсіз-ақ сезіндіреді.
Мен Әбілдің өз балалары деп түйдім, себебі, ең үлкені Тәкен енді студенттік шақты тәмамдаған адам. Ата-әженің қолында өсу ықтималы жоғары, сол себептен де «әке», «шеше» сөздерін қолданбайды. Бірақ фильмде олардың кім болғаны да аса маңызды емес. Себебі, бұрындары әр үйде туысқанның баласы, көршінің де баласы жүре беретін. Мұндағы мақсат, біте-қайнасып жатқан өмірді көрсету, – дейді кинотанушы.
Фильм соңғы кадрмен аяқталмайды
Сонымен қатар, фильм сол кезеңнің мәдени тынысын да аңғартады. Жапан даладағы жалғыз үйден радиодағы Роза Бағланованың үні естілген сәтте, кейіпкерлер ғана емес, көрермен де бір мезет уақыт көшіне ілескендей әсер алады. Бұл – режиссердің дәуірдің рухын артық диалогсыз-ақ жеткізген сәттерінің бірі.
Фильмдегі кеңістік те әдейі ықшамдалған. Негізгі оқиға небәрі екі локацияда өрбиді: шексіз дала мен Әбілдің айдаладағы қарапайым үйі. Бірақ осы екі кеңістіктің өзі кейіпкерлердің жалғыздығы мен өмірдің ауыр тынысын толық сезіндіруге жеткілікті.
Көркемдік тұрғыдан алғанда, фильмнің ең әсерлі шешімдерінің бірі кеңістікті драматургияның құрамдас бөлігіне айналдыруында. Қазақ даласы бұл жерде жай ғана фон емес. Ол кейіпкермен бірге тыныстайды, бірге мұңаяды. Желдің гуілі, шексіз кеңістік, айналаны билеген меңіреу тыныштық кейіпкердің ішкі әлемін сөзден әлдеқайда терең ашады. Камераның асықпайтын табиғаты да осы ойға қызмет етеді. Әр кадр көрерменге тоқтап қарауға мүмкіндік береді. Экрандағы үнсіздік біртіндеп көрерменнің өз ішкі үнсіздігіне ұласып кетеді, – дейді Дана Әмірбекова.
Киносыншы фильмді осыдан екі жыл бұрын Киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұсынған кезде көргенін айтты. Сол сәтте фильмнің оқиға желісі мен баяу ырғағы ғана көңілде қалғандай көрінген.
Алайда арада уақыт өткен соң, кейде күтпеген жерден Әбілдің жанары, иен даланың тыныштығы, экрандағы үнсіз сәттер ойға қайта оралады. Мен үшін «Әбілдің» құндылығы да дәл осында. Ол өткенді түсіндірмейді, оған төрелік айтпайды. Тек бір дәуірдің салмағын адам тағдыры арқылы сезіндіреді. Сондықтан бұл фильм соңғы кадрмен аяқталмайды. Ол көрерменнің жадында қалып, уақыт өткен сайын жаңа мағынаға ие бола береді, – дейді ол.
Ал Еңлік Егеубаеваның пікірінше, «Әбіл» қазақтың белгілі бір кезеңін баяндайтын көркем кинотуынды.
Тарихи туынды деуге асықпаушы едім. Оның тарихи екенін қазақ тарихын, өмірін білетін көрермен тарихқа жалғап алады. Жанр ретінде тарихи фильм емес, – деп қорытындылады кинотанушы.
P.S. Бұл материалды спойлерсіз дайындауға тырыстық. Себебі «Әбілдің» әсері оны өз көзіңізбен көргенде ғана толық сезіледі. Ал одан қандай ой түйетініңіз – өз еншіңіз.
Бүгiн, 09:35
Бибісара кейсі: қазақ тілі қоғамдық бағалаудың жаңа өлшеміне айналдыКеше, 17:30
Мектеп бағдарламасының сұрақтарына кім жылдам жауап береді? «КерекRING»: І шығарылымКеше, 17:26
Мектеп бағдарламасының сұрақтарына кім жылдам жауап береді? «КерекRING»: І шығарылым26 Маусым, 17:35
Әйелді ерте қартайтатын төрт гормон: олардың ағзаға әсері қандай?