Ұлттық ойындар мен мерекелердің қай уақытта да қоғамдық мәні зор болмақ. Бағзы замандарда пайда болған ұлттық ойындар мен мерекелер халқымыздың тұрмыс-салты мен қоғамдық қатынастарға сәйкес әрдайым өзгерістерге ұшырап, жетіліп отырған. Әскери машықтар, ғибадат көріністер, сиқырлы күш сияқты ойын-сауықтардың біртіндеп спорт түрлеріне айналуы кездейсоқ емес. Қазақтың ұлттық ойындарында да халықтың рухани, мәдени және материалдық ерекшеліктері айқын көрініс тапты. Ойын-сауық түрі, тақырыбы, өткізілетін жері мен уақыты көп жағдайда көшпенді өмір салтының ыңғайына қарай қалыптасты.
Ұлттық ойындар – тәлім-тәрбиенің қайнар көзі
Ұлттық ойындар мен сауық-сайрандардың тәрбиелік және этика-эстетикалық тұрғыдан маңызы айрықша. Әскери шайқас көріністерінен туындаған әскери спорт түрлері жас буынды отаншылдыққа, ептілікке, батылдыққа тәрбиелейді. Әскери ойындардың қалыптасуының өзі өмірлік қажеттіліктен туындап, елдегі әскери дәстүрге қарай дамыған. Сондай-ақ, қазақ халқының ат үстіндегі бейбіт уақыттағы ойындарында шыңдалған шеберліктің пайдасы ұрыс кезінде көрінді. Сайыс, аударыспақ, жамбы ату секілді білек пен жүректі, амал мен айланы қажет ететін ойындар болашақ жауынгерді жан-жақты жетілдіруге мүмкіндік беретін болған. Тай бәйгеден аламан бәйгеге дейінгі ат жарыстар қашса құтылатын, қуса жететін желден жүйрік бәйге аттарын баптауға ықпал етті. Осыған сәйкес халқымыз жылқы малына ерекше сүйіспеншілікпен қарады. Атты күтіп-бағу мен баптаудың сан ғасырлық тәжірибесін жинақтады. Қазақтың күнделікті тіршілігі мен ойын-тойларын жылқысыз көзге елестету мүмкін емес еді. Сондай бүгінге дейін өз маңызын жоғалтпаған ұлттық ойынымыздың бірі – бәйге. Бәйгенің бізге дейін жеткен бірнеше түрі бар.
Аламан бәйге – алыс қашықтыққа, жиырма бес, елу, тіпті, жүз шақырымға дейін шабатын ат жарысы. Мұндай қашықтықтағы бәйге жолында, әрине, жар, су секілді табиғи кедергілер кездесуі мүмкін. Бұл бәйге ежелден танымал жарыс түрі болып саналады. Аламан бәйге атты алыс жолға дайындауға, көшпенді тұрмысқа, барымтаға, сондай-ақ, жылқы тұқымын жақсарту мақсатында пайда болған. Аламан бәйге үлкен мерекелерде, астарда өтетін негізгі жарыстардың бірі болып есептеледі. Жарысқа қатысатын аттардың санына шек қойылмайды және тұқымы есепке алынбайды. Бәйге кезінде шабандоздың тактикалық шеберлігі ерекше рөл атқарады. Шабандоз өзінің ептілігін, аттың күшін, әр аралықтағы шабыстың жылдамдығын ескеріп отырады. Атты бәйгеге қоспас бұрын тұқымына, дене мүшесіне үлкен мән берілген. Аламан бәйге үшін жүрісі жұмсақ, бір қалыпты күндік жолға болдырмайтын ат таңдалса, ал басқа бәйгелерге жарыс кезінде қызу қанды, бойшаң аттар алынатын болған. Халқымыз атқа көз тигізуден сақтанып, бәйге басталғанша да және басталғаннан кейін де бәйге атты сырт көзден жасырын ұстап, үстін түгелдей жабулап тастаған. Жалы мен құйрығын өріп, кекіліне үкі таққан. Әдетте, шабандоз сегіз бен он төрт жастағы, атқа жеңіл жеткіншектер арасынан таңдалып алынады. Сонымен қатар шабандоздың үстіне ақ жейде кигізіліп, басына қызыл орамал тартылған. Бәйге жүлдесі бәйгеге қатысқан шабандоздардың санына, оны ұйымдастырушылардың материалдық мүмкіндігіне байланысты берілген. Қазақ тарихында аты мәлім байлардың асында өткізілген ірі бәйгелерде бас бәйгеге жүз, екі жүз жылқыға дейін тіккен кездер де болды. Бұған қоса жүлдеге мал, киіз үй, күміс ақша секілді тағы да басқа бағалы заттар тарту етілген.
Құнан бәйге – үш жастан аспаған аттар қатыса алатын жарыс. Қашықтығы бір шақырымнан екі шақырымға дейін болған.
Дөнен бәйге – төрт жастан аспаған аттар қатысатын бәйге. Қашықтығы екі жарым мен бес шақырым аралығында.
Тоқ бәйге – бес жасар немесе одан да үлкен аттар қатысатын жарыс. Қашықтығы бес шақырымнан сегіз шақырымға дейін жетеді.
Жорға жарыс – екіден он шақырымға дейінгі аралықта, жазық жерлерде ұйымдастырылатын бәйге.
Атты қатыстырып ойналатын ойындар мұнымен бітпейді. Сондай-ақ, олардың әрқайсында өзіндік шарттары мен заңдылықтары бар. Атып айтсқа, сайыс – салт аттылардың жекпе-жегі, үлкен мейрамдарда ұйымдастырылатын ежелгі әскери ойындардың бірі. Бұл ойын көршілес қырғыз халқында да кездеседі.
Аударыспақ – қарсыласын ат үстінен аударып түсіру мақсатында ат үстінде өтетін күрес түрі. Аударыспаққаатқа мығым отыратын, қарулы және епті адамдар ғана қатыса алады. Ат үстіндегі күресетін палуандар ойын-той кезінде әр ауылдың я болмаса рудың атынан шығып, ойынды одан әрі қыздыратын болған.
Жамбы ату – шауып бара жатып ат үстінде мылтықпен немесе садақпен нысана ату, бұл әскери спорт ойынының бір түрі болып саналады.
Көкпар – халқымыздың мейлінше кең тараған және әлі күнге дейін үздіксіз ойнатылатын ұлттық ойыны. Бұл ойын, сонымен бірге, Орталық Азияның басқа да халықтарында кездеседі. Ойын ережесі мынадай: әр рудың немесе әр ауылдың атынан шыққан көкпаршылар алаңды айнала тұрады да, ортаға көкпар тасталған кезде лап қойып, епті келген біреуі іліп алады. Ары қарай дода басталады. Ойынның мақсаты – көкпарды, яғни ойынға атаған серкені бірінші болып белгіленген қазандыққа жеткізу. Жарысқа қатысушылар серкені алып қашуға тырысады, ал қалғандары олжаны тарытп алу мақсатында артынан қуады. Қатысушы көкпарды алған бетте тақымға жақсылап басуға тырысады. Дода кезінде қарсыластарға көкпарды беріп қоймас үшін көкпардың екі аяған қос қолдап ұстап, қалғанын тақып астына мықтап салады. Тақымы мықты көкпаршылардан көкпарды тартып алу оңайғ соқпайды, мықты шабандоздар ондайда көкпаршыларды атымен қоса сүйреп әкетеді де, ат үстінен құлауға айналғанда ғана көкпаршы амалсыз тақымын босатады.
Сонымен қатар халық арасында кеңінен таралған күрестің бірі – қазақша күрес. Атақты палуандар күрестің бұл түріне салмақ дәрежесіне қарамай күрескен. Бұл еркін күрестің тек өзіне ғана тән аяқтан шалу, жұлқа көтеру секілдіәдіс-айлалары мен ерекшеліктері бар. Қазақша күресте қарсыластың тізесі жерге тисе жеңілген болып саналады. Бұл бір жағынан мәрттікті білдірсе, екінші жағынан жеңілген жақты одан сайын тұқырта бермеуді көздейді. Жеңген адамға палуан деген атақ берген. Бізге мәлім Балуан Шолақ, Қажымұқан аталарымыздың атағы осы қазақша күрестен шыққан. Аталған спорт түрінен қазіргі уақытта республикалық чемпионат тұрақты түрде өткізіліп, халықаралық жарыстар ұйымдастырылады.
Мұнымен қоса қыз қуу, алтыбақан, ақсүйек секілді жастардың ойын-сауығының да өзіндік ерекшеліктері бар. Қыз қуу кезінде ат үстінде ойнайтын жігіттердің шеберлігі көрінсе, ер-азаматтан қалыспай атқа мініп, жауға шабатын қазақ қыздарын да осы ойыннан аңғаруға болады.
Алтыбақан, ақсүйек ойындарында жастардың танысып-білісуіне мүмкіндік беріліп, өз беттерімен ойнап-күлулеріне жағдай жасалған.
Алтыбақан – алты діңгектің ұшы мықты арқан жіппен тартылған қазақ әткеншегі. Үстіне көлденең белағаш орнатып, оған қос қанатты арқан бекітіледі. Алтыбақан кешке қарай құрылатын болған. Онда қыз бен жігіт алтыбақан үстінде тербетіліп, көңілді ән бастайды. Қыз салған әнге жігіт қосыла алмаса үлкен кемшілік саналып, айып төлейді. Ал алтыбақанды тербетушілер екеуі салған әнді әрі қарай іліп әкетеді. Алтыбақан үстінде жастар өздерінде бар өнерді ортаға салады.
Ал ақсүйек – қыздар мен жігіттердің қатысуымен далада ұйымдастырылатын ойын-сауық. «Ақсүйек» ойыны жаздың айлы түнінде ойнатылуымен ерекшеленеді. Ойынды бастау үшін ірі қараның үлкен жілік сүйегі керек. Ойынға қатысушылар екі топқа бөлініп, әр топ өз көмбесінбелгілейді. Ойынды ұйымдастырушы сүйекті алысқа лақтырғаннан кейі, екі топтың да адамдары сүйекті іздей бастайды. Тауып алған адам өз тобының көмбесіне қарай жүгіреді. Ал қарсы жақтың ойыншылары сүйекті тартып алып, өз көмбесіне апаруға тырысады. Жеңіліп қалған топ ойыншылары ән салып, би билеп я болмаса басқа өнер көрсетуге тиісті. Оған көп жағдайда көрші ауылдың жастары да қатысады. Бұл ойын жастарды қараңғыда бағдарды, мөлшерді айыра білуге және жылдам жүгіруге үйретеді.
Сондай-ақ халқымызда жастар ойын-сауығымен қатар, балалар ойыны да кең таралған. Атап айтсақ, соқыртеке, мырыш-мырыш, қазан атты ойындар ойналған.
Ұл балалардың ең сүйікті ойындарының бірі – асық. Бұл ойынға кішкентай балалармен бірге кейде жастар мен үлкендер де қосылып отырған. Асық ойыны қазақ жерінің барлық түкіпірінде кеңінен таралған ойын екенін археологиялық деректер көрсетіп отыр. Асық түрлері – алшы, тәйке, бүк, шік, оңға не омпа болып бөлінсе, ойын түріне қарай ханталапай, бес тас, атбақыл, жиырма бір және т.б. болып бөлінеді. Ұтысқа асық, ақша және түрлі сыйлықтар қойылатын болған.
Тағы да бір халқымыздың ұлттық ойындарының ішіндегі ең күрделі интеллектуалдық ойын түрі – ежелден келе жатқан үстел ойын тоғызқұмалақ. Ойынға екі қатардың әрқайсына тоғыздан орналасқан он сегіз ұзынша ұя «отаудан» тұратын төртбұрышты ағаш тақта қолданылады. Қатардың аралығында тағы да шеңбер пішіндесекі үлкен ұя «қазан» ойылып жасалған. Екі ойыншының әрбірінде сексен бір кішкене шар болады, ал ұяға тоғыздан салынады. Ойыншылар кезектесіп жүреді. Ойыншы қарсыласының ұясынан өзінің қазанына кішкене шарды көп жинаса, жеңімпаз болып есептеледі. Ойынның қызық әрі әйгілі болғаны соншалықты, әуесқойлар тақтайсыз да тоғызқұмалақ ұйымдастырған. Ондай жағдайда ойынға қатысушылар ұяларды жерге қазып-ақ ойнай береді. Қазіргі уақытта тоғызқұмалақтан республикалық және халықаралық чемпионаттар ұйымдастырылып, ұлттық спорт ретінде тұрақты жолға қойылған. Халықаралық сайыстарға дүниежүзіндегі этникалық қазақтар қатысады.
Кей кездері ойын-сауыққа еркін, ашық та өжет мінезді үлкен кісілер де қатысқан. Сырдария өзенінің орта тұсын жайлап отырған елдің жаңа жылдық ойыны туралы зерттеуші Дж.Х. Кармышева былай деген: «Әңгімешінің қысқа әңгімелеріне қарағанда ертеректе Наурыз мерекесінде ұйымдастырылатын кейбір ойын-сауықтар арнайы бөлек жерде өткен. Оңашадағы ойынның бір түрі қайын аға мен қайын енені бір-біріне көрінбеу ырымын сақтай отырып, келіндерімен кездестіру мақсатында болған. Ата-ене мен келін бір-бірінен ұялғаннан екі жаққа қашқан кезде, олардың артынан қайта қуып қауыштыратын болған. Бәлкім, қызық үшін ұйымдастырылған бұл ойын тіршілік жаңадан түлеген кезде некелескен рулардың арасындағы ашық кездесулерге, жалпыға ортақ сауықты бірге мерекелеуге мүмкіндік жасаудан туған шығар. Себебі белгілі бір мерзімге дейін әйелдер мен ер кісілердің кездесуіне рұқсат болмаған жағдайда, топпен некеге отырғызатын ескі заң өз күшіне еніп, ашық түрде көрініс берген екен».
Жалпы халықтың сүйіспеншілігіне айналған қазақтың ұлттық ойындары мен жарыстары қоғамның, отбасының, мерекелердің ажырамас бір бөлігі болып табылады. Ойындар тұрмыс-тіршіліктегі әдет-ғұрып пен қоршаған ортаға байланысты өмір шындығын көркем түрде бейнелейді. Мысалы, ас бәйгесі өсіп келе жатқан ұрпақтың денсаулығына, еңбек және басқа да дағдыларының қалыптасуына әсер етеді.
Өнім түсінігіндегі мереке-мейрам
Айрықша оқиғалармен байланысты халықтық мейрамдардың да қоғамдағы маңызы зор. Шығыс халықтарында көктемде күн мен түннің теңелетін сәті – наурыз айының жиырма бірінен жиырма екісіне қараған күн жыл басы болып саналады. Наурыз мейрамы және ондағы салт-жоралар әуел баста зороастриялық сенімі негізінде қалыптасқан. Барлық Орталық Азия мен алдыңғы Азия халықтары атап өтетін наурыз мерекесін қазақ халқы мейлінше сән-салтанатпен қарсы алады.
Наурыз мерекесі қазақ халқында егіншілікпен ғана емес, сонымен қатар, көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтымен де тығыз байланысты. Өнім түсінігі көктем мерекесінде бірінші кезекте тұрады. Ертеректе өлген тіршілік қайта тіріледі деген сенімге байланысты көктем мезгіліне аса үлкен үмітпен қараған. Оны жыл сайын әртүрлі ойын-сауықтар, дәстүрлі тағамдармен қарсы алып, халықтық мереке деңгейінде ұйымдастырып отырады.
Өнім түсінігі – жалпы құбылыс. Әр халықтың географиялық орналасуына, шаруашылық қызметіне, әлеуметтік деңгейіне қарамастан, әртүрлі пішінде көрініс табады.
Қазақ халқында көктем мерекесінен өзге ірі мейрамдардың бірі – халықтың көшпелі тұрмысында ерекше орын алатын қыстаудан жайлауға және күзеуден қыстауға көшу салты. Көшті қыздар мен бозбалалар бастайды. Басқалары олардың артынан дүние-мүлкін, киіз үйін, жүгін малға теңдеп, тізбектеле ілеседі. Жаңа қоныстанған жерге келгенде түннің бір мезгіліне дейін ойын-сауық ұйымдастырылатын болған.
Ислам діні тараған басқа мемлекеттер сияқты қазақ халқы да жылына екі рет діни мерекені атап өтеді. Олар: ауыз бекіткен соң тойланатын ораза айт пен содан жетпіс күннен кейін құрбандық шалынатын құрбан айт.
Бұл күндері ақшалай немесе басқа да сыйлық түрінде қайыр-садақа беріледі. Отыз күн ораза біткеннен кейін үш күн мейрам – ораза айт басталады. Ораза айт – мейірім мен шапағатқа толы мереке. Мешіттерде ораза-намаз оқылып, кедейлерге зекет үлестіріледі, әр отбасы жеті шелпек пісіріп, оны таныстарына, көршілеріне таратады. Айт күні адамдар «Айт құтты болсын!» айтып, бірін-бірі дәмге шақырады. Ал құрбан айт кезінде құрбандыққа мал шалынады. Құрбан айт мерекесі таңнан басталады. Әуелі таңғы айт намазы оқылады. Бұдан кейін осы күннің басты белгісі – құрбандық шалуға кіріседі. Ислам дінінің шарты бойынша құрбандыққа шалынатын малдың дене-мүшесі сау болуға тиіс. Құрбандыққа шалынатын мал етінің үштен кедей-кепшік, жетім-жесірге таратылады. Үш күнге созылатын құрбан айт мерекесінде мұсылман баласы дастархан жайып, бір-біріне қонаққа барып, үй-үйді аралап айттайды.
Көшпелі мал өсірушілердің Жаңа жылды өнім түсінігімен байланыстырып, дәстүр жалғастығы ретінде атап өтуі әртүрлі салт-дәстүрлердің, жоралғылардың орындалуына алып келді. Әдетте Наурыз мерекесі қыз бен жігіттің арасындағы “көктем мен қысты бейнелейтін” тақырыптағы айтыстан басталып, жұртшылық жаппай қатысатын халықтық ойындармен аяқталған. Бұл күні ер кісілер мен әйелдер арасында әртүрлі жарыстар ұйымдастырылады. Кез келген жарыста әйелдердің жеңісі ыстық ықыласқа бөленген, себебі олардың жеңісі арқылы келер жыл сәтті болады деген сенім қалыптасқан. Осы ретте ертеде басқа халықтар сияқты қазақтарда да әйелден бастау алған тіршілік мол өнімнің нышаны ретінде бағаланған. Бұл деректер Наурыз мерекесінде орындалатын ырымдар мен сенімдердің ескілікке терең тамыр жайғандығын дәлелдей түседі.
Наурыз мейрамы – жалпыхалыққа ортақ мейрам болып табылады. Бұл күні адамның жас ерекшелігі мен әлеуметтік жағдайы есепке алынбайды. Жастар мерекеге, ондағы ұйымдастырылатын ойын-сауыққа белсенді түрде қатыса алады. Қыздар наурыз мерекесінде өздері ұнатқан бозбалаларға арнайы “ұйқыашар” тағамын әзірлейді. Жиналған жастар осы тағамды жеп алғаннан кейін, түні бойы ұйықтамай, таңды әртүрлі ойын-сауықтармен қарсы алады.
Көкпар, күрес, қыз қуу, алтыбақан, арқан тарту сияқты дәстүрлі ұлттық ойындар наурыздың алғашқы күндері өтеді. Жарыстар көбінесе топ-топқа бөлініп ұйымдастырылады. Яғни бір тобы “Жаз мезгілін” бейнелесе, бір тобы
“Қыс мезгілінің” бейнесін жасайды. Қатысушылардың алғашқы тобын жақтаушылар көп болады, себебі олардың жеңісі үлкен табыс әкеледі деген сенім қалыптасқан. Бұл сенім халықтың салт-санасында сақталған өмір мен өлім, жақсы мен жаман, ыстық пен суық секілді мәңгілік дуализм салдарынан пайда болған.
Қазақы күн қайыру мен ауа райы болжамы
Қазақ халқының дәстүрлі күн қайыру тәжірибесі алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Ең көне әрі кең таралған мүшел есебі туралы шығыс түріктердің жазба ескерткіштерінің бірінде “Күлтегін қой жылы он жеті жасында өлді... мешін жылы жетінші айдың жиырма жетісінде бәрін алқадық” делінеді. Көне түріктердегі он екі мүшел жылдың басы бүгінгі күнге дейін жеткен: куску (тышқан жылы), уд (сиыр жылы), барыс, табышқан (қоян жылы), нек (ұлу жылы), жылан, жунд (жылқы жылы), қон (қой жылы), бічін (маймыл-мешін жылы), тақығу (тауық-әтеш жылы), ыт (ит жылы), лағзын (доңыз-қабан жылы). Түрік халықтарының барлығында бұл жүйе ұқсас.
Халқымыз жан-жануармен аталатын жылдардың бір толық айналымын мүшел деп есептейді. Оған ана құрсағындағы тоғыз ай тоғыз күнді бір жас деп қосып, он екі жыл өткенде бала он үш жасқа, яғни, бірінші мүшелге толды делінсе, екі мүшел – жиырма бес күш-қуаттың толысуы, үш мүшел – отыз жеті жан-жақты толысу, төрт-бес мүшел – қырық тоғыз-алпыс бір кемелдену және ары қарай қарттық кезіне дөп келеді.
Дәстүрлі қазақ қоғамында Ай мен жұлдызға негізделген Үркер тоғысы (Үркен күнтізбесі), Қамбар (Арыстан) жұлдызының Аймен тоғысуына негізделген Қамбар тоғысы (Қарт наурыз күнтізбесі), Күн қозғалысына негізделген (отыз күн, он екі ай, 5 тәулік) “Бес қонақ” күтізбесі, Һижра күнтізбесі, григориан күнтізбесінен туындайтын азаматтық айлар секілді күнтізбелер қолданылған.
Тетелес екі тоғыстың аралығы тоғыс айы деп аталады, оның ұзақтығы жиырма сегіз күнге сәйкес келеді. Қамбар жұлдызына қарағанда Үркердің күн белдеуіндегі жолы әлдеқайда ұзақтау әрі ауа райын болжауға, жыл мезгілдерінің қалай өтетінін жорамалдауға қолайлы.
Қамбар тоғызы күз айларында туып, көктем айларында батады, жыл бойы көк жүзінде Аймен бес мәрте тоғысады. Алғашқы тоғыз григориандық есептегі азаматтық ай бойынша қазан айында, Қамбар жұлдызымен Ай өзінің тоғыз жаңасында тоғысады. Сондықтан осы айды тоғыздың айы, онан кейін қарашаның жетінші жаңасында тоғысатындықтан жеті тоғыс, әрі қарай желтоқсан айының бес жаңасында тоғысуын бестің айы, үш жаңасында тоғысуын үштің айы, бір жаңасында тоғысуын бірдің айы деп атайды. Әр тоғысудың арасы, шамамен, жиырма сегіз-жиырма тоғыз күн.
Ежелде шығыста қолданылған бесқонақ күнтізбесі Күн қозғалысына негізделген жыл ұзақтығы отыз күннен тұратын он екі айға және ешбір айға енбейтін ескі жылдың соңы мен келе жатқан жаңа жылдың ортасындағы аралық қосымша күндермен есептейтін жыл санау жүйесі. Бұл жүйе қыпшақ, оғыз тіл тобына енетін түркі халықтарының күнтізбесіне негіз болған. Орта Азияға ислам діні таралған соң астрономия ғылымының дамуы нәтижесінде Бируни, Омар Хайям астрономиялық жылдың ұзақтығын үш жүз алпыс бес күн деп ескере отырып, әрбір төртінші жылды «кібісе жыл» есебінде бір артық күнді қоса есептеді. Ай есебіне енбейтін қосалқы күндерді қазақтар «балақ күн» немесе «қалыс күн» атауы кібісе жылдар есебінің толықтыруына ұқсайды.
Жұлдыз ай. Ай санаудың бұл жүйесі Күннің бір жылдық көрінерлік жолының бойына орналасқан он екі зодиак шоқжұлдызының көмегіне сүйенген. Күн жүйесіндегі планеталар мен Ай да зодиактар арқылы өтеді және олар көптеген халықтарда жануарлардың атымен аталады. Көне түріктерде қозы, уд, ерентуз, кучық, араслан, бұғдай башы, улгу, чадан, йа, оғлақ, көнек, балық аталған зодиак шоқжұлдызының атауы наурыз, көкек, мамыр, отамалы, шілде, саршатамыз, қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан, қаңтар, ақпан деген қазақи ай атауларының ретімен тура келеді. Көктем мезгіліндегі Күн менен түннің теңелу нүктесі Тоқтыға, күзгі теңелуі Мизамға, жазда Шаянға, қыста Ешкімүйізге дөп түседі. Сондай-ақ, қазақта жұлдыз есебі бойынша тоқсан күнге бөлініп, жазтоқсан, күзтоқсан, қыстоқсан, желтоқсан (көктем) фазаларына бөлінген.
Дәстүрлі халықтық тәжірибеде жвл бойында және белгілі уақыт аралығында қайталанатын табиғат заңдылықтары мен ауа райындағы құбылыстарға негізделген болжамдардың атаулары мен реттері фенологиялық күнтізбе – амал есебі күн қайыруымен қатар қолданылған.
Көкек айында қар күрт еріп, жер лайсаңданатын мерзімді “аласапыран”, көкектің орта кезінде найзағай жарқылдап, күн күркіреген кезді оңтүстік өңірде «Қызыр бабаның қамшысы шартылдап, қыс кетті, яғни «Қызыр қамшысы» амалы дейтін болса, маңғыстаулықтар киік жануарының күйектену кезеңіне сәйкес келетіндіктен, «киіктің лақ өргізбесі» деп атайды. Көкектің соңғы күндерінде екі-үш күнге созылатын суық жел соғып, тобылғы жарған амалы келеді, мамыр айының аяғындағы (басқа есеппен Үш тоғыстағы) суық желді «Құралайдың салқыны» деген. Өйткені киік өз құралайларын осы желге қарсы жүргізіп аяқтандыратын болған.
Сағат есебі – қазақ халқы бір тәулік ішіндегі уақыт мерзімін де өзінше өлшеген. Оны елең-алаң, боз таң, таңсәрі, күн шығу, таң ертең, күн арқан бойы көтерілу, түс әлеті, тал түс, түс ауған кез, күн еңкейген мезгіл, күн батар алды, күн батқан кез, екінді, алакеуім, көз байлану, ымырт жабылу, қас қараю, бейуақыт, іңір, қызыл іңір, ақшам, жатар орын, түн, түн ортасы, түн ортасы ауған шақ, жұлдыз сөнген мезгіл сияқты негізгі фазаларға бөлген. Бұларға қосымша жыл маусымы мен жергілікті немесе діни рәсімге, шаруашылыққа қатысты атаулар да қолданылады.
(Суреттер ашық интернет алаңынан)