«Тарих-и Рашиди» кітабын тұңғыш рет қазақша тәржімалаған белгілі тарихшы-ғалым, әдебиеттанушы Ислам Жеменей атажұртқа оралғаннан кейін отандық ғылым саласының дамуы үшін өлшеусіз үлес қосты. Шығыстанушы ғалым Тегерандағы Иран ұлттық университеті, Түркиядағы Стамбул университеттерінен білім алған. Қазақ тілінен бөлек, түрік, парсы, иран, ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Еңбек жолын Ирандағы бірнеше оқу орындарында ұстаздықтан бастаған филолог еліміздің жоғары оқу орындарының көпшілігінде жауапты қызметтер атқарған. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Түркі халықтары әдебиеті» ғылыми зерттеулер орталығының жетекші ғылыми қызметкері болды. Бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті жанындағы Иран-Тұран ғылыми-зерттеу орталығының директоры, «Нұр Мүбарак» Египет Ислам Мәдениеті Университетінің профессоры, жетекші ғылыми қызметкері болып еңбек етеді.
(Суретте: тарихшы-ғалым Ислам Жеменей)
Ағамыздың ғылым саласындағы небір қиыншылықтарды еңсеріп, жоғары нәтижеге қол жеткізуіне Отанына деген адалдығы, еліне деген сүйіспеншілігі себеп болды. Сырт елде жүріп, атажұртын әбден сағынған ғалымның туған жерге дейінгі ынтық сезімі еліне оралса да, әлі де басылмаған. Бәз-баяғы қалпында.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін атажұрттан алыста қалған көптеген қандастарымыз елге оралды. Олардың арасында ғылымда, өнер мен әдебиетте, спортта, техника-технология саласында жетістікке жеткен бауырларымыз да бар. Қазіргі кезде осындай көптеген қандастарымыз тәуелсіз Қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына үлес қосып келеді. Ислам ағамыздың да қазақ ғылымы үшін атқарып келе жатқан еңбегі ұшан-теңіз.
«...Осы сәттердің барлығында Қазақ елі арман-аңсарымның шыңында тұрды»
Әңгімемді, ең алдымен, атажұртқа келген сәттен, алғашқы әсерлер, сағыныш, арман мен мұрат деген мәселелерден бастасам деймін.
Атажұртқа келген алқашқы күндер тасқа басылған таңбадай өмір бойы көңіл жазбасынан өшпейтінсағыныш сәттер ретінде есте қалған. Өйткені мен әуелі қиялда әлемде теңдесі жоқ «қазақ» атты бір жарға ғашық болғаным үшін сүйген жарыма қауышудың бағымен өмір кешкендей болып жүрдім. Ол жылдары мен үшін ең бақытты сәт атамекенге табан тірегенім болды. Қазірге дейін ғасырлардың сағыныш түнегінен сол бір аруға ынтық көңілім аптығын баса қойған жоқ. Тек қана көңілімнің сергелдең күйде күн кешуі болмаса. Өйткені қазіргі уақытқа дейін сүйген жарымды іздеумен келе жатқан тәріздімін. Сүйген соң сүйгеніңді аңсайсың. Мен аңсаумен атажұртқа қадам басқан 1990 жылдары адам өмірінің ең тәтті кезеңі осындай арман еткен сәттерден тұрады ғой деп ойлайтын едім. Бірақ, осы жылдар бойында сүюдің өтемі өте ауыр болатынын жан-тәніммен сезіп келе жатырмын. Әсіресе, мен сүйген елім үшін ғылыми еңбекпен айналысуды адал парызым деп білемін. Жалпы адамзат үшін дүниеауи сұранысқа ең қажеті байлық пен билік болғаны үшін, ғылымға сұраныс азайып қалады. Сонда да оның ақшасы жоқ болса да, ғылымды сүйген мәжнүн жүрегі бар жандарға керегі анық. Ондай жанда бір махаббат лебі ішкі дүниесін алға сүйреп жүретіні бар. Ол да тәңірінің адам баласына берген сыйы шығар.
Ислам Жеменейдің туған жері – Иран, атажұрты – Қазақстан. Қайсысы ыстық, қайсысы қымбат екені, бұл әрине, ағамыздың өзіне ғана аян.
Құбылған өмір ағымындағы сезімдер мен көңілдегі бір қиял махаббаттың тоғысқан сағасы мұхитпен түйісіп тұрғандай болып сезіледі. Мұхиттың қай бағытына жетелесе де, бір тұңғиық дүниеге сүңги беруге болады.
Менің туған жерім Иранның солтүстігі, Каспий теңізіне 36 шақырым жерде орналасқан Горган қаласына қарасты Сұлтанабад ауылы. Ал мен төрт жасқа келгенде Горган шаһарына көшкен екенбіз. Кезінде қаламыздың әсемдігінен Мазандаран провинциясындағы қалалардың «көрікті келіні» деген атаққа ие болған. Қаланың оңтүстігінде биік шыңдары мен қалың орманы бар Алборз тауларымен қоршалған әсем табиғат бауырында көңілге ұнамды қалада отыз жеті жыл тұрақты өмір кешкен екенмін. Горганның бейнесі көркемдігімен жадыма өшпес із қалдырды. Себебі мен сәбилік шағым мен жастық тамаша күндерімді сондай жасыл да көрікті қалада өткіздім. Әсіресе, жаратқанның сыйы болар, менің атам Рақбай қазақ диаспорасының арасында тұңғыш шағын егін шаруашылығының иесі еді. Содан біздің отбасы егістік жерлері бар Сұлтанабад, Әтракшал, Жилин және Хива ауылдарында танымал болды. Кейін қалаға көшсе де, фермерлік жұмыстары ептеп жүріп, қаладағы тасымалдау атты жаңа кәсіппен үйлесімді жалғасын тапты. Әкем Ақмұрат Горган қаласының жүк тасымалы сендикатының негізін қалаушылардың бірі болды. Мен де соның арқасында ауқатты тіршілікке кенеліп, кітап оқып, спортпен әуесқой деңгейде тұрақты айналыстым. Мәселен, теңізге барып, жүзу және серуен құруға, тауда жүруге, газет пен кітап оқуға, қиялдағы ғажайып қазақ әлемін сағынып, арман құруға мол мүмкіндік туатын.
Сондай-ақ, ол заманның ең басты ерекшелігі мейірімді адамдар көп әрі пейілдері пәк-тұғын. Кейде сол жылдар біздің адами ортаның шапағаты өзгеше, ерекшелікке ие болған қайталанбас бір әлем сияқты көрінеді. Мәселен, біздің егістігіміз бар Сұлтанабад ауылында жергілікті парсылар тұратын. Біз сол ауылда жалғыз қазақ отбасы едік. Сондағы ауылдастар бізбен адал болып, тіпті көбімен отбасылық қарым-қатынастағы достарға айналдық. Атап айтсақ, Мәш Садық отбасымен қазірге дейін үш ұрпақ өтсе де, достық қарым-қатынас сыйластықпен жалғасып келеді. Садық ағамыздың балалары Үсейін, Асан және Қазыммен кішкентайымыздан бірге өсіп, жастық шағымыздағы тамаша жылдардың естеліктерін бойымызға сіңірдік. Бір-бірімізге бауыр басып кеткеніміз соншалық, бүгінге дейін зейініміздің түбінде бір аңсау серуендеп жүр.
Мен білгелі Иранның оқу жүйесінде мектеп он екі жылдық. Мен әуелі алты жыл бастауыш мектеп оқуын бітірдім. Сол жылдардан Һашеми, Лүтфи және Кия сынды ардақты ұстаздарым менің жадымда өшпес орын алады. Кейін үш жылдық орта мектепте ұстаздарым – Фаршад пен Азәри және тарих пәнінің мұғалімі Әғили ойымнан шықпайды. Мектептың соңғы үш жылын салаландырған парсы әдебиеті мен тілі бойынша Ибн Сина мектебінде оқып бітірдім. Менің сана-сезімім осы үш жылда әлем әдебиеті, өнер мен мәдениетінің жаңа кеңістігіне қадам басты. Оның барлығын әлем тарихы мен әдебиетіне, философиясы мен адамның ортақ психологиясына салыстырып, қорытындылауына жетекші болған ұстазым Пәрвиз Резаи болды. Мен сол мектептің бірінші жылы психология сабағында назарына іліктім. Содан бастап, ұстаз-шәкірт бола жүріп, біздің отбасылық досымызға айналды. Әке-ана, ағайын-туыстарыммен бірге талай мерекелер мен тойларда бірге болып, қазірдің өзінде жасы 80-ге таяған болса да араласып тұрамыз. Мен одан жүйелі де жоспарлы, нақты бір мақсатқа үздіксіз еңбек етуді үйрендім. Менің басты мұратым Қазақ елімен қауышу еді. Жоспарым ұлттық бағытта болды. Елмен қауышқан жағдайда мектеп ашу және жарқын келешегіне жан-жақты жоспар жасап, жүйелі түрде жүзеге асыру болды. Ол бір күні: «Біз әлемнің үшінші қатардағы мемлекетіміз. Сол үшін еліміздің келешегін жасауға үлес қосқымыз келсе, бір мамандықпен шектелмей, жан-жақты мамандықтарды игеруіміз керек. Өйткені мұндай мемлекеттерде тұрақты да жүйелі даму жүйесі болмағандықтан, біз түрлі салаға ауысып, жұмысқа орналасуды басты назарда ұстауымыз қажет», - деп айтқанын ешқашан естен шығарған емеспін. Қысқасы, әскери жылдар мен Тегерандағы Иран Ұлттық университетін (шейіт Беһешти) бітіргенше ондаған құрбы-құрдас, сыныптас, әскерлес, курстас және әріптестермен небір тамаша жылдарды өткіздім. Осы сәттердің барлығында, ойымның түкпірінде атажұртым қиялдағы Қазақ елі арман-аңсарымның шыңында тұрды. Ирандағы он алты жыл оқу мен ағартушылық қызметім, мемлекеттік бағдарлама бойынша маған тиісті зәулем үйімді алты жылдан кейін аяқталуына бір ай қалған мерзімін де күте алмай, елімді іздеп жолға шыққан жылды еске алғанда таң қаламын. Қандай дүлей күш адам баласын мәжнүн күй кешуге жетелейді екен деп ойланамын. Мен 1990 жылы жұмыс бабымен бір жылға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне аттанарымда нағашы апам Амал: «Ислам, сенің төрт жағыңда төрт құбылаң түгел, саған не жоқ, осынша елден безгендей беймәлім жерге бара жатырсың. Кәмунистерден қандай жақсылық болар деп ойлайсың. Біз балаларымызды Ислам ағаңдай болыңдар деп сені үлгі етіп, оларға өнеге ретінде айтамыз. Енді сен кетіп қалсаң, балаларымызға кімді үлгі тұтыңдар дейміз?!» - деп менімен қоштасқан еді.
Мен не үшін Ирандағы өмір жолыма шолу жасадым?! Иә, менің Ирандағы өмір дастарқаным қандай тәтті тағдырмен түрленіп жатса да, атажұртқа ынтықтығым бәрінен асып түскен еді.
Атажұрт қандай ыстық және қымбат болады десеңізші! Оның жауабын жоғарыда айтқан естеліктердің тәтті әрі қызықты бағымды беймәлім бір ғашықтық сезіммен ойланбай ауыстыра салуыммен таразылап, өзіңіз ойлап, қорытынды жасап көріңіз.
Алматыға аяқ басқан сәтте мен бейтаныс бір дүниеге кезігемін деп мүлдем ойламадым. Бірақ, мұнда менің құрбы-құрдас, сыныптас, әскерлес, курстас, әріптес деген дос-жараным, сырласым жоқ еді. Бүгін соны ойласам, бұл «қазақ» атауы мен үшін тұтастай арқа сүйер өмірлік досым атанды, соның арқасында барлығын сүйе білдім, сол үшін шәкірттерім, менің оқырмандарым мен тыңдаушыларым рухани күш-қуатым болды деген қорытындыға келемін. Олардың ықыласы, пәк ниеті ешқашан мені жалғыз қалдырмады. Түңілген сәттерімде де, арам пиғылдың шеңберіне, күншілдіктің күндеуіне тап болып, тарыққан сәттерде небір ағалар мен достар, өресі биік ғалымдар мені қиналған түнектен жарыққа жетелеп жүрді. Қазақ халқының тарихи тәжірибелеріне негізделген «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегендей мақал-мәтелдері тіреу бола алды. Әрине, бұл мәселеге қазіргі кезде өзгешелеу қарау екендігін де мойындау керек. Өйткені заман мен таным, идеологиялық ағымдардың идеялары ақпарат құралдар арқылы тез арада таралуда.
Қазақ үшін туған топырақ, атажұрт, атақоныс, туған ел деген ұғымдар қашанда киелі, қасиетті. Ата-бабаларымыз қайда жүрсе де, туған жердің топырағын өз жүректерінің тұсында алып жүрген. Еліне деген сағынышы мен сүйіспеншілігі ақтық демі қалғанша кеуделерінде от болып жалындаған.
«Атам маған өзінің туған жеріне деген махаббаты мен сағынышын аманат етті»
Қазақ диаспорасында болғандықтан, атажұрт деген сөз «елдік», «отан» сөздерінің баламасы деп қабылдаймын. Менің түйгенім, азаматтың өміріне мағына бере алатын сол – Ел мен Отан. Мен үшін «елсіздік» пен «отансыз» болу азамат үшінөте қорқынышты тағдыр. Сондай-ақ, адамзаттың өркениеті ұлт-ұлыстардың таза саяси, мәдени, ғылыми және экономикалық бәсекесінен пайда болғанын ескергеніміз жөн. Әрі осы үрдіспен жетіліп, өрістей алады. Бәсекеге қабілетін жоғалтқан кез келген ұлттық қауымдастықтар азапты, ұзаққа созылатын өліммен тарих сахнасынан біртіндеп көмескіленіп, жойылады.
Егерде атамның көздегені биік болмағанда менің алар тәрбием өз басымның бағынан аспас еді. Айтпағым, Ирандағы менің отбасылық ауқатым дүние қуып, тіршілік етуге жеткілікті еді. Бірақ, атам маған өзінің туған жеріне деген махаббаты мен сағынышын аманат етті. Мен ес білгенде: «Маған осы топырақ бұйырары анық. Бірақ сендерге елге оралар күн туады. Сен елге оралғанда тіл мен дініңді жақсы сақтап барарсың. Әйтпесе, «мен қазақпын» деп қалай айта аласың?!» - деген өсиет-аманатты алдым. Осындай аманатпен санамда қазаққа жету, атажұртқа іңкәрлік қалыптасып, өмірлік басты мұратыма айналды.
Тәрбие – тал бесіктен. Кез келген адамның ұлттық ұстанымдары, қасиеттері ата-анадан дарыған болуы керек. Осы ретте Ислам ағамыздан ата-анасының қандай қасиеттері үнемі жадына болатынын сұрағанды жөн көрдік.
«Үкіметтің бұйрығы қазақ тілінің еркін қанат қағуына басты демеу бола алады»
Қашанда тәрбие сәбидің өскен ортасы, яғни шаңырағынан бастау алады. Мен алты жасымда бастауыш мектепке барғанмын. Бір күні екі қабатты үйдің бірінші қабатында атамның жанында отырған кезде аттас құрдасым есік аша сала, жаңадан үйреніп жүрген парсы тілімен: «Ислам, биа берим бази», - деп айта салғаны сол екен, атам ызалы түрімен: «Бұдан былай үй ішінде бөтен тілмен сөйлегендеріңді естемейін. Шаңыраққа қарап ана тіліңмен, қазақша сөйлейтін бол. Әйтпесе...», - деп қаһарлы үнін бәсеңдетіп, төмен қарап ер-тоқымын жөндей бастады. Содан күні бүгінге дейін иран қазақтары өз шаңырағында қазақша сөйлеп келе жатқаны – барлығымыздың аталарымыз бір ұстанымда болып, қазақ тілі мен дінін берік ұстау, ұлттық болмысты сақтап қалудың негізгі құралы екенін білгендіктен деп ойлаймын. Қазіргі кезде Иран қазақтарының арасында сәби мен жасөспірімдері негізінде қазақша сөйлейді. Бірақ, сөздік қорлары жеткіліксіз болғаны үшін парсы сөздерін пайдалануға мәжбүр. Соған қарамастан, тілдің мәйегі қазақша, атажұртқа оралғанда тез арада тілін түзете алады. Осылай оқымысты буын ана тілін шаңырақтың қасиеті арқылы сақтап жүрсе, мектеп пен жоғары оқу орындарында парсы, араб және ағылшын тілдерін үйреніп шығады. Бүгінгі таңда Иран қазақтары арасында түрлі мамандықтар бойынша жүздеген жоғары білімге ие оқымысты мақтан тұтар азаматтар мен көптеген спорттың түрлі саласында Иранға халқына аты мәлім спортшылар бар екенін айта аламыз. Олардың басты артықшылығы – тілін, салт-дәстүрін берік ұстанған буын. «Мен қазақша білмеймін, өйткені өзге тілде оқыдым», - деп сылтау айтып тұрмайды. Өйткені, аталарының ұлттық болмысы бекем болып қалған. Олардың санасын үрей мен кемсіту жаулай алмағандықтан, ұлттық іргесі шайқалмаған. Сол себептен тіл кеселі саяси психологияның салдарынан орын алған құбылыс деп қабылдау керек. «У кірген жолынан оңай шығады». Қазақтың көзі билеушіліктен, басқыншылықтан қорқып қалған. Енді дәл сол жолмен ол үрейді жоюға мүмкіндік бар. Оған тек үкіметтің нақты бұйрығы ғана керек. Сонда, қазақ тілі еркін қанат қаға алады.
Туған жердің қадірін Ислам ағамыз секілді жат мекенде дүниеге келген адам ғана шын сезініп, түйсіне алады. Ал қазіргі таңда, керісінше, қазақ жастары шет елге оқуға түсіп, сол жақта жұмысын жалғастырып, тұрақтап қалғысы келеді. Жаппай белең алып бара жатқан осы үрдіс туралы да ағамыздың ойын білдік.
Бұл жағдай, әрине, өкінішті... Бірақ оның қарапайым пайымы – ол жастардың албырт сезімі, пәк көңілі, шаңырақтарында отанын сүю мен ұлттық қадір-қасиеттің таразы басы тең болмай тұрғаны. «Мен не деймін, домбырам не дейді» дегендей саяси, экономикалық, мәдени-қоғамдық қайшылықтар сөз бен іс арасындағы қайшылықтармен сәйкесіп, үйлесім болмағандықтан, жастардың ойлаған армандарының жүзеге асу жолы нақтылық таба алмай, тасада қалып жатқандай көрінеді. Адамзат қоғамы тарихының бастауынан сана бәсекесінде табысты ісін ұлтына деген дұрыс пиғылмен жүзеге асырған жағдайда баянды бола білді. Сондықтан, қоғамның жетекші топтары қоғамдағы қайшылықтарды саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-ғылыми сала аясында жүйелі түрде, сөзден іске қарай үйлесімін қамтамасыз ететін болса, аталған жастардың көзқарасы ұлттық-мемлекеттік іңкәрліктен алшақ емес екенін байқауға болады.
Қазіргі ғасыр – ақпарат ғасыры, қазіргі ғасыр технологияның қарқынды дамуының салдарынан, бәсекенің қарқыны ең күшті межесінде шарықтап тұрған заман болғаны үшін сананың дамуы мен жетілуіне еркіндік пен теңдікті қажетсінетін заман.
Тарихшы-ғалым, әдебиеттанушы Ислам Жеменейдің өмір жолы отанға деген, елге деген шексіз сүйіспеншіліктің, риясыз махаббаттың нағыз үлгісі іспетті. Атажұртқа ынтызарлығын жанкештілікпен ұштастырып, «қазақ» деген қанды, ұлттық сананы ғана арқалап келген ағамыз бүгінгі таңда қазақ ғылымына өлшеусіз үлесін қосып отыр, әлі де қосары мол деп білеміз.
(Суреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан алынды)