Азия ойындары: академиялық ескек есуден астаналық жұп А финалына жолдама алды

20 Қыркүйек 2023, 22:37 647

Қытайдың Ханчжоу қаласындағы ХІХ жазғы Азия ойындарында академиялық ескек есуден іріктеу сайыстары өтіп, тоғыз қазақстандық спортшы жарыс жолына шықты. Олардың қатарында астаналық спортшылар да бар. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

Ерлер арасындағы жұптық бәсекеде ел намысын қорғаған Астана қаласының спортшылары Ярослав Мельников пен Тимур Фомичев жұбы екі мың метр қашықтықты 6 минут 54.07 секундта жүзіп, мәреге төртінші болып келді. Бұл нәтиже отандастарымыздың А финалына жолдама алуына мүмкіндік берді.

Академиялық ескек есуден ерлер арасындағы жұптық сынның финалы 24 қыркүйек күні өтеді деп жоспарланған.

Ал академиялық ескек есуден әйелдердің жұптық бәсекесінде ел намысын Светлана Германович пен елордалық спортшы Мария Чернец қорғады. Жазғы Азиаданың іріктеу кезеңінде отандастарымыз 2 мың метрді 7 минут 18.36 секундта жүзіп өтті. Осылайша, Германович-Чернец дуэті мәреге төртінші болып жетті.

Ертең қыздарымыз іріктеудің екінші сынында финал жолдамасы үшін таласады.

Айта кетейік, отандастарымыз жекелей бәсекеде, ерлер мен әйелдер арасындағы жұптық сайыста бақ сынайды. Сонымен қатар, қыздарымыз төрттік жарыстың іріктеуінде өнер көрсетеді.

Академиялық ескек есуден алғашқы жарыс күнін «Qazsport» телеарнасынан сағат 12:55-те тікелей эфирде көрсетеді.

Берік Арманов
Бөлісу: