Азаматтардың дербес деректері заңсыз таралған – депутат

27 Қыркүйек 2023, 11:25 1100

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов қазіргі таңда дербес деректерді қорғауда мемлекеттік бақылау болмағандықтан, көптеген азаматтардың дербес деректері заңсыз таралатынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың айтуынша, медициналық ақпараттық базасынан, Бас прокуратураның ақпараттық жүйесінен осындай жайттар болған.
Сабильянов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының негізіне тоқтала кетті.

Заң жобасының басты мақсаты дербес деректердің қауіпсіздігінің бұзылмауын қамтамасыз етуге, уәкілетті органға мемлекеттік бақылау функциясын беруге (уәкілетті реттеуші орган - Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті) және осы туралы жаңа ұғым енгізуге бағытталған. Сонымен қатар заңдарда тікелей қарастырылған жағдайларды қоспағанда (олар: көшіп келуші, иммигранттар, резидент емес), жеке басын куәландыратын құжаттардың қағаз көшірмелерін жинауға және өңдеуге тыйым салу нормалары қарастырылған. Бұл да азаматтардың дербес деректерін басқа мақсаттарда қолдануына жол бермеуін қамтиды, - деді депутат.

Заң жобасы 12 заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева заң жобасының негізгі бағыттары туралы егжей-тегжейлі баяндады. Заң жобасын қарау барысында депутаттардан 50-ден астам ұсыныстар енгізілген.

Миражан Махан
Бөлісу: