15.02.2026
17:45
993
Азияда жабайы пілдер санын азайту үшін контрацептивтік вакцина қолданыла бастады

Азияда жабайы пілдер санын азайту үшін контрацептивтік вакцина қолданыла бастады

Таиланд билігі жабайы табиғаттағы пілдер санының артуы мен адам-піл қақтығыстарының жиілеуіне байланысты туу көрсеткішін реттеуге бағытталған арнайы вакцина қолдана бастады. Бұл бастама ауыл шаруашылығы алқаптарының орман аумағына қарай кеңеюі салдарынан туындаған түйткілді шешуге бағытталған.

Соңғы жылдары фермерлердің егістік жерлерді ұлғайту үшін ормандарды кесуі пілдердің табиғи мекен ету аймағын тарылтып жіберді. Соның салдарынан жануарлар азық іздеп елді мекендерге жақындай түсуде. Ресми деректерге сәйкес, өткен жылы Таиландта жабайы пілдер 30 адамның өліміне себеп болып, 29 адамды жарақаттаған. Сонымен қатар 2 мыңнан астам жағдайда егістік алқаптарына зиян келтірілген.

Елдің Жабайы табиғатты қорғау басқармасының директоры Сухи Бунсангтың айтуынша, тұрғын аймақтарға жақын мекендейтін пілдер саны күрт өсіп, қауіп деңгейі артқандықтан, популяцияны бақылау қажеттілігі туындаған.

Осы мақсатта басқарма АҚШ-та өндірілген 25 доза вакцина сатып алған. Алдымен екі жыл бойы жеті қолға үйретілген пілге сынақ жүргізіліп, жеті доза пайдаланылған. Нәтижелер оң болған. Мамандардың түсіндіруінше, вакцина ұрғашы пілдердің овуляциясын тоқтатпайды, бірақ жұмыртқа жасушасының ұрықтануына жол бермейді.

Биыл қаңтардың соңында вакцина шығыстағы Трат провинциясында үш жабайы пілге салынған. Қазір билік қалған 15 дозаны қолдану үшін келесі аймақтарды анықтауда.

Мамандардың мәліметінше, вакцина жеті жыл бойы буаздықтың алдын алады. Егер осы мерзімнен кейін қосымша екпе салынбаса, пілдер қайтадан көбейе алады. Вакцина салынған жануарлар жеті жыл бойы тұрақты бақылауда болады.

Алайда бұл бастама қоғамда түрлі пікір туғызды. Кейбір сарапшылар мұндай шара табиғатты қорғау ісіне кері әсер етуі мүмкін деп алаңдайды. Таиландта пілдер ғасырлар бойы ауыл шаруашылығында және жүк тасымалдауда пайдаланылып келген. Сонымен қатар піл – елдің ұлттық символы.

Сухи Бунсангтың айтуынша, бағдарлама тек адам мен піл арасындағы қақтығыстар ең көп тіркелетін аймақтардағы жабайы пілдерге бағытталған. Ресми статистикаға сәйкес, мұндай өңірлерде жабайы пілдердің жылдық көбею көрсеткіші шамамен 8,2 пайызды құрайды. Бұл ел бойынша орташа 3,5 пайыздық көрсеткіштен екі есе жоғары. Қазіргі таңда Таиландтағы шамамен 4 400 жабайы пілдің 800-і осындай қауіп аймақтарында тіршілік етеді.

Егер біз шара қолданбасақ, бұл өңірлерде тұратын халыққа түсетін салмақ арта береді және жағдай бақылаудан шығуы мүмкін, - деді ол.

Билік тек вакцинамен шектеліп отырған жоқ. Қақтығысты азайту үшін орман ішінде қосымша су және азық көздері жасалуда, қоршаулар орнатылып, елді мекенге кіріп кеткен пілдерді кері қайтару үшін арнайы инспекторлар тартылған.

Алайда жуырда сот шешімімен солтүстік-шығыстағы Кхонкэн провинциясында жергілікті тұрғындармен жиі қақтығысқан жабайы пілдерді көшіру операциясы қоғам наразылығын тудырды. Көшіру барысында бір піл қаза тапқан. Алдын ала сараптама нәтижесі бойынша, жануар көшіру алдында салынған анестезиядан кейін тұншығып өлген.

Көшіру жұмыстарын Ұлттық парктер, жабайы табиғат және өсімдіктерді қорғау департаменті жүргізген. Ведомство басшысы Аттапол Чароэнсунса болған оқиғаға өкініш білдіріп, барлық талаптардың сақталғанын айтқан. Қазіргі уақытта мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін тергеу жүргізіліп жатыр.