31.03.2026
13:10
171

Ажырасқан кезде ипотекаға алған пәтердің несиесін кім төлеуі тиіс?

Ажырасу кезінде ең қиын мәселелердің бірі – ортақ мүлікті бөлу. Ал егер пәтер ипотекада болса, жағдай одан да күрделене түседі. Себебі бұл жерде тек үйді ғана емес, банк алдындағы қарызды да бөлісу керек.

Қазақстанда ипотекалық баспана ажырасу кезінде бірнеше жолмен шешіледі. Үйді сатып, ақшасын бөлуге болады, бір адам екіншісінің үлесін сатып алады немесе бұрынғы жұбайлар несиені бірге төлей береді. Бұл туралы Yur.kz мамандары түсіндірген еді.

Ипотека – ортақ мүлік пе?

Заң бойынша, неке кезінде алынған мүлік – ортақ. Бұл ипотекаға алынған пәтерге де қатысты. Яғни үй де, қарыз да екі адамға бірдей тиесілі.

Маңыздысы – ипотеканың кімнің атына рәсімделгені емес, оның қашан алынғаны. Егер несие неке кезінде рәсімделсе, онда бұл ортақ міндеттеме болып саналады.

Бірақ кей жағдайда пәтер ортақ мүлікке жатпайды. Мысалы:
– үй некеге дейін алынған болса;
– мұра немесе сый ретінде берілсе;
– неке шартымен бөлек деп көрсетілсе;
– бастапқы жарна бір адамның жеке ақшасынан төленсе.

Мұндай кезде пәтер толық бір адамның меншігінде қалуы мүмкін.

Пәтерді қалай бөледі?

Егер ипотекалық үй ортақ мүлік деп танылса, оны бөлудің бірнеше жолы бар.

Біріншісі – бірі екіншісінің үлесін сатып алады. Бұл жағдайда үй бір адамның қолында қалады.

Екіншісі – пәтерді сату. Қарыз жабылып, қалған ақша екіге бөлінеді.

Үшіншісі – несиені бірге төлей беру. Бірақ бұл жиі дау-дамайға әкелуі мүмкін.

Төртіншісі – келісім арқылы бөлу. Яғни екі жақ өзара келісіп, кім не төлейтінін анықтайды.

Банк шешімі қандай?

Ең маңыздысы – банк. Ипотеканы қайта рәсімдеу үшін міндетті түрде банктің келісімі керек.

ҚР Азаматтық кодексінің 358-бабы бойынша:
– ипотеканы банксіз бір адамның атына ауыстыру мүмкін емес;
– сот та банкті мәжбүрлей алмайды;
– қарыз толық жабылғанша екі тарап та жауап береді.

Сондықтан мамандар ажырасар алдында банкке барып, жағдайды нақтылап алуға кеңес береді.

Егер ипотека некеге дейін алынған болса

Егер несие  некеге дейін толық төленсе, пәтер сол адамның жеке меншігі болады.

Ал егер төлемдер неке кезінде ортақ ақшадан жасалса, екінші адам сол шығынның бір бөлігін талап ете алады. Бірақ оны дәлелдеу үшін банк есебінің көшірмесі, түбіртек сияқты құжаттар қажет.

Некеге дейін алынған ипотека да әрдайым біржақты шешіле бермейді. Кей жағдайда несие бұрын рәсімделгенімен, пәтердің меншік құқығы неке кезінде тіркеледі. Осындай кезде дау туындайды. Бір сот пәтерді ортақ мүлік деп таныса, енді бірі жеке меншік деп шешуі мүмкін. Дегенмен кейінгң жылдары пәтердің құжаттары неке кезінде рәсімделсе, оны ортақ мүлік деп тану жиі кездеседі.

Балалар болса не өзгереді?

Егер отбасында балалар болса, сот олардың жағдайын бірінші орынға қояды. Кейде бұл пәтерді бөлу шешіміне де әсер етеді.

Неке шарты көмектесе ме?

Мұндай даудың алдын алудың бір жолы – неке шарты. Онда пәтер кімге тиесілі болатыны және ипотеканы кім төлейтіні алдын ала көрсетіледі.

Алайда кей жағдайда сот бұл құжатты ескермеуі мүмкін.

Қандай қателіктерден сақ болу керек?

Мамандар  жиі жіберілетін бірнеше қателікті атап өтті:
– ипотеканы төлемей қою;
– банкті ескермей шешім қабылдау;
– төлем құжаттарын сақтамау;
– уақытты өткізіп алу;
– заңгерге жүгінбеу.

Бұл қателіктер кейін үлкен қаржылық шығынға әкелуі мүмкін.

Ипотека – ұзақ мерзімді қарыз. Ажырасу кезінде бұл мәселе эмоциямен емес, заң талаптары мен нақты дәлелдерге сүйене отырып шешіледі.

Сондықтан алдын ала дайындалған дұрыс. Яғни банкпен келісу, барлық төлемдерді құжатпен растау және қажет болған жағдайда заңгерден кеңес алу маңызды. Өйткені мұндай жағдайда басты мәселе – тек мүлікті бөлу емес, қаржылық жауапкершілікті дұрыс реттеу.