Азия чемпионатынан 8 алтын

3 Маусым 2021, 12:19 5579

Бокстан Қазақстан құрамасы жалпы есепте көш басында тұр

21 мамыр – 1 маусым аралығында Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында ересектер арасында Азия чемпионаты өтті. Бұл турнирде Қазақстан құрамасы жалпы есепте көш бастады. Спортшыларымыздың қоржынында сегіз алтын, алты күміс және екі қола медаль бар. Екінші орынға Өзбекстан құрамасы (7-6-5), үшінші орынға Моңғолия (3-0-5) боксшылары жайғасты.

 

Чемпионат алдында бокстан Қазақстан ерлер құрама командасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев бұл турнирге Токио Олимпиадасына қатысатын былғары қолғап шеберлерін апарып, күшін сынайтынын айтқан еді.

 

- Қазір бокс спорты Азия елдерінде күшті қарқынмен дамып жатыр. Сол Өзбекстаннан бастап, Үндістан, Таиланд, Оңтүстік Корея, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан спортшылары біздің қарсыластарымыз болып саналады. Азия чемпионатынан кем дегенде екі алтын күтемін. Шәкірттерім осы турнирде жақсы өнер көрсету үшін барын салып дайындалып жатыр, - деген болатын.

 

 

 

Сонымен, Азия біріншілігінің финалдық кездесуіне шыққан тоғыз қазақстандық қыздардың сегізі қарсыласынан басым түсті. Атап айтар болсақ, 48 келі сламақта өнер көрсететін Алуа Балқыбаева алтын үшін таласта Өзбекстан елінің үміті Гүласап Сұлтанолиеваны 4:1 есебімен жеңді.

 

51 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Назым Қызайбай әлемнің алты дүркін чемпионы, есімі төрткүл дүниеге танымал үндістандық 38 жастағы Мэри Комнан басым түсті. Есеп 3:2.

 

54 келі салмақта өнер көрсеткен отандасымыз Дина Жоламан жартылай финалда үндістандық Сакшимен жұдырықтасып, 2:3 есебімен жеңіліп қалған еді. Алайда, төрешілер қос боксшы арасында өткен кездесуді қайта қарап, жеңісті қазақстандық былғары қолғап шеберіне берді. Осылайша финалға шыққан Дина тағы бір Өзбекстанның өкілі Ситора Шогдарованы қапы қалдырып, Азия чемпионатының алтын медаліне қол жеткізді.

 

Ал 57 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Владислава Кухта АЧ-2021 турнирінен күміс медаль еншіледі. Алтын үшін бәсекеде ол өзбекстандық Ситора Турдибековамен күш сынасып, төрешілер шешімімен жеңіліс тапты.

 

60 келіге дейінгі салмақта Римма Волосенко Индонезия спортшысы Хусватун Хасанамен жұдырықтасқан болатын. Римма қарсыласын бірінші раунда-ақ нокаутқа жіберіп, мерзімінен бұрын аяқталған бәсекеде жеңімпаз болып шықты.

 

64 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған қазақстандық Милана Сафронова Үндістаннан келген Лалбуатсаихиді Азия чемпионатының күміс медалімен «марапаттады». Ал 69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Валентина Хальзова өзбекстандық Навбахор Хамидованы айқын басымдықпен жеңді. Айта кету керек, Хальзова үшін бұл кездесу осы чемпионаттағы алғашқысы болды.

 

Бокстан Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі, 81 келіге дейінгі салмақтағы спортшымыз Фариза Шолтай тағы бір Өзбекстан боксшысы Сохибо Рузметованы тізе бүктіріп, Азия чемпионатының үздігі деп танылды. 81 келіден жоғары салмақта бақ сынаған Ләззат Күнгейбаева үндістандық бұрымды боксшы Анупамамен кездесіп 3:2 есебімен басым түсті.

 

Ал 75 келі салмақта бақ сынаған Марина Вольнова жартылай финалда өзбекстандық спортшы Мавлуда Мовлоновадан жеңіліс тауып, АЧ-2021 бәсекесінен қола жүлде еншіледі.

 

Біріккен Араб Әмірлігінде жалауы желбіреген Азия чемпионатының соңғы жарыс күнінде ерлер арасындағы финалдық кездесулер өткен болатын.

 

18 жастағы Даниял Сәбит 49 келі салмақта өзбекстандық Нодиржон Мирзахмедовпен кездесіп, ұтылып қалды. Қазақстан ерлер құрамасының көшбасшы боксшыларының бірі 69 келі салмақта өнер көрсететін Абылайхан Жүсіпов Бобо-Усман Батуровқа қарсы жекпе-жектің бірінші раундында жарақат алып қалған. Төрешілер шешімі екіге бөлінгенмен, жеңіс өзбекстандық былғары қолғап шеберіне берілді. Тағы бір отандасымыз Әбілхан Аманқұл Дубайда жалауы желбіреген чемпионаттың финалдық кездесуінде есе жіберуге тура келді. Ол Өзбекстан спортшысы Саиджамшит Жафаровқа қарсы бокстасқан еді. Екінші раундта нокдаунға түскен өзбекстандық, қайта есін жинап, ойынды өз пайдасына аяқтай білді. Осылайша, 75 келі салмақта Әбілхан Аманқұл екінші орыннан көрінді. Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит финалдық кездесуін үндістандық Санджитке қарсы өткізген еді. Төрешілер бір ауыздан жеңісті үндістандыққа берді. Қазақстандық боксшы бұл шешіммен келіспейтінін білдіріп, марапаттау рәсімінде медаль тағудан бас тартты. Сол секілді 91 келіден жоғары салмақта бақ сынаған Қамшыбек Қоңқабаев өзбекстандық танымал боксшы Баходир Жалоловқа қарсы өнер көрсеткен болатын. Екі боксшы арасындағы финалдық кездесу тартысты өткенмен, жеңіс Жалоловтың еншісінде кетті. Аталған екі спортшы да Токио Олимпиадасында бақ сынайды. Қамшыбек осы кездесуден сабақ алып, төрт жылда бір келетін бәсекеде басым түссе болғаны.

 

52 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сәкен Бибосынов жартылай финалда үндістандық Амитке есе жіберіп, қола медаль еншілеген еді.

 

Қазақстан құрамасының төрт боксшысы Азия чемпионатында  жүлдесіз қалды. Олар: Сабырхан Махмұд (56 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Зәкір Сафуллин (64 келі) және Бекзад Нұрдәулетов (81 келі).
Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Ерік Алғабек команданың Азия чемпионатындағы сәтті өнеріне былайша пікір білдірді:

 

- Барлығын жеңістерімен құттықтаймын. Қыздарымыз өте тамаша өнер көрсетті. Бұл турнирге жақсы дайынедықпен келіп, керемет нәтиже көрсеттік. Қазақстан бокс державасы екенін тағы бір дәлелдеді деп санаймын.

 

Көптен бері биік тұғырдан көріне алмай жүрген Назым Қызайбай Азия чемпионатындағы жеңісінен кейін:

 

- Бұл турнирде жеңіске жеткеніме қуаныштымын! Егер сіз көп жұмыс істеп, оған жүрегіңізді салсаңыз, сәттілік көп күттірмейді. Кедергілер жеңісті тәтті етеді. Көптен бері жолым болмай жүргендіктен, осы чемпионатта қалайда жеңіске жетем деген дайындықпен келдім. Барлық қарсыластарым қарымды. Бапкерлер қойған тактиканы бұлжытпай орындап, осындай жетістікке жетіп отырмын. Барлық жаттықтырушыларыма алғыс білдіремін, - деп пікір білдірді.

 

Ал финалдық сында сүрінген Абылайхан Жүсіпов кінәні өзінен іздейтінін айтты:

 

- Кездесуге барынша дайындалдық. Финалдық кездесу көңілдегідей болмады. Кінәні тек өзімнен іздеймін. Енді финалдық кездесуді толық қарап, зерттеп, әрі қарай жұмыс жасайтын боламын.

 

75 келіге дейінгі салмақта бақ сынап, финалда жеңіліс тапқан Әбілхан Аманқұл:

 

- Төрешілердің шешімімен дауласа алмаймын. Өйткені мен шаршы алаңда өнер көрсеттім, егер кездесуді сырттан бақыласам, бір пікірім болар еді. Бар кінәні өзімнен іздеймін. Брінші раундта қарсыласымды аңдып, күтіп көп жүріп қалған сияқтымын. Кездесудің қорытындысына сол әсер еткен секілді, - деді.  

 

Азия чемпионатында биік тұғырдан көрінген Дина Жоламан:

- Біз Азия чемпионатында 10 медаль жеңіп алдық. Осы рекордтың бір мүшесі болғаныма қуаныштымын. Мұндай нәтиже көрсеткеніміз барлық жаттықтырушылардың арқасы деп білемін. Әрине, бапкерлерім Александр Высоцкий мен Батырбек Уәлиевке алғысым шексіз, - деді.

 

Боксшы қыздар Азия чемпионатындағы жарқын жеңісін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнайды.

 

 

 

Барлық қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің Токиода өтетін Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсетуіне тілектеспіз!

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: