Әзербайжан астанасы Бакуде Қазақстанның мәдениет күндері өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бүгін министр бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында екі ел арасындағы мәдениетаралық ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.
Президенттің көмекшісі – Әзербайжан Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат бөлімінің басшысы Хикмет Гаджиевпен айрықша маңызды кездесу өтті.
«Президентіміз Әзербайжанмен қарым-қатынасты дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бұған мемлекет басшыларының өзара сапарлары дәлел бола алады. Серіктестік барлық сала бойынша жоғары деңгейде дамиды. Бұл тілдің, діннің, әдет-ғұрыптың және дәстүрдің ұқсастығына негізделген ортақ мәдени мұра мен туыстық байланыстарға байланысты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Физули қаласында Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығының құрылысы аяқталуда. Бұл Әзербайжан халқына достық пен өзара қолдауды білдіретін сыйлық. Оның екі халық арасындағы бауырластық қарым - қатынастың символына айналатынына сенімдімін»,
- деп атап өтті ҚР Мәдениет және ақпарат министрі.
Министр Хикмет Гаджиевтің халықаралық медиафорум өткізу туралы бастамасын да қолдады.