Ажырасқан әйелдерді қоғамның қалдығына теңеген журналист бұлай деуінің себебін түсіндірді

5 Қыркүйек 2023, 12:00 3793

Ажырасқан әйелдерді қоғамның қалдығына теңеген журналист Меруерт Әйтенова бұл деуінің себебін түсіндірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

STAN.KZ YouTube арнасына берген сұхбатында Әйтенова кКөпшілік өзінің бұл сөзін ақ-қарасын ажыратып жатпай талқылап кеткенін айтады. 

Ажырасқан әйелдер әртүрлі жағдайда ажырасқан. Бір-бірін өлтіріп тастайтындай, аяқ-қолын сындыратындай күйге жеткені бар. Оларға мен жанашырлықпен қараймын. Олар менің қасымда жүр. Ал сол әйелдердің ішінде жоқтан өзге себеппен ажырасып, енесін сылтауратып, күйеуінің миын компот қылатын, қалада тұрғым келеді дейтін, оны талтақ деп, тағы түрлі себептер айтып ажырасатын әйелдер де бар. Қоғамның соры дегенде мен сондай әйелдерді меңзедім, - дейді журналист.

Сонымен қатар ол мұндай санатқа біреудің отбасын ойрандап, күйеуі мен әйелінің арасына түсетін әйелдерді де қосты.

Біреудің айрандай ұйып отырған отбасының тас-талқанын шығаратын ажырасқан әйелдерді де қоғамның сорына жатқызамын. Бұл менің ғана ойым емес. Біз «Алып анадан туады» дейміз. Егер 60-70 пайыз аналарымыз осылай жүретін болса, ол алыптарды кім табады?!

Меруерт Әйтенова бағдарлама кейіпкеріне неліктен ауыр сөздер айтқанын да түсіндірді.

Әлгі ажырасып келіп отырған келіншек менің жерлесім – оңтүстіктен. Бізде ажырасу деген бұрын болмаған. Ондайды естімейтінбіз. Ал ол төрт баласымен күйеуінен кетіп қалған. Күйеуі жоғары білімді, тәп-тәуір азамат. Өзі ішпейді екен. Әлгі келіншек өзінің ажырасқан құрбысына еріп осындай әрекет жасаған. Күйеуі сөйлесейік десе, қаша жөнеледі екен. Ер азамат қой, ашуланады. Сол ашумен есікті сындырғанда, әйелдің құрбысы видеоға түсіріп алып, оны тиктокқа салып жіберген. Мен осындай әйелдерді түсінбеймін. Сол сәтте отбасын сақтап қалғысы келген ер азаматты қорғағым келді, - дейді Меруерт Әйтенова.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: