Ажар Ғинаят Францияда денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту мәселелері бойынша кездесулерге қатысты

28 Маусым 2023, 13:20 1205

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бастаған қазақстандық делегация Францияның Денсаулық сақтау және профилактика министрі Франсуа Бронның және Францияның Қазақстандағы Елшілігінің шақыруымен екі күндік жұмыс сапарымен Франция Республикасына барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сапар барысында Францияның Денсаулық сақтау және профилактика министрі Ф.Бронмен екі елдің арасындағы денсаулық сақтау саласындағы үкіметаралық келісімнің жобасын, денсаулық сақтау саласындағы қазақстан-француз ынтымақтастығының перспективаларын талқылау бойынша екіжақты кездесулер өтті.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне инвестициялар тартуды, дәрілік препараттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар өндірісін орнықтыруды, зертханалық қызметті жаңғыртуды; телемедицина мен цифрлық денсаулық сақтауды, сондай-ақ Алматыда заманауи клиника салуды қоса алғанда, денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді. 

Сондай-ақ, Париж, Лилль, Берк француз бизнес-қоғамдастығымен және Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне инновациялар, технологиялар мен инвестициялар тарту, сондай-ақ әлжуаз балалар мен аллергиядан зардап шегетін балалар үшін бірлесіп тамақ өндіру мақсатында медициналық ұйымдар мен агенттіктердің басшыларымен кездесулер ұйымдастырылды.

Біз француз компанияларының ұлттық денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесін бағалаймыз және олардың күш-жігеріне және жергілікті денсаулық сақтау саласына қатысушылармен әріптестік орнатуға қолдау көрсетеміз. Осындай өзара тиімді әріптестіктің жарқын мысалы – «C3 Medical» жетекші француз компанияларымен және басқа әріптестермен бірлескен жобаларды іске асыру болып табылады, - деп атап өтті кездесу барысында А.Ғиният.

Сонымен қатар онкологиялық қызметті, ортопедия мен травматологияны жетілдіру, медицинадағы цифрлық қызметтерді дамыту, Медициналық және фармацевтикалық кадрлардың біліктілігін арттыру және т. б. мәселелер бойынша әріптестік қатынастарды дамыту мақсатында жетекші медициналық ұйымдарға да (Кюри институтының Протон орталығы, Виктор Гюго клиникасы, Лилль симуляциялық медициналық орталығы, Жак Клавье атындағы оңалту-қалпына келтіру орталығы-Опал қоры, Психомоторлық даму институты және т. б.) арнайы барды.

Кездесудің соңында А.Ғиният француздық әріптестерін халықаралық қатынастардың жаңа кезеңіндегі инновациялық бірлескен жобаларды іске асыруға, сондай-ақ 2023 жылғы 22-27 қазанда Астана қаласында жоспарланған МСАК жөніндегі жаһандық конференцияға және ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 73-сессиясына қатысуға шақырғаны мәлім болды. 

Асқар Таудай
Бөлісу: