Қайрат Еламанов, Қазақстан өнеркәсіптік инвесторлар одағының президенті:
— Қазақстанда өндірілетін автокөліктер Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентіне толық сәйкес келеді. Бұл регламент өз кезегінде Еуропалық одақтың техникалық регламенттеріне, нақтырақ айтқанда БҰҰ ЕЭК ережелеріне негізделген. Яғни, біздің автокөліктер еуропалық қауіпсіздік талаптарына толықтай сай.
Бұл жағдай аталған автокөліктерді, соның ішінде Еуропа нарығында да өткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан экспорт мәселесі – бұл Еуропада автокөліктерді сату бағыттарын пысықтау мәселесі. Ал бұл ең алдымен екіжақты қатынастарға, сондай-ақ әрбір өндірушінің жеке бастамасына байланысты.
— Елдегі автомобиль өнеркәсібінің қазіргі жағдайы қандай?
«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) ақпаратына сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда жеңіл автокөлік шығаратын 4 негізгі өндіруші кәсіпорын Allur зауыты (Қостанай қаласы), Astana Motors Manufacturing Kazakhstan (Алматы қаласы), KIA Qazaqstan (Қостанай қаласы), Hyundai Trans Kazakhstan (Алматы қаласы) жұмыс істейді. Аталған төрт автозауыттың жиынтық жобалық өндірістік қуаты жылына шамамен 360 000 жеңіл автокөлікті құрайды.
Осы зауыттардың ашылуының нәтижесінде Қазақстандағы жеңіл автокөлік өндірісінің жалпы жылдық қуаты екі еседен астам артып, 170 000-нан 360 000 бірлікке дейін өсті. 2025 жылы өндіріс көлемі 171 442 бірлікке жетіп, өндірілген өнімнің жалпы құны 2,4 трлн теңге болды. Осылайша, өндіріс көлемі бір жылда 18%-ға өсті.
— Қазақстанда өндірілген автокөліктердің қайсысы Еуропа нарығында бәсекеге қабілетті деп айтуға болады?
Алексей Алексеев, автосарапшы:
— Қазақстанда өндіріліп, ресми сатылатын барлық автокөліктер жергілікті нарыққа ғана емес, Еуропа стандарттарына да сай сертификатталған. Сондықтан техникалық талаптар тұрғысынан біздің өнімдерді Еуропаға экспорттауға мүмкіндік бар.
Astana Motors компаниясының Чехия мен Венгрияда өкілдік ашуы Еуропа нарығына шығу жоспарының нақты белгісі. Бұл компания Еуропаға сатылымды дамытуға дайындалып отырған болуы керек. Экспортталуы мүмкін көліктердің қатарында қытайлық брендтер, сондай-ақ Hyundai маркасының шағын жүк көліктері бар. Олар еуропалық нарықта сұранысқа ие.
Қазақстан Еуропаға қытайлық та, кореялық та автокөліктерді экспорттай алады. Дегенмен, бұл жерде ең үлкен тәуекелдердің бірі логистика мәселесі. Экспорттың табысты болуы бағаға, бәсекеге және қандай модельдер ұсынылатынына тікелей байланысты. Еуропаға көлік жеткізу – қымбат процесс. Сондықтан болашақта Қазақстан сол елдерде автокөлік құрастыру өндірісін ашуы мүмкін.
Бүгінде Қазақстанда автокөлік өндірісі қарқынды даму үстінде. Алматыда жаңа автозауыт салынып жатыр. Ол іске қосылғаннан кейін тағы бірнеше қытайлық бренд өндіріле бастайды. Қазақстандағы автозауыттардың жылдық өндірістік қуаты 300-400 мың автокөлікке дейін жетеді.
Ал ішкі нарық жылына шамамен 200-250 мың көлікті ғана тұтынады. Демек, экспортқа бағыттауға болатын әлеует бар. Қазақстанның экспорттық мүмкіндігін жоғары бағалаймын. Толық қуатқа шыққан жағдайда, Қазақстан жылына шамамен 200 мың автокөлікті сыртқы нарыққа экспорттай алады.
Қазақстанның автокөлік одағының (ҚАО) мәліметінше, қазіргі кезеңде Еуропалық одақтың бірнеше елімен келіссөздер жүргізілуде, алайда нақты серіктес елдер келіссөздер аяқталғанға дейін жарияланбайды. Қазақстанда шығарылатын автокөліктер Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентіне толық сәйкес келеді. Бұл регламент, өз кезегінде ЕО-ның техникалық регламенттері мен БҰҰ ЕЭК ережелеріне негізделген, яғни отандық автокөліктер Еуропалық қауіпсіздік талаптарына толық сай. Осы жағдай Қазақстанда өндірілген автокөліктерді болашақта, соның ішінде Еуропа елдері нарығында сатуға мүмкіндік береді.
— Отандық автокөліктерді шетелге шығару ел экономикасына нақты қандай пайда әкелуі мүмкін?
Арсен Шакуов, «Жалпы жол» жол қауіпсіздігі қауымдастығының президенті:
— «Алматы мен Қостанайдағы автозауыттардың ашылуы, сондай-ақ кореялық Kia сияқты брендтердің Қазақстан нарығына келуі Еуропаға экспортты жеңіл әрі арзанырақ етуге мүмкіндік береді.
Автокөлік өндірісін дамыту Қазақстан экономикасына оң әсер етіп қана қоймай, елдің әлемдік автонарықтағы әлеуетін арттырады. Сондай-ақ қазіргі таңда көптеген брендтер Ресей нарығынан кеткенін, осының өзі Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.
Бұл сала Қазақстанның жаһандық автокөлік өндірушілер қатарындағы орнын күшейтуге көмектеседі. Қазақстан өзін жаңа өндірістік алаң ретінде көрсетіп, ірі халықаралық брендтерді тарта алады.
Қазақстанның түрлі өңірлерінде жаңа автозауыттар салу қажет. Қазақстанда шығарылатын автокөліктердің сапасы халықаралық стандарттарға толық сай. Әсіресе, Оңтүстік Корея мен Қытайда өндірілетін жаһандық брендтерді тарту маңызды, өйткені бұл логистиканы жеңілдетеді. Құрастыру сапасы мен сервистік қызмет көрсету әлемдік өндірушілер тарапынан қатаң бақыланады, сондықтан қазақстандық өнімнің сапасы төмендемейді.
Алдағы уақытта өндірілетін автокөліктердің шамамен 70 пайызы экспортқа кетеді, ал ішкі нарыққа 20-30, ең көбі 40 пайызы ғана қалады. Қарағандыдағы шиналар зауыты өнімнің шамамен 60 пайызын экспортқа шығаруды жоспарлап отыр, ал ішкі нарықтың үлесі 40 пайыздан аспайды.
— Бұл бастамаға күмәнмен қарайтындар бар. Қандай тәуекелдер мен қауіптерді көріп отырсыз?
Эдуард Эдоков, автосарапшы:
— Еуропаға автокөлік экспорттау туралы мәлімдемеге күмәнмен қараймын. Бұл бастама шынайы нарықтық жағдайларды толық ескермеген болуы мүмкін. Қазақстандағы автокөлік өндірісі ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қолдаудың арқасында дамып келеді.
Отандық автопром жеңілдіктер, преференциялар, субсидиялар және өзге де мемлекеттік қолдау шаралары есебінен өмір сүріп отыр. Оның үстіне Еуропа нарығында бәсеке өте жоғары. Қатаң бәсеке жағдайында қазақстандық автопромның Еуропада орнығуы қиын болады.
Оның үстіне Қазақстанда жиналған Hyundai көліктерінің бағасына көптеген қосымша шығын қосылады. Логистика шығындары Алматы-Ақтау-Баку-Грузия-Түркия-Еуропа бағыты бойынша 10-20 пайызға дейін өсуі мүмкін. Оған қоса шамамен 10 пайыз кедендік баж салығы, 19-25 пайыз еуропалық ҚҚС, техникалық стандарттарға сәйкестендіру мен омологация шығындары, дилерлік және сервистік желіні құру, маркетинг пен дилерлік үстеме баға қосылады.
Осының бәрі Қазақстанда жиналған Hyundai Tucson моделінің Еуропадағы бағасын қымбаттатады. Нәтижесінде, қазақстандық Tucson Чехиядағы Hyundai зауытында жиналған дәл сондай модельден 10-30 пайызға дейін қымбат болуы мүмкін.
Бұл жағдайда қазақстандық көліктің еуропалық тұтынушы үшін тартымдылығы төмендейді. Сондықтан бұл бастамаға өте байыппен қарап, экономикалық тәуекелдерді жан-жақты есептеу қажет.
— Халық қалаулылары отандық автопромның экспортқа шығуын қолдай ма, әлде сақтық таныта ма?
Еділ Жаңбыршин, мәжіліс депутаты:
— Бірінші кезекте ішкі нарықты қамтамасыз етуіміз керек. Егер өндіріс көлемі сұраныстан асып жатса, экспортқа шығару қажет. Бұл валюталық түсімді арттырып, теңге бағамының тұрақтануына ықпал етеді. Сонымен қатар компаниялардың табысын көбейтіп, салық түсімін арттырады және жаңа жұмыс орындарын ашады. Сондықтан отандық автопром экспортқа шығып жатса, оны қолдау керек.
Бақытжан Базарбек, мәжіліс депутаты:
— Қандай көлік туралы айтылып отырғанын нақты білмеймін. Егер расымен сапалы әрі бәсекеге қабілетті көлік болса, бұл жақсы бастама. Бірақ алдымен сол көлікті көріп, зауытына барып, өндіріс процесімен танысқым келеді. Бұрын кейбір зауыттар тек есеп үшін ашылып, қоғамды алдаған жағдайлар болды. Сондықтан бұл жолы бәрі ашық әрі нақты болуы керек.
Мұрат Әбенов, мәжіліс депутаты:
— Бұл жаңалықты көп адам күле қабылдап жатыр. Себебі қай нарыққа, қандай көлікпен шығатынымыз әлі нақты емес. Біз бұл мәселеге реалист әрі прагматик тұрғыда қарауымыз керек. Көптеген автокомпаниялар елдер арасындағы нарықты өзара бөліп қойған. Бір бренд белгілі бір елге арналған көлікті басқа нарыққа шығаруға рұқсат бермеуі мүмкін. Өйткені баға, сапа және нарықтық стратегия әртүрлі болады. Сондықтан бұл факторларды ескермеу үлкен қателік болуы мүмкін.
Қазақстандық автокөліктерді Еуропа нарығына экспорттау бастамасы – ел автопромы үшін жаңа кезеңнің бастауы болуы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, техникалық талаптар мен өндірістік қуат тұрғысынан Қазақстанның әлеуеті жеткілікті. Өндіріс көлемінің артуы, жаңа зауыттардың іске қосылуы және халықаралық брендтердің келуі экспорттық мүмкіндікті кеңейтуде.
Алайда бұл бастама тек өндіріс пен стандарттарға ғана емес, логистика, баға саясаты, бәсеке деңгейі және еуропалық нарықтың қатаң реттелуіне тікелей байланысты. Кейбір сарапшылар мен депутаттар бұл қадамды қолдаса, енді біреулері экономикалық тәуекелдер мен нарықтық шектеулерді ескеруді ұсынады. Еуропаға шығу – имидждік әрі стратегиялық мүмкіндік. Бірақ ол ұзақ мерзімді жоспарды, салмақты саясатты және бәсекеге қабілетті өнімді талап етеді.