ҚазАвтоЖол жол жөндеуде қандай кедергілер барын айтты

23 Тамыз 2022, 22:06 1428

Қиыршық тасты тасымалдауға арналған вагондардың саны тапшы.

Республикалық автожолдар желісін қайта жаңарту және жөндеуге кедергі келтіретін бірнеше фактор бар. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметі ақпарат таратты, деп хабарлайды El.kz.

«Жол-құрылыс маусымы аясында республикалық автожолдар желісін қайта жаңарту және жөндеу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Мәселен, республикалық маңызы бар «Өнеге-Бисен-Сайқын», «Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы», «Атырау-Астрахань», «Ақтөбе-Қандыағаш», «Қалбатау-Майқапшағай», «Талдықорған-Қалбатау-Мапқапшағай» және тағы басқа автожолдарда жұмыстар қайта жанданып, қарқынды жүріп жатыр. Құрылысты қайта жандандыру үшін ауқымды жұмыс атқарылды: құрылыс консорциумдарының құрамы қайта қаралды, құрылысқа жұмылдырылған арнайы техника мен жолшы мамандардың саны едәуір артты, қосалқы мердігер ұйымдар жұмылдырылды», -деп хабарлады баспасөз қызметі.

Мәселен, «Атырау-РФ шекарасы (Астрахань)» автожолын реконструкциялау, «Қазталов –Жәнібек-РФ шекарасы» және «Өнеге-Бисен-Сайқын» автожолдарын күрделі жөндеу жобаларын іске асыру аясында мердігер ұйымдар 10 асфальт-бетон зауытын, 7 топырақ араластырғыш құрылғы мен жол-құрылыс материалдарын қабылдау үшін 10 теміржол тұйығын жасақтаған. Сондай-ақ, 950 арнайы техника мен 1300 жолшы маман тартылған.

Алайда, жол құрылысына кері әсерін тигізіп отырған бірнеше фактор бар.

«Біріншіден, битум тапшылығы орын алуда. Ішкі нарықты битуммен қамтамасыз ету бойынша бірнеше рет құзыретті, бейінді мемлекеттік органдармен кеңес өткізілді. Республикалық желі бойынша автожол жобаларының қажеттілігі үшін битумды іріктеуге жәрдемдесу басымдығы атап өтілген болатын. Алайда, бүгінгі күні жол компанияларының өтінімдерін растауда қиындықтар бар. Мысалы, биыл жоғарыда аталған объектілер бойынша битум қажеттілігі 59 мың тоннаны құрады. Ал, іс жүзінде 13 мың тонна битуммен қамтамасыз етілді.

Екіншіден, қиыршық тасты тасымалдауға арналған вагондардың саны тапшы. Батыс Қазақстан облысында карьерлер жоқ. Сәйкесінше, қиыршық тасты көрші өңірлерден тасымалдау қажет. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және «ҚазТемірТранс» АҚ-мен бірлескен талқылау, кеңес кезінде теміржол арқылы жол-құрылыс материалдарын тасымалдау үшін вагондар санын арттыру мәселесі көтерілді. Алайда, тиісті нәтиже әлі байқалмады. Қазір батыс өңірлердегі вагон саны 2700 бірлікті құраса, оның 1000-ы көмір тасымалдауға жұмылдырылып отыр.

Үшіншіден, дизель отынының тапшылығы, бар болғанның өзінде құны артып отыр. Құрылыс жұмыстарына қажет жол-құрылыс техникасы барынша жұмылдырылды. Техникаларды тәулігіне шамамен 100-130 тонна дизель отынымен қамтамасыз ету қажет», - деп мәлім етті компанияның юаспасөз қызметі.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін барлық шараны қабылдауда. Алайда, жоғарыда аталған себептерге байланысты тапсырманың уақтылы орындалмау қаупі бар.

Бөлісу: