Қазақы болмысымыздың басты нышаны – жылқы

17 Қаңтар 2019, 05:00 5083

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында атқа міну мәдениеті туралы басымдықты бірінші орынға қоюы тегін емес. Халқымыздың қазақы болмысын айқындайтын құндылық және ежелгі көшпелі халық болғанымызды білдіретін басты нышан – қазақ жылқысы.

Жаңа дәуірдің өрлеген уақытында осы құндылықтарымыздан айырылып қалмай, қасиетті мұра ретінде сақтап, көбейтіп, кейінгі ұрпаққа аманат етуіміз керек-ақ.

Қазақты тануда жылқының алатын орны бөлек. Дархан көңілді қазақты «астындағы жалғыз атын беретін» деп сипаттайтындығынан белгілі.

Қазақы жылқы

Қазақ халқының көшпенді өмір салтында, яғни, өркениетінде жылқының алатын орны айрықша. Жалпы халқымыз үшін жылқы қастерлі. Тіпті ер жігіттерге «ат жалын тартып мінген», «ат құлағында ойнайды» деп мақтау айтса – бұл шенді дәрежені білдірерліктей.

Жылқыны қолға үйрету үдерісі көшпелі өмірді едәуір жеңілдетіп, шаруашылықта маңызды рөл атқарды. Жылқы малының еті, қымызы азық болса, көлік ретінде қолдану өз алдына бөлек дүние.

Тарихта ежелден Қазақстан аумағы жылқыны қолға үйреткен мекен болғанын археологиялық қазбаларда дәлелденген. Солтүстік Қазақстандағы Ботай мәдениеті энеолит дәуірінде (б.з.д. 4-3-мыңжылдық), Арқайым ескерткіштері орта қола дәуірінде (б.з.д. 2-мыңжылдық), Қазақстанның барлық аймақтарынан кездесетін арий, сақ, ғұн кезеңдерінің ескерткіштері (б.з.д. 1-мыңжылдық – б.з. 2 ғ.) ежелгі Қазақстанда жылқының қолға үйретіліп қана қоймай, бұл малдың ерекше қастерленіп, әдет-ғұрыптық рәсімдердің ажырамас бір бөлігіне айналғанын көрсетеді.

Жылқыны түріне қарай жүк жылқысы (Владимир, Першерон жылқысы), мініс жылқысы (араб, ақалтеке), жазық дала жылқысы (Дон, Буденный, Қостанай, моңғол және қазақ жылқысы), тау жылқысы (кабардин, қарабақ, қырғыз, алтай жылқылары), солтүстік дала жылқысы (витский, эстон, якут жылқылары) болып ажыратылады. Дүние жүзінде жылқының екі жүз елудей түрі бар болса, Қазақстанда жылқының жиырмаға жуық түрі өсіріледі.

Ертеден өсіріліп келе жатқан қолтұқымның бірі – қазақ жылқысы. Оның «жабы» деп аталатын түрі де бар. Бұл тұқым көлік ретінде және еті мен сүтін пайдалануға өсіріледі. Олардың ерекше қасиеті – суық ауа райына төзімді. Жайылым, жем-шөп талғамайтын, мінуге көнбіс.

Деректерде алғашқы болып Ботай мәдениеті энеолит дәуірінде қолға үйреткен деп көрсетіледі. Қазақ жылқыларының тұқымын қалыптастыру сол дәуірде басталып, мыңдаған жылдар бойы жалғасып келеді.

Көне тұқымдарының бір түрі – жабы Алматы, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақмола аймақтарында өсіріледі.

Дала тұлпарлары бүгінгі күнге дейін Қазақстанның мәдени мұрасының маңызды элементі.

Қазіргі уақытта қазақ жылқысының тұқымдары жоғарыда айтылғандай, мыңдаған жылдар бұрын жетіліп, уақыт өте келе басқаша тұрпатқа ие болып, әмбебап тұқымға айналды. Мінуге, арба, шанаға жегуге, ет-сүт өніміне пайдалану үшін өсірілетін жылқы еш кінәратсыз.    

Қазақ жылқысы моңғол жылқысымен қатар Орта ғасыр соңында Еуразияның барлық дала бөлігін бағындырып, Батыста Карпатқа жеткен Алтын Орда әскері жауынгерлерінің көлік сапын құрады.

Тұқымның қалыптасуының бастапқы кезеңінде оған Орта Азияның, ең алдымен моңғол, түркімен және басқа да жылқы тұқымдары үлкен әсер етті. Кейінде қазақ жылқысы ең танымал асыл тұқымды сәйгүліктермен тұқымдастырыла бастады – араб, ақалтеке жән т.б. ХХ ғасырда қазақ жылқыларын жақсарту үшін ағылшын таза қанды тұқымын, Орловтың желісті жылқысы және Дон жылқысын белсенді түрде тарта бастады.

Қазақстанның әртүрлі аймақтарының климаттық жағдайында қарай, сондай-ақ басқа тұқымдармен будандастыру және қазақ жылқысы тұқымын мақсатты ұрықтандыру нәтижесінде ішкі тұқым пайда болып, олар – жабы, Адай және т.б. болып аталды.

Қазақ жылқысы жатаған келген, бірақ тығыршықтай болады. Шоқтығының ұзындығы 131-135 см, кеуде тұсы – шамамен 142 см. Ересек жылқының салмағы 302-360 келі аралығында. Реңкі әртүрлі болып келеді, дегенмен жирен және торы түсі басым болады.

Жоғарыда айтып өткендей, аталған тұқымның бұл түрінің негізгі ерекшелігі – қазақ даласындағы қыс айының 40 градус аязына төзімділігі. Сонымен қатар қазақ тұқымының жылқылары бәйгі айналмасының жүктемелерін тамаша орындайды. Олар ұзақ қашықтыққа жүгіруге шыдамды әрі жарамды.

Қазақ жылқысының мінезі саналуан түрлі. Айтарлықтай ақылды және батылды жануарлар бірде төзімділік пен бойсұну танытса, бірде кері мінезін көрсетеді. Дегенмен шыдамдылық танытып, мінезін ауыздықтайтын болсаңыз, көнбіс болады.   

Айтқандай-ақ, қазақ жылқысының бірнеше тұқым ішіндегі түрлері бар. Олардың арасында Адай жылқысы мен жабы кеңінен таралған.

Адай жылқылары басқаларына қарағанда бәйгіге төселген болып келеді. Олар бой жағынан биіктеу, базалық тұқымға қарағанда жеңіл конституцияға ие. Сондай-ақ Адай жылқылары шапшаң және ұшқыр. Бірақ олар қатты суықтарға шыдамсыз.

Жабы жылқысы – бұл ет, сүт өнімдеріне бейімделген түрі. Олардың бойы орташа, бірақ тығыршықтай. Сол себепті олардың салмағы бес жүзге дейін жетуі мүмкін. Қатал ауа райы мен ауыр жұмысты елемейтін қасиеті бар.

Қазақ халқының көнеден әдеби-тарихи мұрасынан ойып орын алған жылқы туралы мақал-мәтелдері, жұмбақ, аңыз әңгімелері жетерлік.  

Жылқы туралы мақал-мәтелдер

Атың барда – жер таны желіп жүріп,
Асың барда – ел таны беріп жүріп.

Теңге тиыннан өсер,
Жылқы құлыннан өсер.

Жақсы қартайса да, ақылынан танбас,
Жаман ат қартайса да, жүрісінен танбас.

Жақсының қадірі өлгенде білінер,
Жақсы аттың қадірі мінгенде білінер.

Жақсы аттың артынан құнан ереді,

Жақсы жігіттің артынан ұлан ереді.

Жақсы жігіт пен жақсы ат көптікі.

Жаралы болатын жігіт байталын атқа сатады,

Жалғыз болатын жігіт ағайынды жатқа сатады.

Жылқы туралы жұмбақтар

Түбірлі төртеу,

Түймемен бесеу,

Ерубай екеу,

Мамық жалғыз. (Жылқы)

Қоян жақты, тақыр жонды,

Төрт тұяқ, екі аяқты, екі қолды.

Салпы ерін, өзі жүйрік,

Кең омырау, жуан құйрық. (Ат) 
 

Кішкене ғана тостаған,

Көтеріп қана тастаған. (Аттың төрт тұяғы)

Тау астында төрт бала,
Кезек-кезек ойнаған.
Төрт баланың қолына
Төрт айды әкеп байлаған. (Аттың төрт аяғы және тұяғы)

Алдымда бар нар қамыс,
Артымда бар нар қамыс.
Отырған жерім ой темір,
Басқан жерім бай темір,
Он қолымда – тең қайыс. (Ат, үзеңгі, қамшы, атқа мініп отырған адам)

Керіп қойған немене,
Көкектеген немене?
Малып қойған немене,
Бал татыған немене? (Желідегі құлын, піспек, сабадағы қымыз)

Жылқыға қатысты ырымдар

Жылқының жусауын, қотандағы қойдың тынысын, малдың өрісін бұзса – иесі өкпелейді.

Мал сойғанда төс шеміршегін кесіп алып, босағаға лақтырғанда, жабысып қалса – сол үйдің аты жүйрік болады.

Жылқыны сатқанда не болмаса біреуге сыйлыққа бергенде, ноқта-жүгенін алып қалады және құйрық-жалынан қыл кесіп алады. Әйтпесе ырыс-несібе сонымен кетіп қалады.

Ер-тұрман аяқ асты жатпайды.

Жылқы туралы аңыз

Шұбарат

Ерте заманда Шамалған өзені бойында бір адам өмір сүріпті. Оның теңдесі жоқ керемет Шұбарат атты сәйгүлігі болған екен. Шұбарат сол маңдағы бәйгінің алдын бермейтін ұшқан құстан да жүйрік тұлпар болған деседі. Аты әйгілі жүлделі сәйгүлікті айтпайтын адам болмапты. Күндердің күнінде жүлдесі бағалы аламан бәйгі болатыны туралы хабар жетеді.

Мен дегеннің бәрі жүйріктерін әкеліп қосады. Бәйгіге қосылған аттар бір күн бойы шабатын болып, таң ата бәйгі басталып кетеді. Ас пісірім уақыттан соң Шұбарат шапқан аттардың алдына түсіп, ұзап кетеді.      

Шұбарат сол қарқынмен күндікке бірде шаба, бірде желе-жортып, бірде аяндап межелі жерге таянады. Оның артында шауып келе жатқан жүздеген аттың біразы құлап, мертігеді. Шабандоздар да жарақат алады.

Қызыл іңірде жиылған жұрт көкжиектен шамалы шапқан аттарды байқайды. Олардың алдында оқ бойы шауып Шұбарат келеді.

Бір мезетте бәйгі аттарының алдынан биік жартас көрініп, шаршаған аттар міне алмай тұрақтап қалады. Тек Шұбарат қана жартасқа дейін шауып келіп, жебедей тартылып, шыңына ұшып жетіп, бәйгіден бірінші келеді.

Содан бері биік жартас Шұбарат деп аталып кеткен екен.     

Қазақ халқы жылқыны қастерлеп, әспеттеп ұстап, оны тіпті «жолдасына» теңеген. «Ер қанаты – ат» деген мақалдың айтылуы да осы түсініктен туған болар.

Дүниеге ұл бала келсе – «атұстар келді», қыз бала келсе – «көйлектігер келді» деп жеткізген. Айтар сөзін астарлап айтатын ата-бабаларымыздың даналығы таңдандырарлық. Тіпті ұл баланың жасын «ізбасар», «ат байлар», «әке кіндігінің жалғасы», «тұяқ», «шикі өкпе», «күл шашар», «төре», «құрық ұстар» деп атайтын болған. Яғни, ер баланың өмірі жылқымен байланыстырылып отырғанын байқаймыз. Өкінішке орай қазіргі уақытта бұл сөздер күнделікті сөз қолданысымыздан ажырап, архаизмге айналды.  

Жақсы атты жүйрік ат, арғымақ, тұлпар, сәйгүлік деп атайтын халқымыздың фольклорында да жылқыға айрықша көңіл бөлгендігін батырлар жыры жырлайды. Қобыланды батырдың серігі – Тайбурыл, Алпамыстың тұлпары – Байшұбар, Қамбар батырдың арғымағы – Қарақасқа, Қабанбай батырдың сәйгүлігі – Қубас, Ер Төстік жырындағы батырдың қанаты, пырағы – Шалқұйрықты білмейтін қазақ оқырманы кемде-кем шығар.

Кемеңгер ақын-жазушыларымыз да шығармаларына арқау еткен жылқы малына арналған туындылардың ішінде Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы өз алдына қымбат дүние:  

Жақсының жақсылығын жан айтады,

Сондықтан «Құлагерді» бәрі айтады.

Егіліп әндеріне, сөзін тыңдап,

Еріңді ел қиялы дардайтады.

 

Қазақта Құлагерді көп айтады,

«Серінің серігі еді» деп айтады.

«Ат сыры иесіне мәлім» деп жұрт,

Тегінде мал көрмесе, неге айтады, – деп толғанған ақынның поэмасының ақырында Батыраштың қанды қолынан мертіккен Құлагерді жоқтаған Ақан серінің зарын оқығанда, сай-сүйегі сырқырамаған жан жоқ шығар...

Құлагер қорқырайды қаныменен,

Ақан да шырқырайды жаныменен...

Егіліп, төгіледі Ақан сері,

Зарлаған Құлагердің әніменен:

«Не болды-ай, бай-бай саған, Құлагерім?!   

Суалдың, сорлы иеңнің бұлағы едің...

Тірегі көңілімнің, бәйтерегім,

Бұл жерге қалайынша құлап едің?!

Шыныңмен кеткенің бе, Құлагерім?!

Қасымда қасынысып тұрар едің.

Баспа бас қызға бермес жануарым,

Басылар өлгенімше қайтып шерің?!..».

Қазақтың егемендігіне бірге жеткен қазақ жылқысының бейнесі Елтаңбамызда қанатты пырақ арқылы берілген. Бұл – қазақтың кеңдігін, еркіндігін, сайын даланы мекендеген айбарлы халық екендігін байқатады.

Ендігі құндылығымызды жоғалтпау – бүгіннің еншісінде.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: