02.09.2025
20:10
487
Азия ойындары: дайындық барысы қалай?

Азия ойындары: дайындық барысы қалай?

Астанада 2026 жылдың 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Аичи мен Нагоя қалаларында өтетін ХХ жазғы Азия ойындарына арналған арнайы баспасөз конференциясы өтті. Бұл туралы ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

Баспасөз жиынына Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) Бас директорының орынбасары Винод Тивари, АОК-нің медиа және телетрансляция жөніндегі директоры Цзян Чжоу, Аичи-Нагоя 2026 ұйымдастыру комитетінің Бас директоры міндетін атқарушы Ясухиро Накамори, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас директоры Нұрлан Нөгербек және ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев қатысты.

Аичи-Нагоя 2026 ұйымдастыру комитеті көпсалалы спорттық додаға дайындық барысы туралы өзекті ақпаратпен бөлісті.

Жапонияда бұған дейін бірнеше мәрте Олимпиада ойындары және Азия ойындары өткен. Сондықтан біз жинақтаған тәжірибемізді заманауи ұйымдастыру тәсілдерімен ұштастырып отырмыз.

Алдағы Азия ойындарының ұраны - Imagine One Asia («Біртұтас Азияны елестет»). Біз Азия құрлығын ортақ мақсатта біріктіруді, қонақжайлылық танытуды көздейміз. Сонымен қатар Азиада аясында Жапонияның және ұйымдастырушы өңірдің мәдени мұрасы мен тарихын дәріптеуді жоспарлап отырмыз, - деді Ясухиро Накамори.

Азиада-2026 бағдарламасына 41 спорт түрі енген. Жалпы 68 бағдарлама бойынша 460 жүлде жиынтығы сарапқа салынады: оның 217-сі ерлер, 204-і әйелдер, ал 39-ы аралас санаттарда. Бағдарламаға олимпиадалық, олимпиадалық емес және дәстүрлі азиялық спорт түрлері кіреді.

Жаңа спорт нысандарын салмауды жөн көрдік. Сол себепті жарыстар бұрыннан бар ареналарда өтеді. Олар толық жөндеуден өтіп, барлық талаптарға сай дайындалды. Сонымен қатар спортшылар мен делегация мүшелері және жанкүйерлер бір орыннан екіншісіне еш кедергісіз қатынай алуы үшін жол жүру жүйесіне де ерекше көңіл бөлінді.

Бұдан бөлек, Азия ойындарын ұйымдастыруда заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін барынша пайдаланамыз. Қонақтарымызды таңғалдырғымыз келеді, - деп атап өтті Ясухиро Накамори.

Қазақстан құрамасы 500-ден астам спортшымен 30-ға жуық спорт түрінен бақ сынайды деген болжам бар. Қазақстанның құрамы кейінірек жарияланады. Құрама сапы ішкі іріктеу нәтижелері мен халықаралық жарыстардағы көрсеткіштер негізінде жасақталады.

Айта кетейік, 3 қыркүйекте, Астанадағы Орталық саябақта Аичи-Нагоя 2026 Азия ойындарын қолдауға арналған Fun Run символдық жүгіру шарасы өтеді.