Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндеріне орай өткен гала-концертке мыңға жуық адам қатысты

27 Қыркүйек, 03:32 401

Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндері Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында өткен гала-концертпен қорытындыланды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Ауқымды іс-шараға мыңға жуық көрермен - шығармашылық зиялы қауым, ведомстволық бағынысты ұйымдар өкілдері, сондай-ақ елорда тұрғындары мен қонақтары жиналды.

Сондай-ақ концертке Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрі Адил Керимли қатысты.

Сахнада Әзербайжанның Халық әртістері Самир Джафаров, Алихан Самедов, Тунзаля Агаева, Азер Зейналов, Гульяз Мамедова, Әзербайжанның еңбек сіңірген әртістері Рашад Ильясов, Лала Мамедова және басқа да танымал өнерпаздар өнер көрсетті. Іс-шарада Қазақстан мәдениетін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Әлішер Кәрімов пен халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Аяулым Қажымұханқызы Жумкенова таныстырды.

Концерт барлық қатысушылардың Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы мәдени бірлік пен достықтың символына айналған Муслим Магомаевтың әйгілі «Әзербайжан» әнін орындауымен аяқталды.

Айта кетейік, 24-26 қыркүйек аралығында Қазақстанда Әзербайжанның мәдениет күндері өтті. Оның аясында Астанада кітаптардың тұсаукесері, этно-джаз концерті, екі елдің Ұлттық кітапханалары арасындағы меморандумға қол қою, сондай-ақ «Әзербайжан өнерінің інжу-маржандары» көрмесінің ашылуы және Әзербайжан мемлекеттік би ансамблінің концерті өтті.

2023 жылдың желтоқсан айында Бакуде Қазақстанның Әзербайжандағы Мәдениет күндері жоғарғы деңгейде өтіп, екі мемлекет арасындағы мәдени байланысты нығайтудағы маңызды қадам болған еді.

Зарина Арман
Бөлісу: