Ажырасу бізде ең оңай процедура болып кетті – заңгер

26 Тамыз, 12:30 641

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесіне реформа жасап, адам құқықтарының қорғалуына баса назар аударып отыр. Осы ретте еліміздегі құқықтық саясат, халықтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын қалыптастыру, адамның құқықтары мен бостандықтары жайында El.kz ақпарат агенттігі заңгер Нұра Тынысқызымен тілдескен еді. 

El.kz: Елімізде сот жүйесі реформаланып жатыр. Құқық саласында да оң өзгерістер бар. Әсіресе, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мәселесі халықаралық ұйымдар тарапынан қолдау тапты. Заңға енгізілген өзгерістер өмірде қалай орындалып жатыр?

Нұра Тынысқызы: Заң біршама қатаңдады. Бұрын қоқан-лоққы көрсеткен адам он тәулікке қамалатын немесе айыппұл төлеп құтылатын. Жазасы жеңіл еді. Екі тараптың келісімі бойынша іс жабылатын. Ал қазір оны алып тастады. Келісім жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты әйел азамат полиция шақырады. Полиция келген соң, күйеуін мас күйінде алып кетеді. Екі күннен кейін барып: «Қандай болса да, өзімнің күйеуім, балаларымның әкесі» деп жазған арызын қайтарып алады. Іс жабылады. Соны болдыртпау үшін алынды. Бұдан былай тұрмыстық зорлық-зомбылықпен әйел арызданса, қол көтерген күйеуіне қатаң шара қолданылады. Келешекте әйел азамат кешірім беріп, оны қайтарып алып,  «қайта қосыламыз» деп уәж айта алмайды.

Балаларға қатысты заңдағы өзгерістерге келсек, бізде әлі зорлық көрсетпесе де, дене мүшелерін ұстап, сексуалды сипаттағы әрекет жасауға байланысты бізде нақты мәселе шешілмей тұр. Өкінішке қарай, сондай әрекет жасаған азаматтарға қолданылатын нақты шара жоқ. Енді енгізіліп жатыр. Тиісті шара қолданамыз дейді. Жалпы, бізде бұрын ондай бап болған емес.  

Мұның тағы бір жаман тұсы бар. Мұндай жайт болғанда, полицияға арызданғанмен, дәлел жоқ деп іс қозғалмайды. Яғни, баланың киімдері бүтін, жыртылған жері жоқ дегендей. Полицияның ойынша, кішкентай қызға зорлық-зомбылық көрсетсе, шұлығы міндетті түрде жыртылуы тиіс, қан-қан болуы керек.

Батыс елдерінде физикалық қана емес, моральдық түрде жаман қылық көрсетсе, әйелдің көзіне емес, басқа дене мүшелеріне көзі түсіп кетсе де, әйел азамат ол адамды жауапқа тарта алады. Сексуалды тиісу деген бап бар. Біз де түбі осыған келетін сияқтымыз. Бірақ оның ауылы әлі алыс.

Шынын айтқанда, заңдағы шешімін табуы керек мәселелер әлі көп. Әзірше, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы толықтырулар енгізілді. Енді іс жүзінде тәжірибеге енгізіліп жатыр.

El.kz: Әйелдердің құқығы қорғалғаны дұрыс. Бірақ кейде тым әсірешілдік байқалмай ма? Қалай ойлайсыз?

Нұра Тынысқызы: Әрине, екі жақты да мұқият қарау керек. Бізге хабарласқан ер азаматтардың дені қарсылықтарын білдіріп жатыр. Мәселен, бір жігіт әйелмен танысып, ерікті түрде төсек қатынасында болады. Бірақ ертеңіне ол әйел зорлады деп арыз түсіреді. Ондай жағдайлар да кездеседі.

El.kz: Әлеуметтік желі арқылы бір заңгер жігіттерге әйелмен көңіл жарастырмас бұрын «бәрі ерікті түрде» деп қолхат жазуға шақырды. «Онсыз заң алдында айыбы жоқ екенін дәлелдеу қиын. Жаладан қорғайтын жалғыз амал осы», – деп мәлімдеді. Бұған не айтар едіңіз? Мұндай жағдай жиі кездесе ме?

 Нұра Тынысқызы: Бұл жерде кесімді сөз айту қиын. Қоғамда бір мәселе талқыланса, пікір ұдайы екіге жарылып жатады. Менің ойымша, екі тарап дерек-дәйектеріне мұқият қарау керек. Қоқан-лоқы, зорлық – бір бөлек нәрсе. Ал жала жабу мүлде басқа мәселе. Кеңес дәуірінен бері жала жабу өмірде жиі кездесетін жайт екеніне куә болып жүрміз. «Мені зорлады» деп арыздану арқылы күйеуге шыққан әпкелеріміз болды. «Маған үйленбесең, соттатамын» деп дегеніне көндіргендер аз емес.

Біз – қазақпыз. Біздің салт-дәстүріміз бар. Ол әйелдердің құқығына кереғар келуі мүмкін. Мәселен, қыз алып қашу. Қазір психологтар әйелдерге: «Тұрмысқа шықтым деп айтпаңдар, күйеуге шықтым» деп айтыңдар деп кеңес береді.

El.kz: Қыз алып қашу әлі күнге дейін тыйылмай тұр ма?

Нұра Тынысқызы: Қыз алып қашу заң бойынша өте ауыр қылмыс болып саналады. Бұл – адам ұрлау. Яғни, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде адамды ұрлауға қатысты қатаң шара бар.  Жас жігіттерге берер кеңесім: қыз ұнатып тұрса да, әке-шешесінің қарсылығына қарамастан, күйеуге шығуға разы болса да, сақ болған жөн. Әке-шешесі қызын үйіне қайтарып, жігітті соттатып жіберуі әбден мүмкін. Сондықтан, жас жігіттер өз өміріне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Өмірде әділетсіз нәрселер көп. Екі жас қосылуға шешім шығарып, салт бойынша алып қашса, артынша екіншісі сотталып кетсе, бұл – әділетсіздік. Оның бәрін талқылау қиын. Сондықтан әр істің жеке ерекшелігі, дара сипаттамасы бар. Қыз көнбесе, бірақ жігіт алып қашса, ол да – заңды бұзу.

Кейбіреулер әйелдің тілінен табатынын айтады. Орынсыз тілін безеп, таяқ жеп қалатын әйелдер болады. Бірақ заң алдында оны дәлелдей алмайды. Әйел арызданса, екі жері көгерсе, күйеуін алып кетеді. Даулы мәселе көп.

Заңгерлерге іс келген кезде, біз әр істі бөлек қарастырамыз. Әр іске бөлек сипаттама береміз.

El.kz: Бұдан кейін ер адамдар әйелдермен қарым-қатынас жасағанда өте сақ болғаны жөн дейсіз бе?

Нұра Тынысқызы: Күні кеше танымал боксер Жанқош Тұраров біреуді зорлады деген сыбыс шықты. Оның өзі бұл хабарды әлеуметтік желіден естігенін айтты. Бұл ақпаратты таратқан адам да жауапқа тартылады. Бұл жала жабу болып есептеледі. Жалаға да қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

El.kz: Мұның бәрі халықтың құқықтық мәдениеті қалыптаспағанын көрсете ме?

Нұра Тынысқызы: Өте дұрыс айтасыз. Статистиканы ақтарып, бұдан жиырма жыл бұрынғы істер мен қазіргі істерді салыстырып қарайтын болсақ,  ұлтымыздың өзгергені байқалады. Айырмасы жер мен көктей. Бұрын ажырасу, баланы бөлісу, алимент мәселесімен сотқа арызданатын еді. Бүгінде туған бауырлар соттасып жатыр. Зорлық-зомбылық көбейді. Жала жабу артты. Былықтың көкесі шықты.

El.kz: Бұрын қазақтарда мұндай нәрсе аз кездесетін бе еді?

Нұра Тынысқызы: Мен Қазақ радиосында 20 жылдай уақыт зеңгерлік кеңес беретін хабарды жүргіземін. 2003 жылы біздің хабарымызда жер телімінің дауы, ажырасу, көршілердің жерге таласуы секілді мәселелер қозғалатын. Қазір тыңдап көрсеңіз бәрі басқаша. Адамдардың заңды жақсы білгені қуантады. Бірақ оның екінші қыры бар.

Әр сөзді байқап сөйлеп, байқап айту керек. Өйткені, «анау мынадай нәрсе айтты, түсіріп алды» деген шағым көп. Сұрақтардың мағынасы көп өзгергенін анық байқауға болады. Қазір еңбек даулары, жала жабу, жер дауы алға шығып отыр. Әлеуметтік жағдай нашарлауына байланысты көмек сұрап келетіндер де көп.

Мәселен, қыздарды мақтайын десең, жігіттердің айтқан арыздары сұмдық. «Мені алдап, екіқабатпын деп үйленуге мәжбүр етті, біз неге оны сотқа бере алмаймыз?», – дегенді айтатындар кездеседі.

Бірақ мен әйелдерді жақтамаймын. Заңгер заңмен жұмыс істейді. Егер мен адамның өтірік айтып тұрғанын байқасам, оның ісін алмаймын. Бәрі адамның қандай екеніне байланысты.

El.kz: Халықтың құқықтық мәдениетін, құқықтық санасын қалай қалыптастыруға болады? Ол үшін алдымен құқықтық сауаттылық керек пе?

Нұра Тынысқызы: Адам сауатты, білімді болуы қажет. Мәселен, діни сауаттылық деген бар. Сол сияқты құқықтық сауаттылық та маңызды. Әрине, елдің бәрі бірдей құқықтық сауатты бола алмайды. Ол үшін адам талмай оқу керек. Білім алуы тиіс. Заңгерлік мамандықты игеру қажет.

Ең бастысы – адамның өз құқықтарын білуі. Бірақ бәрі адамның мәдениетіне, тәрбиесіне байланысты деп ойлаймын. Біреуден мін іздемей, өзіңнің арыңның тазалығына қатты мән берген жөн. Сонда құқықтық мәдениет те басқаша қалыптасады.

Мәселен, бір іске қатысты пікір әртүрлі. Мәселен, «Не молчиге» қатысты істі алайық. Заңгерлер оларды алаяқ деп жазады. Ал біреулер қыздарға көмектесіп жатқанын айтып ақтайды. Сондықтан бірдеңе айту үшін, адамдардың қолында нақты деректер болуы тиіс. Біреуді алаяқ деп айтуға да болмайды. Оны тек қана сот шешеді.

Қазір әлеуметтік желіде бірін-бірі балағаттайды. Одан қашу керек. Өйткені, ар намысына нұқсан келтіру туралы бап бар.

El.kz: Әлеуметтік желідегі пікірталастың сотқа дейін жеткен кезі бар ма?

Нұра Тынысқызы: Бар. 130-бап бойынша арызданып жатыр. Адамдар тиісті түрдегі арызды жаза алмайды. Ол үшін заңгерге барады. Заңгерлер ол үшін ақша алады. Сот бір күнде болатын нәрсе емес. Ол ақшаның бәрін өндіру ұзаққа созылады. Сотты күту керек. Сот процесі болады. Қарсылас адамның да өз дәйектері болуы мүмкін. Сотта тағы тәжікелеседі.

Өз басым, мұндай істермен айналыспаймын. Меніңше, бұл – тырнақ астынан кір іздеу. Танымайтын адамға бірдеңе деп жазу дұрыс нәрсе емес.

El.kz: Сот жүйесінде мазмұндық реформалар болып жатыр? Жүзеге асу барысы туралы өмірден нақты мысал келтіріп айта аласыз ба?

Нұра Тынысқызы: Сот жүйесіндегі реформалар туралы қазір әңгіме айтуға ертерек. Қыркүйек айында сөз етуге болады. Қазір сот жүйесінде өзгеріс бар. Қазір біз де БАҚ-тардан, Жоғарғы соттың сайттарынан оқып жатырмыз. Заңдық күшіне енгеннен кейін ол өзгерістердің қалай жұмыс істейтіні анық болады.

Заң қабылданған соң, оның қалай іске асатынын ешкім білмейді. Тәжірибе кезінде біртіндеп үйрене бастайды.

El.kz: Заңгерлердің өзі өзгерістерге үйренуі керек пе? Бұған біраз уақыт қажет бола ма?

Нұра Тынысқызы: Әрине. Бұған бір мысал айтайын. Мұның алдында мүгедектерге көмек бойынша заңға өзгерістер енгізілген болатын. Қосымша 48 мың теңге ақша берілетін болған. Көп адамдар бізге хабарласты. Біз еңбекпен қамту орталығына немесе юстицияға хабарласуға кеңес бердік. Өзіміз де сауал жолдадық. Сонда, жаңа өзгерістердің мән-жайын олардың өзі де жете түсінбегені байқалды. Кейбір кезде ондай олқылықтар болып тұрады. Кейбір кезде заңдар бір-біріне кереғар шығады.

Бұл өзгерістер туралы да қоғамның пікірі қайшылықты болуы ықтимал. Біреулер қолдайды, біреулер қарсы дегендей. Десе де, біз балалардың, әйелдердің құқығын қорғауымыз керек. Әйелдерін өлтіріп жатқан еркектер де бар.Өз балаларын өлтіріп жатқан әйелдер де бар. Бірақ заң алдында барлық адам бірдей. Еркек болсын, әйел болсын. Осыны ұмытпағанымыз жөн. Ең бастысы – адам конституциялық құқықтарын білу қажет.

El.kz: Адамның құқықтары мен бостандықтары сот арқылы қалай қорғалып жатыр?

Нұра Тынысқызы:  Адамның құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы судьяларға байланысты. Әр судья әртүрлі. Барлық судьяны жаман деп айтуға болмайды. Кейбір судьялар біреудің мүддесін көбірек қорғайтыны бар. Мұны адвокаттар да айтып жүр.

Конституцияда «Адам және азамат» деген тарау бар. Ол жерде адам құқықтарының бәрі жазылған. Оны біз қайдан алдық? Халықаралық адам құқықтары туралы декларациядан. Біз оны қабылдадық. Ратификацияладық. Сол нормалардың бәрін Ата Заңға енгіздік.

Әрине, жүз пайыз қорғалып жатыр деп айта алмаймыз. Сол үшін жазаланып жатқан судьялар да бар. Пара алу мәселесі кездеседі.

El.kz: Сот жүйесін әлі реформалау қажет деп есептейсіз бе?

Нұра Тынысқызы:  Әрине, реформаны тереңдету, жеделдету керек. Адамдарды құқықтық мәдениетке үйрету қажет. Құқық саласында мәдениет болса, не істеу керегін анық біледі. Сосын адамдарға түсіндіріп бере алатын жақсы мамандар керек.

Ажырасамын деп келген адамдарға біз алдымен жақсылап ойлануға, ортақ балаларды ойлауға үгіттеп көреміз. Әлі татуласу мүмкіндігін қарастырамыз. Заңгерлер арасында бірден «күйеуіңізді быт-шытын шығарып, дымсыз қалдырайық» деп отқа май құятындар да бар. Мысалы, Жоғарғы соттың сайтында арыз жазудың үлгілері түр. Тегін. Аласың да, толтырып, тапсырасың. Бітті. Ал арызды толтырып бергенге төрт жүз мың теңге алған кейбір заңгерлер де бар екен. Ондайлар да кездеседі. Адамдар осындай қарапайым нәрселерді білуі керек.

Ажырасу бізде өте көп. Екінің бірі ажырасып жатыр. Статистика бойынша, тойдан гөрі ажырасу көп. Неге? Өйткені, бізде ажырасу ең оңай процедура. Екі АЕК төлейсің. Сот арызды қарайды. Татуласуға  мүмкіндік береді. «Жоқ» десе, ажырасып кете береді. Бізде неке институты жоқтың қасы. Оны да түсіндіру қажет. Оңай үйлене салады, оңай ажырай салады. Бұл жерде құқықтық сауатсыздық анық көрінеді. Кейбір әйелдер «Мен үшінші әйелімін. Күйеуім ажыраспақ. Маған не қалуы керек?» – деп хабарласады. Шындығында, оған ештеңе де бұйырмайды. Өйткені, ол заңды түрде оның әйелі емес. Мұндай жауапты естігенде, дауласып: «Мен заңды әйелімін. Мешітте некеміз қиылған», – деп уәж айтады. Неке куәлігі болмаса, онда әйелі болып есептелмейді. Оны да білмейді. Біз – құқықтық мемлекетпіз. Бұл жерде діни органдардың қателігі де бар. Олар неке куәлігінсіз діни неке қимауы қажет. Оған құқықтары жоқ. Қазір екінің бірі екінші, үшінші әйел болып жүр. Заң бойынша, діни неке деген ұғым жоқ. Сондықтан ондай әйелдердің балалары алимент ала ма, жоқ па, ол соттың мәселесі. Әкелікті тани ма, жоқ па, ол басқа соттың ісі. Соны да түсінбейді. Бұл дін мамандарының міндетін дұрыс атқармай жатқанын көрсетеді.

Әр салада да осындай түйткілдер жетеді.

El.kz: Әңгімеңізге көп рахмет!

Мереке Амантай
Бөлісу: