Әзербайжанның Қарабақ жылқысы «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне қатысады

2 Сәуір, 10:40 558

1 сәуірде «JORYQ» республикалық ат спорты федерациясының жетекшісі Бақытжан Тұрлыбеков Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ағалар Атамоғлановпен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында әлемде теңдесі жоқ «Ұлы дала жорығы» бірегей жобасы жан-жақты талқыланды. Ұлттық спорт қауымдастығының қолдауымен 2024 жылы халықаралық деңгейде өткізілгелі отырған марафон-бәйгенің ұйымдастыру мәселелері де кеңінен сөз болды. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі өз кезегінде шетелдік дипломатиялық өкілдіктермен және ұйымдармен байланыс орнатуға ерекше қолдау көрсетуде.

Бақытжан Тұрлыбеков дипломатты алдағы марафон-бәйгеге дайындық барысында тығыз ынтымақтастық үшін Әзербайжан Республикасының ат спорты федерациясымен байланыс орнатуға ықпал етуге шақырды.

Бұған жауап ретінде Әзербайжан елшісі Ат спорты федерациясының жобаларын, соның ішінде Әзербайжан шабандоздарының, сондай-ақ әлемдегі ең мықты жылқы тұқымдары, Әзербайжанның ұлттық символына айналған Қарабақ арғымақтарының «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне қатысуына ықпал жасайтынын жеткізді.

Биыл «Ұлы дала жорығы» халықаралық дүбірлі додасының Ботай (СҚО) - Бозоқ (Астана) жаңа бағыты таңдалып алынды. Кем дегенде 15 шетелдік команда қатысады деп күтіліп отырған биылғы марафон-бәйгенің қашықтығы 500 шақырымды құрайды.

Марафон-бәйгенің Ботайдан басталуының мәні терең - адам баласы жылқы малын дәл осы жерде алғаш рет қолға үйреткен, ол  ғылыми дәлелденген. Ал VIII–X ғғ. көне түркілердің киелі мекені болған Астана маңындағы Бозоқ қалашығы жарыстың аяқталу нүктесі.

«Ұлы дала жорығы» – жылқы баласының ең мықты тұқымы анықталатын далалық лабораториясы.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: