Азамат

18 Шілде, 09:14 374

“…Арғымақтың баласы
Аз оттар да, көп жусар…
Азамат ердің баласы
Аз ұйықтар да, көп жортар!..”

Махамбет

Біздің Сырдың бойы азаматқа, ерге бай. Біздегі жұрт елді әлі ерімен, азаматты маңдай терімен бағалайды. Ауылынан азамат шықпаса, әйелдерінің шамына торсық байлап, сөзді қарабарақ ететін әдеті бар. Бұл бәріне керек-ақ, себебі, ерсіз ел - төрсіз үй!

Осы бір ұяттан бізді арашалап, сақтап тұрған - сөз басында айтылған азаматтар. Бірегейі - қайта тірілген Республика күнінде кеудесіне ердің таңбасы басылған азамат, Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев. Оның тағдырының тірегі - Таң! Қандай әдемі атау, иә? Таң! “Таң нұрлы, шуақты болсын”,-деп жатамыз, таңнан күтеріміз көп, таңда тұруға асықпыз… Осының бәрін туа сала терең ұқты ма екен, әйтеуір, Имекең Таңды шынында нұрлы, шуақты етті, Таңнан әлі де күтеріміз көп, адамдар қазір Таңда тұруға асық. Себебі, ол жер еңбектің шапағатына шомылып, еңбек адамының маңдай теріне малынып қанаттанып келеді. Елге еткен есепсіз еңбек! Есеп-қисапсыз өтеліп жатқан перзент парызы! Бәрінің көрінісі - Таң!

Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінен

2021 жылы жырау Марат Сүгірбай, ақын Мөлдір Айтбай және мен Таң ауылына бардық. Мамыражай мамырдың кезі. Мамырлап көшкен бұлты да, жалындап өскен жұрты да бізді қызықтырды. Бәрінің кеудесінде мақтаныш. Ешкім ауылынан көшкісі келмейді. Болашағын тек осы ауылмен байланыстырған. Ғажап қой, мыңдаған отбасының шырағын маздату, мыңдаған адамға үміт сыйлау, туған жерімен мақтандыру, туған топыраққа деген шексіз махаббатқа дәнекер болу!.. 

Таңның мақтанышы - Имекең, Имекеңнің мақтынышы - туған жерінің төсінен төгілген ақ күріш, ақ ырыс, бақ ырыс! Имекеңнің аппақ кеуіліндей береке! Күріштің күрмеуін күрішші шешеді, күрішшінің кеуілін Имекең көтереді. Бұл - Таңдағы бұлтармас қағида. 

Таңнан ән мен жыр үзілмейді. Таңға бармаған мейман жоқ, себебі, ол - жылдың төрт мезгілінде де сұлу. Тұп-тура сортапты тесіп шыққан гүлдей! 

Таңдағы жұрт - мейірман, қонақжай, бауырмал. Себебі, азаматы жомарт қой. 

Мұның бәрі оңай келген жоқ. “Таңның ендігі таңы қалай атады екен?”,-деген күдікті сөз, күмәнді рең де талайдың көкейінде тұрды. Ауылы үшін “алаң да, алаң, алаң жұрттың” кеудесін тескілеген жүрек дүрсілі азаматты атқа қондырған. Талан-таражқа түскен тіршілік, ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кеткен техника, үргедек желден үріккен үміттер… Темір-терсектің орыны толысар ғой, бір еккенде шығатын дақылды тануға керек ақыл, жұртты сөзіне ұйыстыратын ғақыл, бәрінің қиуынын келістіріп, иінін тапқан Имекең болды. “Сол сәттен бері ағамыз көп ұйықтаған емес”,-дейді бәрінен хабары бар жігіттер. Иә, азамат Таңын ұйқыға қалай қисын?.. 

Жоғарыдағы Махамбет шайыр шумақтары қалай дөп айтылған деңізші. Бос мақтансыз, бос “аттансыз” біткен іс, сауда-саттықсыз қол жеткен бедел, аз ұйқы, көп жортумен алынған абырой! Бәрінің көрінісі - Таң, бәрінің дәлелі - Имекеңнің кеудесіндегі алтын жұлдыз!

Ер болсаң ғұмырбаяның осындай болсын, азамат болсаң, туған жерің Таңдай болсын! Жігіт болсаң, жұртың алақан жаймасын, аға болсаң, інің тарықпасын! Мықты болсаң Имекеңдей аз сөйлеп, көп іс тындыр. Сонда “Алтын жұлдыз” сені өзі іздеп табады!

Ақын, Жазушылар Одағының мүшесі 

Мақсат ДАУЫЛБАЙ

EL.KZ
Бөлісу: